Редакция таңдауы

Біз зорлық-зомбылыққа қарсымыз!

Жыл сайын 25 қараша мен 10 желтоқсан аралығында «Гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күндік белсенділік» халықаралық акциясы өтеді. Бұл маңызды науқан әйелдерге, балаларға және қоғамның әлсіз топтарына қатысты зорлық-зомбылықты тоқтату үшін жаһандық деңгейде бірігуді көздейді. Акция 25 қараша БҰҰ-ның Әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықты жою күнінде басталып, 10 желтоқсан Адам құқықтары күнінде қорытындыланады.

Қоғамдағы зорлық-зомбылық мәселесіне назар аудару мақсатында қолға алынған бұл науқан оны жою үшін нақты қадамдар жасауға шақырады. Қатыгездік пен әділетсіздікке қарсы әрекет тек заңдар мен билік органдарының емес, әрбір азаматтың жауапкершілігі болуы тиіс.

Қоғамда зорлық-зомбылықтың түрлі сипатын кездестіріп жатамыз: тұрмыстық, физикалық, психологиялық немесе эмоционалдық, сексуалдық, экономикалық немесе қаржылық, цифрлық, кемсіту немесе гендерлік дискриминация, мәдени және әлеуметтік зорлық зомбылық. Оның ішінде тұрмыстық зорлық-зомбылық өте жиі кездеседі. Сондай-ақ, әйелдер, балалар мен қарттар, әлеуметтік осал топтағы азаматтар көбіне зорлық-зомбылық құрбанына айналып жатады.
Зорлық-зомбылықтың бұл түрлері қоғамның көптеген салаларына әсер етеді және әртүрлі әлеуметтік топтарға, әсіресе осал санаттарға ерекше қауіп төндіреді. Мұндай мәселелерді шешу үшін жан-жақты тәсіл қажет:

Біріншіден, заңдарды жетілдіру және олардың орындалуын қадағалау арқылы құрбандарды қорғау маңызды;
— Екіншіден, зорлық-зомбылық құрбандарына адвокаттық қызметтер мен психологиялық көмек көрсету үшін арнайы орталықтар мен сенім телефондарын ұйымдастыру;
— Үшіншіден, зорлық-зомбылықтың салдарын түсіндіретін ақпараттық науқандар өткізу, сондай-ақ қоғамның зорлық-зомбылыққа қарсы иммунитет қалыптастыру;
— Төртіншіден, отбасылар мен қауымдастықтарға арналған тренингтер, конфликтілерді бейбіт жолмен шешуге үйрету, агрессияны басқару бойынша курстар;
— Бесіншіден, мектептерде оқушыларға ерте жастан құқықтық сауактыцн ашып, зорлық-зомбылықсыз қарым-қатынас негіздерін үйрету керек. Осы шаралар кешенді түрде іске асырылғанда ғана зорлық-зомбылықтың азаюына ықпал етіп, құрбандарға тиімді көмек көрсете аламыз.

Шымкентте зорлық-зомбылық, қоқан-лоққы, зорлық-зомбылық әрекеттері орын алған жағдайда қайда жүгінуге болады?
1.Полиция қызметі – ¬102;
2. Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының «N3 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы» КММ. Байланыс телефондары: 8 775 435 15 18; 8 (7525) 45 03 03; 8 775 450 54 33. Мекен-жайы: Шымкент қ., Байтұлы баба к-сі, 6/1 ғимарат
3. «Сана сезім» әйелдер бастамаларының құқықтық орталығы» қоғамдық ұйымы.

Байланыс телефондары: 8 708 4789663; 8 (7252) 551 200. Шымкент қаласы, Қасқабұлақ к-сі, 19 ғимарат

Зорлық-зомбылыққа қарсы күрес – тек ресми органдардың ғана емес, бүтін қоғамның күшімен жүзеге асатын процесс. Егер әрбіріміз бұл мәселеге бей-жай қарамай, өз үлесімізді қосатын болсақ, зорлық-зомбылықты азайтуға ықпал ете аламыз. Ал, бұл науқан – қоғамды оң өзгерістерге шақыру құралы.

Л.КӨПТІЛЕУОВА,
ШЖҚ №6 қалалық емхананың МКК әлеуметтік қызметкері

Соңғы жаңалықтар