Ана мен бала өмірін сақтау ісіне арнаған 35 жыл… Иә, бүкіл саналы ғұмырын медицина саласына арнаған дәрігер, Шымкент қалалық перинаталдық орталықтың бас дәрігері Гүлбану Сыздықбекова осыншама уақытын аналардың аман қалып, дені сау сәбидің туылуына арнап келеді.
Еңбекқорлығымен көпке сыйлы болған маман бүгінде ғылыми ізденісін жалғастырып, медицинаның озық тәжірибелерін әріптестеріне үйретуде. Гүлбану
Сыздықбекованың күнделікті 12-14 сағаты ауруханада өтеді. Ем-домның науқастарға қалай әсер етіп жатқанын, нәтижесін бақылайды. Арасында бірнеше операцияға да қатысады. Жас аналарға көмек көрсетіп, олардың жеңіл босануына септігін тигізеді.
Бұл орталықта жылына
8 мыңнан 10 мыңға дейін ана босанады. Олардың басым бөлігі дені сау сәбиді дүниеге әкеледі. Жалпы, өткен жылдармен салыстырғанда орталықта ана мен бала өлімі
3 есеге азайған. «Бұған себеп, қызметкерлердің біліктілігі мен соңғы үлгідегі техникалардың көмегі» дейді бас дәрігер.
Көрсетілген медициналық қызметтердің сапасы мен мемлекеттік стандарттарға сәйкес болуынан, бала туу саны соңғы жылдары өсіп, ана мен бала өлімі азайған. Гүлбану Жұмағалиқызы жұмыс барысында отбасылық құндылықтар мен ана бақытын да насихаттауды әдетке айналдырған. Сондай-ақ, түсік жасаудың алдын алу бойынша ақпараттық-профилактикалық жұмыстарды да жүргізеді. Пациенттермен қарым-қатынас жасаудың тамаша дағдыларын өз ұжымына енгізген.
Гүлбану Сыздыкбекова жұмыстағы жоғары жетістіктері үшін, 2016 жылы «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төс белгісімен, 2020 жылы «Өңірдің дамуына қосқан үлесі үшін» медалімен және Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған мерейтойлық медальмен марапатталған.
Г.ТЕМІРХАНҚЫЗЫ