Бүгінде бала денсаулығын қорғау – денсаулық сақтау саласының басты басымдықтарының бірі. Әсіресе, жаңа туған сәбилердің иммундық жүйесін қалыптастыру, түрлі жұқпалы аурулардың алдын алу мақсатында жүргізілетін вакцинацияның рөлі зор. Уақтылы және сапалы медициналық күтім – сәбидің болашағының кепілі.
Осы тақырып төңірегінде біз Шымкент қалалық №11 емхана бас дәрігерінің ана мен бала денсаулығын қорғау жөніндегі орынбасары Қанымгүл ӘЛЖАНОВАМЕН сұхбаттасқан едік.
– Жаңа туған нәрестеге не үшін вакцина салынады және ол сәби иммунитетіне қалай әсер етеді?
– Жаңа туған нәрестенің иммундық жүйесі ересектердікіне қарағанда әлсіз, толық қалыптаспаған болады. Сәби анасының құрсағында жатқанда, анасының ағзасы арқылы қорғаныш антиденелері келеді. Бұл – табиғи «қалқан» сияқты, алғашқы айларда баланы көптеген аурулардан қорғайды. Бірақ бұл қорғаныс ұзаққа бармайды – шамамен бірнеше айдан кейін азайып, мүлде жойылады. Сондықтан алғашқы күндерден бастап вакцинация жүргізу – нәрестені аса қауіпті жұқпалы аурулардан қорғаудың ең сенімді жолы. Уақытында жасалмаған вакцинация баланы қорғанышсыз қалдырады. Мысалы, гепатит В вирусы немесе туберкулез қоздырғышы жаңа туған сәбиге өте тез әсер етіп, ауыр асқынулар тудыруы мүмкін. Кешіктірілген әр күн – жұқтыру қаупін арттырады. Кей ата-аналар «балам әлі кішкентай, күтейік» деп шешеді. Бірақ бұл дұрыс емес. Дәл осы алғашқы кезеңде бала әлсіз болады, ал вакцинация – оның ауруға қарсы қалқаны. Егер екпе ұзақ уақытқа кешіктірілсе, тек қана ауру жұқтыру қаупі емес, кейінгі вакцина кестесі де бұзылады. Бұл ағзада тұрақты иммунитеттің қалыптасуына кедергі келтіреді. Сондықтан дәрігерлер алғашқы күннен бастап екпе күнтізбесін қатаң сақтауды ұсынады.
– Жаңа туған балаларға арналған вакциналардың түрлері қандай және олардың әрқайсысының маңызы неде?
– Қазақстанда жаңа туған нәрестелерге өмірдің алғашқы күндерінен бастап бірнеше маңызды вакцина салынады. Біріншісі – гепатит В-ға қарсы вакцина. Бұл екпе бала бауырын қауіпті вирустық инфекциядан қорғайды. Гепатит В созылмалы түрге ауысып, цирроз немесе бауыр обырына әкелуі мүмкін. Екіншісі – БЦЖ вакцинасы. Ол туберкулездің ауыр түрлерінен сақтайды. Қазақстан туберкулез бойынша қауіп төнетін елдердің қатарында болғандықтан, бұл екпенің мәні ерекше. Үшіншісі – полиомиелитке қарсы вакцина. Бұл қауіпті вирус жүйке жүйесіне зақым келтіріп, өмір бойы сал болып қалу қаупін тудырады. Вакцинация – жалғыз сенімді қорғаныс жолы. Сонымен қатар, алғашқы айларда көкжөтел, дифтерия, сіреспе, Хиб-инфекция сияқты ауруларға қарсы кешенді екпелер жүргізіледі. Олардың әрқайсысы баланың өмірін сақтап қалуға бағытталған.
– Жаңа туған нәрестелердің иммундық жүйесінің ерекшеліктерін ескере отырып, вакцинация әдістерін қалай оңтайландыруға болады?
– Жаңа туған нәрестенің иммундық жүйесі өмірге келген сәттен бастап дамып, жетіледі. Бұл кезеңде ағза сыртқы ортадағы бактериялар мен вирустарға алғаш рет тап болады. Иммундық жүйенің толық қалыптасуы үшін бірнеше жыл қажет, сондықтан алғашқы айларда жасалатын вакцинацияның орны ерекше. Вакцинацияны оңтайландыру үшін ең алдымен ұлттық екпе күнтізбесін қатаң сақтау қажет. Кестеден ауытқу екпелер арасындағы аралықты бұзу қорғаныс деңгейін төмендетеді. Сонымен қатар, екпе сапасы мен сақтау шарттары да аса маңызды. Вакциналар белгілі бір температурада сақталуы тиіс, әйтпесе олардың тиімділігі төмендейді. Бала екпе алар алдында міндетті түрде тексеріледі, дене қызуы мен жалпы жағдайы бағаланады. Кейде ата-аналар баланы жеңіл тұмау кезінде екпеден бас тартып жатады. Мұндай сәттерді дәрігермен бірге шешу керек. Тағы бір маңызды мәселе – ата-аналардың ақпараттануы. Кей отбасылар жалған ақпаратқа сеніп, екпеден мүлде бас тартады. Бұл баланың бүгіні мен еретңгі болашағына қауіп төндіреді. Сондықтан вакцинацияны оңтайландыру тек медициналық емес, ақпараттық қолдау арқылы да жүзеге асады.
– Бала денсаулығын кешенді қорғау үшін тамақтану, ұйқы, физикалық белсенділік пен психологиялық жағдайдың арасындағы өзара байланыс қалай көрінеді?
– Баланың денсаулығын сақтау тек медициналық шаралармен шектелмейді. Тамақтану, ұйқы, қозғалыс және психологиялық жайлылық – бір-бірімен тығыз байланысты факторлар. Бірінің бұзылуы екіншісіне әсер етеді. Ең алдымен, тамақтанудан бастайық. Ана сүті – жаңа туған сәбидің ең құнды тағамы. Онда баланың өсуі мен иммундық жүйесінің қалыптасуы үшін қажетті барлық қоректік заттар бар. Ана сүті баланы тек тамақтандырып қана қоймай, түрлі инфекцияларға қарсы табиғи қорғаныс береді. Емізу процесінің психологиялық маңызы да зор – бұл ана мен бала арасындағы байланысты күшейтеді, баланың өзін қауіпсіз сезінуіне ықпал етеді. Ұйқы да – денсаулықтың негізгі тіректерінің бірі. Жаңа туған бала тәулігіне 16–18 сағатқа дейін ұйықтайды. Бұл оның жүйке жүйесі мен миының дамуы үшін қажет. Ұйқысы дұрыс болмаған балада иммунитет әлсіреп, ашушаңдық пен мазасыздық пайда болады. Физикалық белсенділік нәрестеде арнайы жаттығулар мен массаж арқылы жүзеге асады. Бұл қан айналымын жақсартып, сүйек пен бұлшықет жүйесінің дұрыс дамуына көмектеседі. Ал психологиялық жайлылық – отбасы ішіндегі жылы қарым-қатынас пен эмоционалдық тұрақтылық арқылы қалыптасады.
– Баланың дұрыс өсуі мен дамуы үшін қоршаған ортаның сапасы мен экологияның рөлі қандай?
– Қоршаған ортаның сапасы – баланың денсаулығына тікелей әсер ететін негізгі факторлардың бірі. Жаңа туған сәбилердің ағзасы әлі толық жетілмегендіктен, олар ауадағы ластаушы заттарға, тұрмыстық химия қалдықтарына, тіпті үй ішіндегі шаң мен иістерге де өте сезімтал. Ластанған ауа тыныс жолдарының ауруларын жиілетеді, иммундық жүйені әлсіретеді. Мысалы, ірі қалалардағы көлік түтіні мен өндіріс қалдықтары балада аллергиялық реакцияларды, астма белгілерін немесе бронхиттің созылмалы түрін тудыруы мүмкін. Су мен тағам сапасы да аса маңызды. Сондықтан отбасылар ауыз суды сүзгіден өткізіп пайдалануы керек. Сондай-ақ, қазақтың дәстүрінде бесікке бөлеудің де қоршаған ортаға бейімдеуде маңызы бар. Бесік балаға жайлы орта қалыптастырады, арқа омыртқасының дұрыс дамуына, тыныш ұйықтауына және гигиенаның сақталуына ықпал етеді. Дегенмен, бесікті дұрыс қолдану, таза ұстау және заманауи гигиеналық талаптарды ескеру маңызды.
– Қазіргі заманғы технологиялар мен гаджеттердің балалардың физикалық және психикалық денсаулығына әсері қандай?
– Соңғы жылдары тіпті ең кішкентай балалардың өміріне де смартфон, планшет сияқты гаджеттер ерте еніп жатыр. Бұл құбылыстың оң және теріс жақтары бар. Бір жағынан, сапалы мультимедиялық контент баланың танымын дамытуға көмектесуі мүмкін. Дегенмен, ерте жастан экран алдында көп уақыт өткізу – көру қабілетіне, жүйке жүйесіне және ұйқы сапасына кері әсер етеді. Психологиялық тұрғыда да қауіп бар. Баланың ойыны мен дамуы нақты адамдармен қарым-қатынас арқылы жүруі тиіс. Экранға тәуелділік эмоционалдық дамуды тежеп, әлеуметтік дағдылардың қалыптасуын баяулатуы мүмкін. Сондықтан дәрігер ретінде 2 жасқа дейін экран алдында баланың мүлде болмауын, ал одан кейінгі кезеңде қатаң шектеуді ұсынамын.
– Балалардың иммундық жүйесін нығайту үшін қандай профилактикалық шаралар тиімді және оларды қалай дұрыс қолдану керек?
– Иммунитетті күшейту – тек дәрі-дәрмекпен шектелмейді. Ең бастысы – дұрыс өмір салты. Біріншіден, емізу кезеңінде ана сүті баланың негізгі қорғанысы болып табылады. Ана сүтінде иммуноглобулиндер, ферменттер мен антиденелер бар, олар баланы инфекциялардан қорғайды. Екіншіден, таза ауада серуендеу – тыныс алу жүйесін нығайтып, зат алмасуды жақсартады. Күн сәулесі ағзада D дәруменінің түзілуіне көмектеседі, бұл сүйек пен иммундық жүйе үшін маңызды. Үшіншіден, профилактикалық вакцинацияны уақтылы алу – иммунитетті ұзақ мерзімді қорғаудың ең сенімді жолы. Әсіресе тұмау, қызылша, көкжөтел сияқты маусымдық және жұқпалы ауруларға қарсы екпелерді елемеу – қауіпті шешім. Сонымен қатар, дәстүрлі халық емдері әрдайым тиімді бола бермейді. Кей ата-аналар шөп қайнатпалары мен түрлі үйдегі емдерді қолданғанды жөн көреді. Бірақ мұндай әдістер кейде аллергия немесе асқыну тудыруы мүмкін, сондықтан кез келген профилактиканы дәрігердің кеңесімен жүргізу керек. Мысалы, кей ата-аналар бала ауырғанда қойдың майымен кеудесін, тамағын немесе денесін майлауды жөн көреді. Бұл әдіс ғылыми тұрғыда дәлелденбеген, тіпті кей жағдайда қауіпті. Қойдың майы ауа өткізбейтін қабат түзеді, терінің тыныстауына кедергі келтіреді, ал жылы ортада бактериялар мен вирустар тез көбейеді. Сонымен қатар, сәбилерде бұл әдіс аллергиялық реакциялар мен тері тітіркенуін тудыруы мүмкін. Ең қауіптісі – майды тамаққа немесе мұрынға тамызу, ол баланың тыныс алу жолдарын бітеп, тұншығуға әкелуі ықтимал. Сондықтан иммунитетті нығайтуда халық емін қолданбас бұрын, міндетті түрде дәрігермен кеңескен жөн. Заманауи медицинада балалардың ағзасына қауіпсіз әрі тиімді әдістер жеткілікті, сондықтан дәлелсіз халықтық емдерге сүйену дұрыс емес.
– Папиллома вирусына қарсы екпені біздің қоғам қалай қабылдап жатыр? Бұл вакцинаны егу қаншалықты тиімді?
– Адам папиллома вирусына (АПВ) қарсы вакцина – онкологиялық аурулардың алдын алудағы маңызды қадам. Әсіресе жатыр мойны обырының басты себебі дәл осы вирус екені ғылыми түрде дәлелденген. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректеріне сәйкес, АПВ-ға қарсы вакцинация жүргізілген елдерде жатыр мойны қатерлі ісігі жағдайлары айтарлықтай азайған. Біздің қоғамда бұл екпе туралы ақпарат әлі де жеткіліксіз. Кей ата-аналар екпенің мақсаты мен тиімділігін дұрыс түсінбегендіктен, күмәнмен қарайды. Мұнда ақпараттық-ағарту жұмыстарының маңызы зор. Вакцина жыныстық қатынас басталмай тұрып, әдетте 9–14 жас аралығында егілгенде ең тиімді қорғаныс қалыптасады. АПВ екпесі тек қыз балаларға ғана емес, ұл балаларға да ұсынылады, өйткені вирус ер адамдарда да қатерлі ісік пен басқа да ауруларды тудыруы мүмкін. Бұл екпенің қауіпсіздігі халықаралық зерттеулермен дәлелденген, жанама әсерлері өте сирек және жеңіл түрде өтеді. Сондықтан ата-аналарға тек сенімді медициналық дереккөздерге сүйеніп, балаларының болашағын қорғау үшін вакцинациядан бас тартпауға кеңес беремін.
– Ана мен бала денсаулығы бағытындағы халықаралық ұйымдармен бірлескен жобалар бар ма, болса, олардың нәтижесі қандай?
– Иә, біздің бөлім халықаралық ұйымдармен және үкіметтік емес құрылымдармен бірлесе отырып бірнеше жобаны жүзеге асырып келеді. Мысалы, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымымен бірлесіп, перинаталдық көмек сапасын арттыру бойынша оқыту бағдарламалары өткізілді. Бұл жоба аясында медициналық қызметкерлер халықаралық стандарттарға сәйкес дайындықтан өтті. Біріккен Ұлттар Ұйымының Балалар қоры (ЮНИСЕФ) қолдауымен жүктілікті қауіпсіз жүргізу, жаңа туған нәрестелердің күтімі, вакцинацияны уақтылы алу бойынша бірлескен семинарлар мен тренингтер ұйымдастырып тұрады. Мұндай жобалар тек медициналық қызмет сапасын ғана емес, ата-аналардың сауаттылығын да арттыруға үлкен үлес қосып отыр.
– Туу көрсеткіштерінің динамикасы мен олардың өзгеруіне әсер ететін әлеуметтік факторлар қандай?
– Соңғы жылдардағы статистикаға көз жүгіртсек, Шымкент қаласы республика бойынша туу көрсеткіші жоғары аймақтардың бірі болып келеді. Дегенмен, өткен жылмен салыстырғанда 2025 жылы бұл көрсеткіштің аздап төмендегені байқалады. Мұның бірнеше себебі бар. Ең бастысы – кейінгі жылдары жастар арасында отбасын құруға және бала сүйюге деген көзқарас өзгеріп келеді. Жас жұптар саналы түрде ата-ана болуға дайындыққа көбірек көңіл бөледі. Материалдық және психологиялық тұрғыдан тұрақтылықты бірінші орынға қояды. Туу көрсеткішінің динамикасына әлеуметтік-экономикалық жағдай да әсер етеді. Тұрақты табыс, тұрғын үй мәселесінің шешілуі және еңбекпен қамтылу деңгейі – бала жоспарлаудағы негізгі факторлар. Сонымен қатар, урбанизация процесі, өмір сүру ырғағының жылдамдауы, әйелдердің мансап пен білім алуға ұмтылысы да бала туу қарқынына ықпал етуде. Білім деңгейінің өсуі мен медициналық қызметтің сапасы да демографиялық үрдістерге әсер етеді. Қазіргі таңда ата-аналар жүктілік пен бала тәрбиесін алдын ала жоспарлап, сапалы медициналық бақылаудан өтуді, балаға қолайлы орта қалыптастыруды мақсат етеді. Мұның бәрі туу көрсеткішін біршама төмендеткенімен, дүниеге келетін балалардың денсаулығы мен ата-аналардың оларды тәрбиелеуге дайындығы жоғары деңгейде болуына жағдай жасап отыр.
– Әңгімеңіз үшін рақмет!
Сұхбаттасқан
Гүлжауһар БАЖАҚАЙ