Редакция таңдауы

Тағы да бір елді мекен табиғи газға қосылды

«QazaqGaz» ұлттық компаниясының еншілес кәсіпорыны «QazaqGaz Aimaq» АҚ Шымкент қаласының Бозарық-3 шағынауданын табиғи газға қосты. Ондағы 700 үйдің тұрғыны енді от жағып, күл шығару машақатынан құтылады.

«Көгілдір отынға» қосылу шарасына Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков, «QazaqGaz Aimaq» АҚ Бас директоры Бауыржан Асқаров және филиал мамандары мен жергілікті тұрғындар қатысты.
— Бүгінде Шымкент қаласында газ өткізу деңгейі осы жылы газға қосылған Қайнарбұлак, Бозарық және Қаратөбе ықшам аудандарын қосқанда 96 пайызды құрап отыр. Қала бойынша тұтынушылар жалпы саны 246 360-қа жетті. Бозарық ықшам ауданын газдандыру – бұл қалалықтар өмірін жақсартуға бағытталған тағы бір қадам. Табиғи газға қосылу тұрғындарды пеш жағып, отын тасу қажеттіліктерінен босатып, қоршаған ортаны экологиялық жағынан таза ұстауды әрі жайлы өмір сүруді қамтамасыз етеді, – деп атап өтті «QazaqGaz Aimaq» АҚ Бас директоры Бауыржан Асқаров.
Жергілікті тұрғындардың барлығы газ қондырғыларын орнатуға дайын. Қаншама жылдар бойы көмір жағып, құдықтан су тасыған тұрғындар уақыт өте келе ықшам аудандардың гүлдене түсетініне сенімді. Жақында ғана балалар ойын алаңшасы ашылыпты. Ендігі мәселе, көшелердегі жарық және жол төсеу жұмыстары дейді тұрғындар.
Қала әкімі Ғ.Сыздықбеков бұл мәселердің барлығы аудан жоспарына сәйкес кезең-кезеңімен орындалатынын айтты.
Бозарық-3 ықшам ауданына келген табиғи газды алғашқылардың бірі болып, жалғыз басты ана Ботагөз Ибрагимова үйіне орнатқан. Әкімдік тарапынан қолдау көргенін және көгілдір отын орнату жұмысын «QazaqGaz Aimaq» қызметкерлерінің атсалысуымен толықтай бітті дейді тұрғын.
̶ Біз осы тұрмыстық газға алғаш боп қосылғандар қатарындамыз. Газды ұзақ күткеніміз рас. Енді, үй жылыту мен тамақ пісіру жеңіл болмақ. Осындай игілікке жеткізген жандарға алғысымыз шексіз – дейді Б. Ибрагимова.
Жалпы, Бозарық-3 ықшам ауданын газдандыру ісі – Шымкент қаласын газбен қамту жөніндегі көлемді бағдарламаның бір бөлігі ғана. 2024 жылы Қайнарбұлақ-1, Қайнарбұлақ-2, Қаратөбе тұрғын алаптары мен Бозарық ықшам ауданына көгілдір отын берілді. Сонымен қатар, 2024 жылдың соңына дейін шаһардағы Қайнарбұлақ -2, Қайтпас-1, Ынтымақ, Тассай, Еламан ықшам аудандарын газға қосу жұмыстары аяқталмақшы. Нәтижесінде Шымкент қаласын газдандыру деңгейі жыл соңына қарай 97,4 пайызды құрайды. Яғни, қала тұрғындарының жайлы, экологиялық қауіпсіз әрі сапалы өмір сүруі үшін мүмкіндіктер арта бермек,-дейді «QazaqGaz Aimaq» АҚ Шымкент қаласы филиалының төрағасы Ермек Қалдығұлов.
«QazaqGaz Aimaq» АҚ мамандары жылыту маусымы барысында тұрғындарды тағы да тұрмыстық газды қауіпсіз пайдалануға шақырды.
Үйдегі түтін мұржалары мен желдеткіштерді уақытылы тексеру мен тазалаудан өткізіп тұру, табиғи және улы газ ауаға таралған жағдайда автоматты түрде белгі беретін дабылқаққыштарды орнату – қауіпсіздік кепілі екенін еске салды. Осы қарапайым ережелер табиғи газдың игілігін ғана көріп қоймай, қайғылы жағдайлардың да алдын алуға көмектесетінін естен шығармау қажет.

Гүлжауһар БАЖАҚАЙ

Соңғы жаңалықтар