
Шымкент қалалық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының мәліметіне сүйенсек, мегаполисте биыл кәсіпкерлікті қолдауға бюджеттен 20 млрд теңге қаржы бөлінген. Инвестициялық жобаларды іске асыру үшін мемлекет тарапынан түрлі преференциялар ұсынылуда. Соның арқасында 2025 жылы жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілер саны өткен жылмен салыстырғанда 6,5 пайызға артқан. Жалпы, Шымкентте шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау бағдарламалары тиімділігін көрсетіп отыр. Мұндай бағдарламаларға кәсібін бастауға бет бұрған азаматтар жиі жүгінеді.
Сондай-ақ, елімізде шағын және орта кәсіпкерлікті қаржылай қолдау мақсатында бірнеше бағдарлама жүзеге асырылып жатыр. Одан бөлек жыл сайын «Қазақстанның үздік тауары» байқауы өткізіледі. Бұл байқау кәсібін енді бастаған кәсіпкерлер үшін таптырмас мүмкіндік. Мемлекеттік қолдау тек ақшалай болмауы тиіс, үздік деп танылған өнім атағына ие болу ең үлкен мәртебе және қолдау деп білетін шымкенттік жас кәсіпкер Ұлжалғас Жақыпбекқызы ауылшаруашылығы өнімдерін кең көлемде насихаттап жүр. Ол «Қазақстанның үздік тауары» номинациясына 2 рет ие болған. Ал, ауыл шаруашылығына қосқан үлесі үшін Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігінің алғыс хатымен марапатталған.
Бүгінде «UUT» (Ұлбосын ұлттық тағамдары) брендтін қалыптастырып, командасымен бірлесіп айына 80 тонна құрт жасайды. Кәсібінен несібе көріп отырған Ұлболсынның бүгінгі бренді трендтен түскен емес. Ол ұлттық дәмді жаңаша түрге және дәмін келтіре жасауда.
– Ұлбосын Жақыпбекқызы, сүт өнімдері өндірісіне келуіңізге не түрткі болды?
– Мен шағын Жаңатас қаласында өстім. Сол қалада мектеп бітіріп, әрбір көшесін жатқа білетінмін. 22 жасымда өмірімнің бағытын өзгертуге шешім қабылдадым. Өйткені, мамандығым бойынша айлығым бар болғаны жиырма жеті мың теңге еді. Киім алуға да, жақсы тамақтануға да жетпейтін. Кейде айлық уақытылы түспей, қатты қиналатын кездер болды. Осындай сәттерде «егер әрекет етпесем, өмірім өзгермейді» деген ой келді. Мен көліктерді өте қатты жақсы көремін. Бір көлігім болса деп армандайтынмын. Сол арман мені кәсіпке жетеледі. Қаламызда не жоқ, не сатылады, не өтеді деп зерттей бастадым. Сөйтсем, ұлттық тағамдар дүкені мүлде жоқ екен. Бірнеше несие алып, ұлттық тағамдар сататын шағын дүкен аштым. Бірақ тәжірибе аз болды. Алты айдан соң дүкенім жабылды. Сол сәт өмірімнің ең ауыр, бірақ ең құнды сабағы еді. Өйткені мен соның арқасында кәсіптің шын мәніндегі жауапкершілігін түсіндім. Дүкен жабылғаннан кейін үстелдің үстінде қатып қалған 5 келі құрт қалды. Сол құрт менің жаңа өмірімнің бастауы боларын білмеппін. Бірде әлеуметтік желіге жарнама ретінде сала салдым. Алғашқы тұтынушым Семей қаласынан болды. Сол 5 келі құртқа тапсырыс беріп, оны поштамен қуана жүріп салып жібердім. Дәл осылай кәсібіме қызыққандар саны арта түсті.
«Айына 30 тонна құрт жасаймын…»
– Сол бес келі құрт сіздің өміріңізді түбегейлі өзгертті ғой?
– Иә, дәл солай. Сол құртты қаптап, әлеуметтік желі арқылы сата бастадым. Алғашында 10 мың, кейін 20 мың теңге таптым. Ал, айына 27 мың теңге айлық алатын қыз үшін бұл өте үлкен табыс еді. Сол кезде ерекше қуаныш пен сенім пайда болды. Сол құрттан басталған кәсібімнің арқасында мен 14 несиемді жаптым, екі пәтер, төрт көлік алдым, бүгінде Шымкентте 10-15 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отырмын. Ай сайынғы айналымымыз шамамен 10 миллион теңге. Кейде өткен өміріме қарасам, көзіме еріксіз жас келеді. Бірақ ол — өкініш емес, шүкірлік жасы. Әр табысымның артында үлкен еңбек, ұйқысыз түн, төзім мен тәуекел жатыр.

Қазір жеті түрлі өнім шығарамыз. Ең бастысы — табиғилықты, ұлттық дәмді сақтаймын. Біз сүт өнімдерінің дәмі мен дәстүрін сақтау үшін қоспасыз, таза әдісті қолданамыз. Құрт, сары май, ірімшік, сүзбе, қаймақ – бәрі де табиғи жолмен дайындалады. Сондай-ақ бұрын-соңды ешқандай жерде жасалмаған «Байқадам» құртын жасаймын. Ол апамның мәзірі бойынша дайындалады. Өзге ұлт өкілдерін қызықтыру мақсатында түрлі пішіндерді қолданамын, кей тұтынушыларым қышқыл болғанын қалайды олар үшін ащы бұрыш қосып, дәмін сақтай отырып жасаймын. Райхан қосып та, әрі пайдалы әрі исін ерекше етіп дайындауға болады. Ал, өнімнің сапасы – мен үшін басты талап. Себебі халқымыз сүт өнімдерін ерекше қастерлеген. Ақты төкпе, ысырап қылма деп ақ әжемнен естіп өстім. Сондықтан, қанша түрлі дәм қоссам да, заманға сай жасасам да ұлттық дәмді сақтауға тырысамын. Сол дәм жоғалмауы керек. Сондықтан өзім әр құрылғының, ыдыстың сапасын өзім тексеремін. Құртты ауа өткізбейтін құрылғымен орап, ұзақ сақтауға болады. Яғни, қазіргі вакумдау әдісі. Бұл – дәстүр мен технологияның үйлесімі деп білемін.
– Сүт өнімдерін өндіруде шикізатты қайдан аласыз?
– Біздің сүттің барлығы ауылдағы аналар мен апалардан келеді. Яғни, жақын маңдағы ауыл тұрғындары бізге шикізат жеткізеді. Бұл – екі жаққа да тиімді. Бір жағынан, ауыл адамдары тұрақты табыс табады, екінші жағынан, біз табиғи таза өнім аламыз. Мен үшін ауылмен байланыс маңызды. Сүзбені, айран, сүтті, қаймақтардың түрлерін, ірімшікті, тотра майын және күйдірілген майды да ауылдан алдырамыз.
– Әйел адамға дәл осындай кәсіпті алып жүру қаншалықты қиын? Кейде ауыл мен қала арасында жүріп шаршайтын кезіңіз болатын шығар? Әйел үшін кәсіп бастаудың ең қиын тұсы неде деп ойлайсыз?
– Әйел кәсіпкер болу – екі есе жауапкершілік. Ер адам үшін еңбек – міндет болса, әйел үшін ол – сынақ. Басында бәрін өзім істедім: сүт сауып, қайнатып, құрт жасап, таң атқанша орап отыратынмын. Кейде қазанның қасында отырып ұйықтап қалатынмын. Бірақ соның бәрі – бүгінгі жетістікке жол салған еңбек. Әйел кәсіпкерге қоғамда әлі де сын көп. «Бола ма, жас қыз ғой», «құртпен не істемек?» деген сөздер көп естідім. Бірақ менің ұстанымым біреу: кәсіп – ол хобби емес, ол өмірлік сенің наның. Кәсіп – адамды тәрбиелейді, сабырды үйретеді, еңбекке бас идіріп, Алланың берген мүмкіндігін дұрыс пайдалануға жол ашады.
Тек ісің емес, ойың да жүйелі болуы тиіс
– Кәсіпті дамыту бар, оны жетілдіру бар. Кейде кәсіп үшін өзімізді ұмытып кетеміз. Осы жерде тепе-теңдікті қалай ұстайсыз?
– Негізі кәсіп — адамның өмірін жұтып қоятын дүние. Әсіресе әйел адам үшін. Көп адам сырттай «жұмысы жүріп тұр ғой» деп ойлайды, бірақ оның артында ұйқысыз түн, уайым, жауапкершілік, кейде көз жасы бар. Бір кезең болды — бар уақытым өндірісте өтті. Таңнан түнге дейін сүт қабылдау, өңдеу, кептіру, тапсырыс, жеткізу… Үйге жеткенше есімнен танатынмын. Сол кезде түсіндім егер өзімді ұмытып кетсем, кәсібім де әлсірейді екен. Содан бастап бәрін жүйеледім. Күн сайын өзіме бір сағат тыныштықта отыруға мүмкіндік беремін ойлануға, жазуға, жоспарлауға. Себебі кәсіп тек еңбекпен емес, жүйелі оймен де жүзеге асады. Бүгінде жұмысым жүйелі. Айлық айналымым 10 миллион теңге шамасында. Бірақ мен бұрынғыдай асықпаймын. Себебі мен енді табыс қуған адам емеспін, жүйе құрған адаммын. Тепе-теңдік деген — өзіңді ұмытпау. Кәсіп – сенің бөлігің ғана, бірақ барлығы емес. Егер адам кәсібі үшін өмір сүрсе, бір күні шаршайды. Ал егер ол кәсібін өз өмірінің бір мағынасына айналдырса, ол мәңгі жүреді.
– Өнімдеріңіз әлеуметтік желіде кең таралған. Өнер адамдары да сіздің тұрақты клиенттеріңіз. Әр кәсіпкердің жеке брендті дамытудағы өз фишкасы болады ғой. Сізде ол не нәрсе? Ерекшелік неде?
– Мен үшін «бренд» деген – тек атау, логотип немесе жарнама емес. Ол ең алдымен сенің еңбегіңнің айнасы. Көп адам бизнес бастайды, бірақ барлығы бренд қалыптастыра алмайды. Менің басқа кәсіпкерден ерекшелігім – тазалық пен тұрақтылық. Өнімімде де, ниетімде де тазалық бар. Әлеуметтік желіде мен өзімнің жұмыс процесімді жасырып, безендіріп көрсетпеймін. Себебі шынайылықты ұнатамын. Адамдар қазір жалған жылтырақтан шаршады. Сондықтан да менің парақшамда фильтрден өткен өмір жоқ. Сол үшін шығар, өнер адамдары мен блогерлер де менің өнімімді іздеп тұрады. Жеке брендті дамытуда мен ешқашан жарнама агенттігіне жүгінген емеспін. Маған ең тиімді жарнама – тұтынушының ризашылығы. Бір адам дәм татып, ұнатса, екіншісіне айтып береді. Сол сеніммен мен бүгін шетелде де сұранысқа ие. Кәсіпкер ретінде мен ешқашан «шаршадым» деп айтпаймын. Тек сәл тынығып алып, қайта жалғастырамын. Бұл кәсіп маған тек табыс емес, өмірдің мәнін түсіндірді. Мен қазір өз еңбегіммен 14 несиемді жаптым, бірнеше адамға жұмыс беріп отырмын, ал бұл – мен үшін байлықтан да артық жетістік. Менің өмірлік ұраным – «Адам өз еңбегімен еліне пайда әкелсе – ең үлкен марапат сол!»
– Болашаққа жоспарыңыз қандай?
– Менің арманым – қазақтың ұлттық сүт өнімдерін шетелге таныту. Қазірдің өзінде кейбір өнімдеріміз шетелдік нарыққа шығып жатыр. Алдағы уақытта Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан елдерімен келіссөздер жүргізіп, экспорт бағытын кеңейткім келеді. Мен ұлттық тағам арқылы елдің бренді қалыптасады деп сенемін. Егер бір шетелдік қазақтың құртынан дәм татып, оның тарихын білсе – бұл да елге қызмет етудің бір түрі.
– Сұхбат үшін рахмет!
Сұхбаттасқан
Гүлжауһар БАЖАҚАЙ
