Редакция таңдауы

Тәуелсіздік – Рухтың Жаңғыруы

Биыл Қазақстан Республикасының егемендігінің жарияланғанына – 34 жыл. 1990 жылы қазан айының 25-і күні Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің шешімімен «Қазақ КСР-нің мемлекеттік егемендігі туралы» декларация қабылданды. Бұл ғасырлар бойы арман болған Тәуелсіздікке қарай жасалған алғашқы қадам болатын.

Мемлекеттік егемендік туралы декларация – 1990 жылы 25 қазанда Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің қаулысы бойынша қабылданған тарихи құжат. Декларацияда Қазақ КСР-інің мемлекеттік егемендігі жарияланып, елдің саяси-құқықтық тәуелсіздігінің бағдарламасы баяндалды. Ел аумағының тұтастығы, оған қол сұғылмайтындығы, қазақ халқының және Қазақстандағы басқа да этнос өкілдерінің төл мәдениетін, дәстүрін, тілін қайта түлету мен дамыту, ұлттық қадір-қасиетті нығайту мемлекеттің аса маңызды міндеттерінің бірі ретінде айтылды. Конституциялық құрылысқа қарсы жасалатын кез келген күштеу әрекеттері, оның аумағының тұтастығын бұзуға шақыратын, ұлт араздығын қоздыратын жария ұрандардың заң бойынша жазаланатыны ескертілді. Республиканың саяси, экономикалық, әлеуметтік, ұлттық-мәдени құрылысына, оның әкімшілік-аумақтық құрылысына байланысты мәселелер ешкімнің араласуынсыз дербес шешілетіні жарияланды.
Осындайда Тәуелсіздік, қазақтың кешегі тарихы дегенде ойыңа ақиық ақын Жұбан Молдағалиевтың «Мен – қазақпын мың өліп, мың тірілген…» деп басталатын, ұлттың басынан кешкен ауыр кепті сурет-тейтін отты жыры бірден ойға оралады. Кеңес Одағының қанды қыл бұрауынан босағанымызға отыз жылдан мол асып барады. Содан бері уақытта Тәуелсіздікпен құрдас орда бұзар жастарды былай қойғанда кейінгі ұрпақ бодандықтың не екенін оншалықты ұға қоймас. Бәрі оңай келгендей көретін шығар.
Кешегі күнге сәл шегінейік. Қазақстан емес, жұрт аспан асты елі деп әспеттеп жүрген Қытай мемлекетінен мысал өрейік.

Шыңжаң. Қытай. Боксшы Қанат Ислам. Шойын жұдырық, келсең келдің өзі. Жарыстарды қидай сыпырып ұтады. Жеме-жемге келгенде әлемдік жауапты жарыстарға бұл жіберілмейді.Жаттықтырушысы ұйғыр азаматы.
— Бүйткен жарысы құрып кетсін, кетемін Қазақстанға,-деп бүлінеді бұл. Сонда жаттықтырушысы айтыпты. Күйзеліп тұрып.
— Қанат, сен бақыттысың ғой. Кетемін дейсің, кете аласың. Қазақстан деген мықты мемлекетің, Тәуелсіз елің бар. Ал, мен өкпелегенде қайда барып бас сауғалаймын?! Егер менің Қазақстандай азат елім болғанда мен сол мемлекеттің көшесін тазалайтын қатардағы жұмысшы болсам басқа бақытты армандамай, қолыма сыпыртқы, күрек ұстағаныма арланбас едім. Қанат, сен бақыттысың ғой…
Әлемнің мықтыларын шайқаған, кейін тарихи Отанына оралып бақытын тапқан Қанат «Жаттықтырушымның әлгі сөзінен кейін тұла бойым шымырлап кетті» дейді. Елге келуінің мәнісі сол.
Иә, Тәуелсіздік, азат еліңнің бақыты бәрінен қымбат. Бұл дүниеде ормандай халқы болғанымен, мемлекеті жоқ ұлттар да бар.
«Тәуелсіздік бәрінен қымбат»… Еліміз кеңес империясының бұғауынан босап, Тәуелсіздік алғанына отыз жыл толғанда Мемлекет басышысы Қ.Тоқаев «Егемен Қазақстан» газетіне жазған мақаласының тақырыбын осылай қойды. «Бағдар мен белес» деп аталатын алғашқы бөлімінде бүгінге дейінгі еліміздегі жағдайлар сараланды.
«Алғашқы онжылдықта Қазақстан іргетасын қаласа, екіншісінде керегесін кеңейтіп, тарихын түгендеуге, шекарасын шегендеп, инфрақұрылымдық жобаларға баса мән берді. Үшінші онжылдықта еліміз индустриялық-инновациялық даму жолын таңдады. Ал алдағы төртінші онжылдықтағы міндет – қуатты елдің иесі және кемел халық болу», — дейді Қасым-Жомарт Кемелұлы. – Біз әділетті қоғам мен тиімді мемлекет құруды көздеп отырмыз. Кез келген істе әділдік қағидатын басшылыққа алсақ, бұған анық қол жеткіземіз. Мысалы, тұрғындардың тұрмысын жақсарта түспесек, еліміздің жетістіктері мен халықаралық табыстарын мақтан ету артық. Азаматтарымыз экономикалық өсімнің игілігін сезіне алмаса, одан еш қайыр жоқ. Мен әрбір шешімді қабылдар сәтте осы ұстанымды басшылыққа аламын. Біз халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартумен қатар, барлық азаматтардың мүддесін бірдей қорғаймыз. Менің ұғымымдағы әділетті мемлекет дегеніміз – осы». Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт
Тоқаев осылай деді.
Әйтсе де, бүтін дүниені теріс көріп, ел ішін ала тайдай бүлдіріп жүретіндер қай кезде де бар. Олар кейінгі уақыттары «жеріміз шетелдіктерге сатылып жатыр» деп ел ішін дүрбеленге айналдырды. Бұдан басқа да елді алаңдатқан сұрақтарға Мемлекет басшысы дұрыс байламмен салиқалы жауап берді.
«Өткен күннен алыс жоқ, келер күннен жақын жоқ» дейді халқымыз. Кешегі өткен хандар мен қағандардың дәуірі ғана емес, соңғы отыз жылдағы жасампаздық жолымыз да бүгінде тарихқа айналып, күн сайын алыстап барады. Азаттық таңын өз көзімен көрген алдыңғы буын болмаса, кейінгі жастар өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарындағы тарихи оқиғалардың тереңіне бойлап, мәнін жете түсіне бермейді. Тәуелсіздікке тағдырдың бере салған сыйы ретінде қарайды. Шын мәніндегі ахуал олай емес.
«Біз тығырықтан шығар жолдың саңылауы да көрінбейтін қиын күндерден қақтығыс пен қантөгіске ұрынбай аман шығып, ешкімге есемізді жібермей, жаңа сипаттағы Қазақ мемлекетін құрдық. Бүгінгі және болашақ ұрпақ мұны әрдайым біліп отыруы керек. Сол үшін Қазақстанның жаңа тарихын да жүйелі зерттеген жөн.
Ұлттық мүдде тұрғысынан жазылған шежіре ұрпақтың санасын оятып, ұлттың жадын жаңғыртуға мүмкіндік береді. Қоғам мен құндылық Егемендігіміздің мәңгілік үштағаны – Алтайдан Атырауға, Алатаудан Арқаға дейін кең көсілген байтақ жеріміз, ананың ақ сүтімен бойымызға дарыған қастерлі тіліміз және барлық қиындықтардан халқымызды сүріндірмей алып келе жатқан береке-бірлігіміз. Біз осы үш құндылықты көздің қарашығындай сақтаймыз. Бабалардан мұра болған қасиетті жеріміз – ең басты байлығымыз.
Халықаралық деңгейде танылған шекарамыз бар.Қазаққа осынау ұлан-ғайыр аумақты сырттан ешкім сыйға тартқан жоқ. Бүгінгі тарихымыз 1991 жылмен немесе 1936 жылмен өлшенбейді. Халқымыз Қазақ хандығы кезінде де, одан арғы Алтын Орда, Түрік қағанаты, Ғұн, Сақ дәуірінде де осы жерде өмір сүрген, өсіп-өнген. Қысқаша айтқанда, ұлттық тарихымыздың терең тамырлары көне заманның өзегінде жатыр. Жалпы, тарихпен саясаткерлер емес, тарихшылар айналысуы керек. Шекара сызығын ресми түрде халықаралық шартпен бекітіп, оны әлем жұртының мойындауы соңғы бірнеше ғасырда үрдіске айналды. Оған дейін қазіргідей делимитация, демаркация деген ұғымдар болмаған. Біз шекара мәселесін шешумен нақты айналысып жатқан кезде кейбір саясаткерлер мен қоғам қайраткерлері «біз бұған асықпайық», «кейін де келісуге болады» деп арқаны кеңге салғысы келгені есімізде. Келіссөздерді табандылықпен жүргізіп, іргемізді дереу қымтап алғанымыз өте дұрыс болғанын уақыттың өзі дәлелдеп берді. Қазір кім не айтса да, біздің екіжақты келісімдермен бекітіліп, халықаралық деңгейде танылған шекарамыз бар. Енді оған ешкім дауласа алмайды.
Аумақтық тұтастығымызға күмән келтіріп, тату көршілік қатынастарға сына қаққысы келетін кейбір шетел азаматтарының арандатушылық іс-әрекеттеріне ресми және қоғамдық деңгейде тойтарыс бере отырып, ағартушылық жұмыстарын ұстамдылықпен жүргізген жөн. Біз ұлттық мүддені аспен де, таспен де қорғауға дайын болуымыз қажеттігін тағы да баса айтқым келеді. Жоғарыда айтқанымдай, шекарамыз толығымен шегенделді. 2018 жылы Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенцияға қол қойылғаннан кейін құрлықтағы ғана емес, теңіздегі шекарамыз да біржола айқындалып, түпкілікті шешілді. Қазақстан – біртұтас мемлекет. Еліміз оңтүстік, солтүстік, батыс, шығыс деп бөлінбейді. Бұл – тек бағытты білдіретін шартты атаулар.
Жерге байланысты бәріміз айқын білетін және бұлжымайтын ақиқат – қазақтың жері ешбір шетелдіктің меншігіне берілмейді, ешқашан сатылмайды. Осыны әр азаматымыз санасына берік сіңіруі қажет,-деді Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.
«Біздің тарих бұл да бір қалың тарих, оқулығы жұп-жұқа, бірақ тағы…» деп ақын Қадыр Мырза-Әлі айтқандай, XVIII-XIX ғасыр аралығында патшалық Ресейге бодан болғанымен, халқымыз тәуелсіздіктен ешқашан күдер үзген емес-ті.
Бұл туралы Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Қазақстан тарихы кафедрасының доценті Гүлжазира Әбікенова былай деп айтады:
«Қазақ халқы үшін мемлекетін қалпына келтіру мүмкіндігі 1917 жылғы Ресейде орын алған Ақпан буржуазиялық-демократиялық революциясынан кейін туындаған. Қазақ өлкесін қайта оятып, оның тәуелсіздігін қалпына келтіруге тырысқан «Алаш» партиясы және оның саяси жетекшілері мен мүшелеріне қарсы ұйымдастырылған әкімшіл-әміршіл жүйенің репрессиялау саясаты өз кезегінде бұл мәселені арнайы тарихи зерттеуге тыйым салынған. Сексенінші жылдардың аяғындағы қоғамды қайта құру мен жариялылықтың басталуы Алаш зиялыларына қатысты тарихи шындықты қалпына келтіруге бағытталған зерттеу жұмыстарын негіздеуге жол ашқан.
Соған орай, Алаш зиялыларының қоғамдағы орны мен атқарған қызметтеріне қатысты М.Қ. Қозыбаев, К.Н. Нұрпейісов, М.Қ. Қойгелдиев, Т.О. Омарбеков, Қ.М. Атабаев, Д.А. Аманжолова, А.Қара және тағы басқа ғалымдар еңбектері оларды жалпы қоғамға танымал етті. Аталған зерттеушілердің пікірінше қазақ зиялылары ақпан революциясына үлкен үмітпен қарап, қоғамдық дамудың аса маңызды мәселелері бойынша жаңа билікті қолдап, жаңа іс-әркетке кіріседі, – дейді Г. Әбікенова.
Қазақ зиялыларының ұлт болашағы, оның тәуелсіз болуын қалаған асқақ армандары олардың іс-әрекетімен қатар, шығармаларында да кеңінен көрініс тапқан. Солардың бірі, М. Дулатов өзінің «Оян, қазақ!» өлеңімен тәуелсіздікке жетуде ең алдымен, халықтың қалың ұйқыдан оянып, оқу білімге ұмтылуы керектігін түсіндіреді. Алаш зиялысы, тіл маманы Т. Шонанұлы елдегі қоғамдық-саяси мәселелерге де өз тарапынан пікір қоса отырып, өзге елдерден үлгі алу керек деп санады.
Алаш зиялыларының ел тәуелсіздігі үшін іс-әрекетінің тағы бір қадамы болашақ елдің елтаңбасы мен мөрі, Әнұраны мәселесі болды. Жалпы тарихи деректерде Алашорданың ақ және жасыл түсті тулары болғаны жөнінде мәліметтер кездеседі. Қалай десек те, ХХ ғасыр басында қалыптасқан қазақ зиялыларының бар мақсат-мүддесі Тәуелсіз қазақ мемлекетін қалпына келтіру болды. Бірақ, тарихи даму үрдісіне сай кеңестік жүйенің ықпалына түскен Алаш зиялылары автономиялы болса да қазақ мемлекетін құрып, оның территориялық межесін қалпына келтіру, халықтың сауатын ашу сынды жұмыстардың алғашқы сапынан көрінуге тырысты. Алайда олар большевиктер партиясының әкімшіл-әміршіл саясатының құрбаны болды. Қазақтың қилы тарихында осындай кезеңдер де болды. Бұл да азаттықтың оңай келмегендігін аңдатады.
«Қазақстанның Мемлекеттік егемендігі» туралы декларация қастерлі Тәуелсіздігімізге жол ашты. Сондықтан бұл тарихи құжаттың мән-маңызы зор. Біз биылдан бастап Республика күнін ұлттық мереке ретінде жаңа мазмұнда атап өтеміз. Осы бастама жұрттың кең қолдауына ие болып, дәстүрге айналарына сенімдімін. Республика күні – халқымыздың рухын көтеріп, елдігімізді нығайтатын, бірлігімізді бекемдеп, ынтымағымызды арттыратын айшықты мереке.
Біз Әділетті Қазақстанды құруға кірістік. Барша қазақстандықтар белсене атсалысқанда ғана осы игі мақсатқа қол жеткізе аламыз. Себебі, мемлекеттің тірегі де, басты байлығы да – азаматтар!
Қазақстаннан басқа Отанымыз жоқ. Бағдарымыз – айқын, мақсатымыз – ортақ. Біз тәуелсіздік тұғырын биік ұстап, мемлекеттігімізді нығайта береміз. Өйткені, Отанымыз – бір, мемлекетіміз – бір, халқымыз – бір» деді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев.
Бүгінде әлем күніге мың құбылып тұр. Кеше ғана түбі бір туысқан көріп бауырласқан Ресей мен Украинаның қырғи -қабақ соғысы дүние жүзін елеңдетіп отыр.
Басқасын айтпағанда іргеміздегі көршіміз Өзбекстан мен Қырғызстан шекара дауына байланысты ара тұра жүзшайысып қояды. Тәжікстанның да тыныштығы бұзылған. Армения мен Әзербайжан көрші болып келісуден кетті. Грузин елі теңіздің жал-жал толқынындай ырыққа бағынбайды.
Сирия — көтерісшілер алдында шөкті. Башар Асад елін тастап бар мүкамалын, мемлекет қазынасын алып Ресейге қашты.
Көтеріліс, шапқыншылық десе елеурей кететін мемлекеттер әлі де аз емес. Осындай ауыр жағдайда Қазақстан бетегеден аласа, жусаннан биік жағдайда бейбіт өмір сүріп келеді. Мұны шетелдік сарапшылар Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың салиқалы саясатымен байланыстырады.
Лайым, солай болғай. Қазақстан – ешкімге зарары жоқ толерантты, бейбіт ел. Ұстанымы-ынтымақтастық. Тәуелсіздіктің тағы бір асуы артта қалды. Баянды болғай. Мереке құтты болсын!

Бақтияр ТАЙЖАН

Соңғы жаңалықтар