Тәуелсіздік күні мерекесі қарсаңында «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында үш жаңа өндіріс орны іске қосылды. Кәсіпорындардың салтанатты ашылу рәсіміне қала әкімі Ғабит Сыздықбеков қатысып, осынау инвестициялық жобалардың маңыздылығын атап өтті.
«Dapter-Line» ЖШС-і мектеп дәптерлері мен жазу қағаздарын өндіретін кәсіпорын ашып отыр. Жобаның жалпы құны 500 миллион теңгені құрады. Жаңа кәсіпорында 40 жұмыс орны ашылды. Фабрика жылына 70 миллион дана дәптер шығара алады. Ал, шұлық тоқумен айналысатын «Balabi Textile» зауытында 500 жұмыс орны ашылды. Жобаға 6,5 млрд теңге инвестиция тартылған. Бұл кәсіпорын жылына 24 миллион жұп шұлық шығарады.
Аяқ киім өндірісіне бағытталған «Nappa.kz» кәсіпорнының инвестиция көлемі – 400 млн теңге. Мұнда 60 жаңа жұмыс орны құрылды. Фабрика жылына 200 мың жұп аяқ киім тігуге қауқарлы.
Барлық өндіріс орындарының құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталып, жабдықтары орнатылған. Бұл жобалар мегаполистің экономикалық дамуына, жаңа жұмыс орындарының ашылуына және импортты отандық өніммен алмастыруға айтарлықтай үлес қосады.
Ел тарихындағы атаулы күн қарсаңында іске қосылған бұл кәсіпорындар өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін арттырып, отандық өнімнің үлесін көбейтуге мүмкіндік береді. Инвесторларға қолайлы жағдай жасау бағытындағы жұмыстар жалғасын табады.
Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі