Шымкент қалалық Әл-Фараби атындағы ғылыми-әмбебап кітапханада жазушы Нұрғали Рахайдың «Жүрегім менің – ұлы елім…» атты шығармашылық кеші өтті. Шара барысында жазушының «Алмауыт» және «Уақыт бағбаны» атты қос кітабы таныстырылды.
Нұрғали Рахай – қазақ әдебиетінде өзіндік қолтаңбасы бар, көрнекті жазушы. Ол прозада терең ой мен сезімді жеткізе білетін шебер, шығармашыл тұлға. Оның туындылары қазақ халқының тұрмыс-тіршілігі, мәдениеті мен өмірінің мән-мағынасына арналған.
Қос туындының да орны ерек. «Алмауыт» романы – адамның ішкі жан дүниесі мен қоғамның түрлі қайшылықтарын терең зерттеген көркем шығарма, ал, «Уақыт бағбаны» кітабы – өмірдің мәні мен уақыт құндылығын философиялық тұрғыда ашатын әсерлі туынды.
Әдеби кеш қонақтарға рухани демалыс сыйлады. Кешті филология ғылымдарының кандидаты, кітапхана директоры Анар Жаппарқұлова ашты. Бұл кеш жазушы шығармашылығын насихаттап, оқырман қауым мен әдебиетсүйер жұртшылықты біріктірген ерекше басқосу болды. Қонақтар жазушының шығармашылық мұрасын талқылап, оның әдебиеттегі орны мен маңызына тоқталды. Жазушының немересі Құрбанғали Рахай арнауын оқып, әнші, сазгер Айзада Бекенқызы ән шырқады.
Кеш соңында Нұрғали Рахай сөз алып, жиналған көпшілікке алғысын айтып, кітапханаға өз туындыларын тарту етті.
Эльмира СӘРСЕНБАЙҚЫЗЫ