қалада 25 мың абонентке табиғи газ берілді
Шымкент қаласында осы кезге дейін көгілдір отынға қолы жетпей келген бірқатар елді мекендер биыл кезек-кезегімен газдандырылып жатыр. Еліміздің Тәуелсіздік күні мерекесінің қарсаңында үш бірдей шағынаудан мен бірқатар кәсіпорындарға табиғи газ берілді. Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков пен «QazaqGaz» ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Санжар Жаркешов Қайнарбұлақ, Тассай және Еламан тұрғын алаптарын, сондай-ақ, «Тассай» индустриалды аймағындағы бірқатар кәсіпорынды газға қосу іс-шарасына қатысып, тұрғындармен кездесті.
Көгілдір отынға қол жеткізу – жергілікті тұрғындар үшін зор қуаныш. Аталған шағынаудандарды газға қосу жұмыстары өткен жылдан бастап жүргізілген еді. Құрылыс жұмыстары өз мерзімінде аяқталып отыр. Нәтижесінде 2024 жылы шаһарда 25 мыңнан астам абонент газға қол жеткізбек. Тұрғын үйлерді көгілдір отынға қосу қала экологиясы үшін тиімді, сондай-ақ, тұрғындардың өмір сүру сапасы мен қаладағы экологиялық ахуалды да жақсартады. Нысандарды қосқаннан кейін Шымкенттегі газдандыру деңгейі 97,4 пайызға жетіп отыр.
Көпшілік алдымен Қайнарбұлақ тұрғын алабындағы абоненттерге газ беру рәсіміне куә болды. Бұл тұрғын алап пен саяжайда табиғи газ желісінің құрылысы 2022 жылы басталған еді. Бас мердігер «Отау строй» мекемесі магистралды желілер құрылысының екінші кезеңін толық аяқтады. Газ құбырының жалпы ұзындығы – 210 шақырым. Ал, саяжайда табиғи газ беру кезең-кезең бойынша жүзеге асырылады. Қайнарбұлақ елді мекенінде бүгінде тұрғындарды абоненттеу жұмыстары басталған. Мұнда шамамен жеті мың абонент бар. Солардың бәріне көгілдір отын жеткізілді.
«QazaqGaz» ҰК» акционарлік қоғамының басқарма төрағасы Санжар Жаркешов іс-шара барысында газ объектілерінің жұмысына инспекция жасады. Газ тарату станциялары, газға қосылған абоненттердің үйіндегі қауіпсіздікті қадағалап, жылыту маусымы кезінде төтенше жағдайға жол бермеу керек екенін айтты.
Қазір «QazaqGaz Aimaq» мекемесі қосымша сәйкестендіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Тұрғындардың өтініштері талапқа сай келген жағдайда газға қосылуға мүмкіндік бар. Магистралды желілерге газ келді. Енді тұрғындар өз үйіне қосу жұмыстарын атқаруы тиіс.
Мемлекет басшысы «QazaqGaz» ҰК» АҚ-ына елімізді газдандыруды және елді мекендерді, экономиканы газбен үздіксіз қамтамасыз етуді тапсырған болатын. Осыған байланысты ұлттық компания өңірлердегі әкімдіктермен бірлесе отырып тиісті жұмыстарды қолға алған. Басқарма төрағасының айтуынша, компания алдында тұрған негізгі міндет –жоғары қысымды магистралды газ құбырларын қаланың ішіне жеткізу. Ол жұмыстар жүзеге асырылды. Тасымалдау қуаты жетеді. Әрі қарай әкімдіктер және ұлттық компанияның еншілес кәсіпорыны «QazaqGaz Aimaq» мекемесі, дербес компаниялар газды тұрғындарға жеткізеді.
–Газдандыру мәселесі өте маңызды және командалық жұмыс. Шымкент қаласының әкімдігі бізбен бірлесе үлкен жұмыс атқарды. Ұлттық компанияның рөлі магистралды газ құбырларын және газдың ресурсын жеткізу, ал, елді мекен ішінде газ құбырларын таратуға әкімдік жауапты. Сол себепті де, осы бірлескен жұмыстың аясында тұрғындарға газ беріп жатырмыз. Жалпы, осы төрт нысанды қосқаннан кейін шамамен 10 мың абонент газға қосылады. Бұған дейін біз Бозарық 2-ші, 3 -ші және Қайнарбұлақтың бірінші кезеңін, Қаратөбе елді мекеніне газ жеткіздік. Шамамен жеті мың абонент газға қол жеткізді. Осы желтоқсан айының соңына дейін шамамен тағы жеті мың абонент газға қосылады. Жалпы, осы жылдың нәтижесі бойынша Шымкентте 25 мың жаңа газ абоненті пайда болады. Бұл – Шымкент қаласы үшін өте үлкен жетістік. Қала экономикасы қарқынды дамып жатыр. Көптеген инвест жобалар іске асырылуда. Халықтың саны артып келеді. Сол себепті де газбен қамту өте маңызды, – дейді басқарма төрағасы.
Сондай-ақ, кезекті іс-шара барысында Тассай және Еламан шағынуданы тұрғындарын, “Тассай” индустриалдық аймағын газбен қамту рәсіміне тұрғындар, БАҚ өкілдері қатысты.
Индустриалды аймақта 31 жаңа кәсіпорын бар. Қала экономикасының дамуына драйвер болатын жаңа жобаларға, салық төлеушілерге газ жеткізу аса маңызды шаруа. Еліміздегі кәсіпорындарға да газ жеткізу басты назарда тұрған мәселе. 2025 жылы қалада жалпы 17 елді мекенді табиғи газбен қамтамасыз ету мақсатында құрылыс жұмыстарын жүргізу жоспарлануда.
Тұрғындармен жүздескен қала әкімі, басқарма төрағасы газды пайдалану кезінде азаматтарға сақтық шараларын қатаң сақтау қажеттігін ескертті. Қазір қыс маусымы, жылыту кезеңі. Абоненттердің қауіпсіздігі — басты мәселенің бірі. Ұлттық компания магистралды газ желілерін, үлкен нысандардың техникалық қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Ал әр абонент өз үйіне сервистік компаниямен үйіне газ тартқан кезде техникалық шарттарды, ережелерді сақтау керек. Әр адамның өз өмірі өз қолында.
Бүгінде аудан әкімдігінің өкілдері, “Қазақгаз аймақ” АҚ Шымкент өндірістік филиалының өкілдері азаматтарға түсіндірме жұмыстарын жүргізуде. Тұрғындарға техникалық шарт алу керек екені, жалпы газға қосылу талаптары түсіндірілуде. Газ қосуды жеделдету үшін тұрғындарға «QazaqGaz Aimaq»АҚ-на өтінім беріп, тиісті құжаттарды ұсыну қажет.
Газдандыру – бұл қала тұрғындарының өмірін жақсартуға бағытталған маңызды қадам. Табиғи газға қосылу тұрғындарды пеш жағып, отын тасу қажеттіліктерінен босатып, қоршаған ортаны экологиялық жағынан таза ұстауды әрі жайлы өмір сүруді қамтамасыз етеді.
Т.ҚАСЫМОВ