Редакция таңдауы

Сайрамдағы спорт мектебі чемпиондар ұстаханасына айналады

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауларында спорт пен дене шынықтыруды дамыту мәселесіне ерекше назар аударып келеді. Мемлекет басшысы халықтың денсаулығын жақсарту мен салауатты өмір салтын насихаттаудың маңызды тетігі ретінде бұқаралық спортты дамытуды басты міндеттердің бірі ретінде атап өтуде. Әсіресе, халық көп шоғырланған елді мекендерде спортпен айналысатын ғимараттар ашу игі дәстүрге айналып келеді.

Осы аптада Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков Сайрам тұрғын алабындағы №12 спорт мектебінің қосымша ғимаратының ашылу рәсіміне қатысты. Тәуелсіздік күні мерекесіне орай қолданысқа берілген жаңа корпустың ашылуына халық көп жиналды. Әсіресе, ауыл тұрғындары дән риза. Олай дейтініміз, осы уақытқа дейін талай спорт шеберлерін дайындап келе жатқан мектептің ғимараты ауылдың спортпен айналысамын деген жастарының көптігінен сиымсыз болды. Енді жаңа ашылған ғимарат спорттың әртүрлі түрлерімен айналысатын жас таланттарға тамаша мүмкіндік болғалы тұр. Бұл ғимарат екі ауысымда жұмыс істейді және бір уақытта 200-ге жуық спортшы жаттығу жасауға мүмкіндік алады. Сонымен қатар, жаңа корпус ауқымды спорттық жарыстарды өткізуге арналған барлық қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген.
Ал, жалпы мектепте мыңға жуық жас спортшылар шынығуда. Спорт мектебінің үздіктері бокс, үстел теннисі мен таеквондодан Қазақстанның Ұлттық құрамасында өнер көрсетіп, Әлем және Азия чемпионаттарында жеңімпаз атанып, еліміздің намысын қорғауда.
Заманауи талаптарға сай салынған жаңа ғимараттың жертөлесінде пауэрлифтинг және ауыр атлетика залдары, киім ауыстыру бөлмелері, душ кабиналары мен санитарлық бөлмелер қарастырылған. Жаттықтырушылар, инструкторлар және төрешілер үшін арнайы бөлмелер мен кеңсе орындары жасақталған. Бірінші қабатта вестибюль-фойе, күзетші бөлмесі, 18 орындық асхана, 210 орындық көрермендерге арналған трибунасы бар әмбебап спортзал, медициналық пункт және дәріхана орналасқан. Ал, екінші қабатта демалыс холы, бокс, күрес және бадминтон залдары мен жаттығу бөлмелері орналасқан. Мұнда спортшылардың физикалық дайындығын арттыруға қажетті барлық құрал-жабдықтар мен тренажерлер бар.
Жаңа ғимараттың ашылуы Шымкент қаласындағы спорт саласының инфрақұрылымын жаңғыртуға және дамытуға бағытталған маңызды қадам болып табылады. Бұл нысан қаладағы балалар мен жасөспірімдер үшін спортпен айналысуға қолайлы жағдай жасап қана қоймай, ауқымды жарыстарды өткізуге де мүмкіндік береді. Сонымен қатар, жаңа корпус қала тұрғындары мен жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттаудың тағы бір құралы болмақ.

Салтанат ЖАМАЛДИНОВА

Соңғы жаңалықтар