Редакция таңдауы

Жүрекке батқан ызғырық

Биыл 1986 жылғы желтоқсандағы ел Тәуелсіздігінің, халықтың бостандық пен егемендікке деген ұмтылысының жаршысы болған оқиғалардан бері 38 жыл өтті. Сол бір күн жайлы көп жазылуда. Сұрқы қашқан суықтығын сан суреттедік. Тосыннан алып келген «тажалы» жайлы жаздық. Бас алаңда бозбала мен бойжеткендердің басы жарылғаны жөнінде жеріне жеткізе естеліктер айтылды. «Желтоқсан желі» деген әннің салқын сазы осы күнге дейін жүрегіңді шымырлатады.

Ал, дәл осы күні… тыныш жатқан елде не болды? Алматыдағы жастардың бас көтергенін қалай білді? Кім арқылы есітті? Қандай жағдайда жетті ол хабар?
Азғантай әңгімемізде осы туралы да айтуды жөн көрдік.

***

Күміс апай бірден шешілген жоқ. Айтқысы келмеді. Есіне түсіру қиын да болған шығар? Ас қайырып, дастархан жиналды.
– Тоқшылыққа кенеліп жатырмыз ғой, Аллаға тоба! – деді Күміс апай. Реңіне қан жүгірді. Біраз тостық. Көңіліміздегі сұрақ тыныштық бермеді.
– Осы тоқшылық кімнің арқасы деп ойлайсыз, апа?—дей бергенімізде, апайымыз да шешілуге бет алды.
– Сексенінші жылдың соңында батырлық, ерлік жайлы көп айтылатын. Әсіресе, Ұлы Жеңістің 40 жылдығына орай барлық жерде Отан, партия жайлы патриоттық әндердің байқаулары жиіледі. Бұған Тың игерудің 30 жылдығы қосылды. Не керек, отансүйгіштікке баулу өнердің түрлі жолдары арқылы дами түсті. Осы шаралардың шегінде мектеп жанынан оқушылардың хоры, үйірмелер, мұражайлар ашылды.
Осы мүмкіндікті пайдаланып, Шымкенттегі Қарсыбай Сыпатаев атындағы мектепте есімі берілген батырдың мұражайын аштық. Оған қажетті материалдар жинау басталды. Қарсыбайдың туған жеріне бардық. Ол соғысқа дейін пошташы болып істеген екен. Мойнына асынған сөмкесі, шай қойып ішкен самауыры секілді, көзі тірісінде пайдаланған біраз заттарын алып келдік. Енді мұражайға ең бастысы – майдандағы батырлардың әскери киімі, ас-су таситын ыдысы, саймандары керек болды. Оны әскери бөлімге барып сұрадық. Олар:
– Сіздер бізге не бересіздер? – деді.
– Оқушылырдың күшімен дайындалған концерт қойып берейік, – дедік. Бұл ұсынысымыз оларға қызық көрінді.
– Басшылыққа айтайық, – деп, шығып кетті. Шамалыдан соң оралды. Келіскенін айтты. Қалғаны – концерт қоятын күнді белгілеу ғана. Ол да шешілді.
– Он алтыншы желтоқсан күні күтеміз!, – деп уәделерін берді. Ол күнді біз асыға кұттік. Бұл – 1986 жылғы желтоқсан еді. Оның тарихта өшпестей болып қалатынын ол кезде кім болжап, біліпті?!
Әзер дегенде 16-шы желтоқсанды болдырдық. Концертке қатысатын 30 баланы алып, артынып, тартынып, әскери бөлімшеге келдік. Көңіліміз көтеріңкі. Балалар «Солдаттарға концерт қоямыз!», – деп мәз.
Үлкен қақпа жабық тұр. Машинаны бес-алты рет дабылдатқаннан кейін қақпа алдына жап-жас орыс жауынгер шықты. Сұрағымызға жауап бермейді. Үн-түнсіз ішке алып кірді. Онда да құлаққа ұрған танадай жым-жырт. Тірі адам көрінбейді. Өткен жолы келісуге келгенде көрінген қазақ жігіттер зым-зия жоқ. Қоятын коцертімізден күдер үзе бастадық. Көңлімізге үрей толды. Соны сезген бір басшысы:
– Бұл кісілерге өткен аптада ұшырылған самолетті көрсетіңдер! – деп бұйырды. Сонда алып келді. Самолеттің жанында – біреу, тура алдында бір солдат қақайған да қалған. Қабағын да қақпайтын секілді. Біз жақындағанда ғана бүйірінде тұрғаны қолының ұшын шекесіне апарып «сәлем» берді. Ішіміз азынап барады. Біздің де денеміз қалшия бастады. Сол кезде орта жастағы бір әскери адам келіп:
– Алматыда жастар көтеріліс жасап жатыр, – деді. Бәріміздің жалт қарағанымызды көріп, сөзін нықтай бастады. – Кеңестер Одағының барлық самолеті сол жаққа кетті. Барлық танктер де – сол жақта. Көтерілісшілерді қоршап жатыр. Оларды тоқтатады! – деп барып, өзі де тоқтады.
Біздің жүрегіміз де тоқтап қалғандай болды. Көзіміз жыпылықтап қақпаға әзер жеттік.
Күміс апай Оразованың осы естелегін тыңдап отырған біздің де тынысымыз тарылып, айналамызды ызғырық шалып, жанарымыз жасаурады.
Сол бір күнгі тосын хабарды тұңғыш естіген ата-аналардың хал-күйін сезінгендей болдық.

Атанбек НАУРЫЗ

Соңғы жаңалықтар