Шымкенттің әлеуметтік-экономикалық әлеуетін көтеру мақсатында жыл басында жоспарланған міндеттердің нәтижелі орындалуы аса маңызды. Биыл өңір халқының тұрмыс деңгейін, әл-ауқатын жақсартуға негіз болған бірқатар өзгерістер орын алды. Инвесторлар есебінен өндіріс орындары ашылып, жаңа жұмыс орындары пайда болды. Бұл туралы Шымкент қалалық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы басшысың орынбасары Ермек Тұрманов өңірлік коммуникациялар алаңында өткен брифингте мәлімдеді.
Басқарма басшысының орынбасары өңірлік 2021-2025 жылдарға арналған даму жоспарындағы 7 нысаналы индикатордың 2024 жылдың 10 айындағы орындалу барысын баяндады.
– Өңдеу өнеркәсібіндегі өндіріс көлемі 805,1 млрд теңгені құрады. Жылдық жоспар – 825 млрд теңге. Ал, мұнай-газ-химия өнімдерін өндіру көлемі 48,8 мың тонна, жылдық жоспар – 80 мың тонна. Негізгі капиталға инвестицияларының көлемі 2019 жылдың сәйкес кезеңіне қарағанда 3,5 есеге өсті. Жылдық жоспар – 275,7 пайыз. «Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды шағару бойынша жаңа өндірістер саны» индикаторы бойынша 2024 жылы 1 жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Экономикадағы орта кәсіпкерліктің үлесі 2024 жылдың 6 айында 9,3 пайызды құрады. Жылдық жоспар – 10,5 пайыз. Индикатордың статистикалық деректері тоқсан сайын жарияланады және бір тоқсан кешігіп жүреді. 2024 жылғы 3 тоқсанның қорытындысы бойынша көрсеткіш 2024 жылдың 20 желтоқсанында жарияланады. Қаржылық қолдау шараларын алған кәсіпкерлік субъектілерінің саны 1021 бірлікті құрады. Ал, жылдық жоспар – 257 бірлік. Цифрлық технологияларды пайдаланатын өңдеуші өнеркәсіптегі ірі және орта кәсіпорындардың үлесі бойынша жылдық жоспар 13,3 пайыз болып белгіленген, – деді Ермек Тұрманов.
Шымкент қаласының өнеркәсіп саласында белсенді жұмыс істеп тұрған 981 өнеркәсіптік кәсіпорын шоғырланған, оның ішінде 19-ы ірі, 46-сы орта және 916-сы шағын өндіріс. Биыл 10 айда қаланың өнеркәсіп кәсіпорындары 913,9 млрд теңгенің өнімін өндіріп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда өнім көлемі 2 пайызға артқан.
– Қазіргі уақытта қала аумағында 1660 га аумақта қосымша 5 жаңа өндірістік алаң құру жұмысы жүргізілуде. Биыл қаңтар-қазан айларының қорытындысына сәйкес, Шымкент қаласына 536,4 млрд теңге инвестиция тартылып, 2023 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 8,9 пайызды құрады. Оның ішінде, мемлекеттік бюджеттен түскен инвестициялар көлемі 129 млрд теңгеге, ал жекеменшік инвестициялар 407,4 млрд теңгеге жеткен. Жыл соңына дейін 813 млрд теңге инвестиция тарту жоспарланған. Жоспар жүзеге асса, инвестиция көлемі 2023 жылмен салыстырғанда 12,2 пайызға артады деп күтілуде, – дейді басқарма басшысының орынбасары.
Брифингте қала аумағында 2024-2028 жылдар аралығында жүзеге асырылатын жобалар туралы да сөз болды. Айта кетейік, жалпы құны 2,7 трлн теңгені құрайтын әр түрлі салаларды қамтитын жобалар бар. Жеке инвесторлардың есебінен жүзеге асырылатын жобалар жүзеге асқан соң 29,4 мыңнан аса жаңа жұмыс орны ашылмақ. Бүгінде 220 инвестициялық жобаның пулы жасақталып, өндіріске дайын тұр.
Гүлжауһар ТЕМІРХАНҚЫЗЫ