Елімізде күз-қыс мезгілінде су айдындарында қауіпсіздік ережелерін сақтамау салдарынан 9 адам суға кетіп, 3 бала қаза болған. Мамандар биылғы күз-қыс маусымында қала аумағындағы су айдындарда жазатайым оқиға тіркелмегенін мәлімдеді.
Шымкенттің климаттық жағдайына байланысты қыс мезгілі кеш басталады. Алайда, оған қарамастан профилактикалық жұмыстар күз айларынан бастап қарқынды жүргізіліп келеді.
– Төтенше жағдайлар департаментінің негізгі қызметтік мақсаттарының бірі – қала аумағындағы су айдындарында азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Департамент құзырлы мемлекеттік органдар мен еріктілерді тарта отырып, тұрғындардың судағы қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша профилактикалық жұмыстарды тұрақты түрде жүргізуде. Атап айтқанда, қыркүйек айынан бастап судағы қауіпсіздікті сақтау бойынша 80 мәрте рейд ұйымдастырылып, оған 9500 адам жұмылды. Бұл бағыттағы жұмыстар демалыс және мейрам күндері күшейтілген режимде жүргізіледі. Қазір күз-қыс кезеңінде қауіпсіздікті сақтау мақсатында «МҰЗ-2024» республикалық акциясы жалғасуда, – дейді Шымкент қаласы ТЖД Азаматтық қорғаныс басқармасының бастығы
Нұржан Қаракөзов.
Шымкентте балық аулауға арналған ақылы 2 орын бар. Олар – Рахат-Бадам демалыс орны және дендрологиялық саябақ. Сондай-ақ, аңшылық және балық аулауға арналған дүкендерге, балықшылардың WhatsАpp қосымшасына жадынамалар мен бейнероликтер жолданып, қауіпсіздік шаралары ескертіліп тұрады.
Қыста балықшылардың сүйікті ісі – мұз үстінде балық аулау кезеңі басталады. Алайда, осындай демалыс жазатайым оқиғаға айналмас үшін балықшыларға судағы қауіпсіздік ережесін қатаң сақтау қажет.
Әдетте, су айдындары біркелкі қатып жатпайды, алдымен жағалауда, таяз суда, содан кейін ғана орта шенінде қатып бастайды. Мұз су қоймаларда, әсіресе, ешқандай бұлақ құймайтын, түбі ағыссыз су айдындарында өзендерге қарағанда ертерек қатуы мүмкін. Өйткені, өзендердің ағысы мұздың түзілуін тежеп, кешеуілдетеді. Су айдынында мұздың әртүрлі беріктігі бар және қалыңдықтың да бірнеше түрі кездеседі. Дегенмен, мұз үстіндегі адамның қауіпсіздігі судың температурасына емес, мұздың қалыңдығына байланысты.
– Мұз үстінен бір адам өту үшін қалыңдығы кемінде 7 см болуы тиіс. Көп адам өтетін өткелдегі мұздың қалыңдығы 15 см және одан көп болғанда ғана қауіпсіз. Ал, автокөлік өту үшін мұздың қалыңдығы кемінде 30 см болуы тиіс. Алайда, Шымкент қаласында қалың мұз қатпайды. Балықшылар мұз үстінде балық аулауға шыққанда құтқару кеудешесі, ысқырық құралы болғаны абзал. Автокөлікпен жүруге, от жағуға, мұзда жабдықтар мен қоқыстарды қалдыруға болмайды. Бұл талаптарды ескермегендерге Әкімшілік кодекстің 412-бабы бойынша жауапкершілікке тартылатындығы туралы ескертеміз, – дейді Нұржан Нұрханұлы.
Сонымен қатар, департамент мамандары балық аулауға шығарда ауа райы болжамын ескеруді, желді ауа райы мен қараңғы уақытта су айдынына бармау керек екенін айтты. Құтқару және сигнал жіберу құралдарын бірге алып жүрген абзал.
Ескеретін жәйт, балық аулауға шыққанда өзінің орналасқан жері, балық аулау орны жөнінде туыстарына, 112 қызметіне хабарлау қажет. Қарапайым ережелерді сақтау арқылы демалысыңыз қауіпсіз болады.
Салтанат ЖАМАЛДИНОВА