Шымкент қаласы бойынша 81 елді мекенді 2024 жылы толығымен ауыз сумен қамтамасыз ету жоспарланған. Қазіргі таңда 80 елді мекен сапалы ауыз сумен қамтылып, көреткіш 99 пайызды құрап отыр. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар алаңында өткен брифингте Шымкент қалалық энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасы басшысының орынбасары Самат Мергенов мәлімдеді.
– 2018 жылы бекітілген жоспар бойынша биыл қала тұрғындарын ауыз сумен қамту 100 пайыз орындалуы тиіс. Қазіргі таңда Құрсай елді мекенінде құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр. Құрсайлықтар жыл соңына дейін толық ауыз сумен қамтамасыз етіледі. Осыдан соң Шымкент қаласы бойынша көрсеткіш 100 пайызға орындалады. Сонымен қатар, қала аумағының ұлғайып жатқанын ескере отырып, жаңа аудандарды қосымша ауыз сумен қамтамасыз ету жұмыстары жалғасып жатыр, – дейді Самат Мергенов.
Шымкент қаласындағы елді мекендердің 60 пайызы кәріз жүйесімен қамтамасыз етілген. Яғни, 81 шағын ауданның 25-і кәріз жүйесімен қамтамасыз етілсе, 56 шағын аудан әлі қосылмаған. 2024 жылға 1 магистральды кәріз коллекторының және 5 ішкі орамдық кәріз жүйесінің құрылысы жоспарланған. Мамандар құрылыс аяқталған соң, кәріз жүйесімен қамту көрсеткіші 60 пайыздан 65 пайызға өсетінін алға тартып отыр.
Шымкенттіктердің табиғи газбен қамтылуы 96 пайызға жетті. Яғни, табиғи газбен 55 елді мекен толық қамтылған, 24-і жартылай және 2 елді мекенге газ жүргізілмеген. Қазіргі таңда 15 нысанның құрылысы жүріп жатыр. Жыл соңына дейін Қайнарбұлақ тұрғын алабы 1 кезең, Бозарық 2-3 кезең, Қаратөбе елді мекені нысандары бойынша құрылыс жұмыстары аяқталып, аталған елді мекендер толық табиғи газбен қамтылады. Жалпы, биыл табиғи газбен қамтамасыз ету көрсеткішін 97,4 пайызға жеткізу жоспарланған. Қазіргі таңда Еламан, Кайнарбұлақ 2-кезең, Тассай елді мекендерін табиғи газ жүйесіне қосу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Айта кетейік, 2025 жылы 17 елді мекенді табиғи газбен қамтамасыз ету мақсатында құрылыс жұмыстары жоспарланған.
Г.ТЕМІРХАНҚЫЗЫ