Редакция таңдауы

Жайлаудың жетінші белесі

Биыл тың игеру жылдары – жылқы жылы туғандар жеті белесті бағындырып, мерей тойларын атап өтіп жатқаны белгілі. Жетпіске толған менің сыныптастарым мен құрдастарым қуаныш пен шаттықтың құшағында екені даусыз.

Олар осы белеске қалай жетті? Нендей биіктерді бағындырды? Қандай енбек сіңірді? Қоғамымызға қандай із қалдырды? Тағдыр талайына байланысты емес пе?!
Жылыстап жылжып аққан жылымыздың желтоқсанында дүние есігін ашқан Сұлтанов Жайлау Айтұлы – айтулы азаматтың бірі.
Кербез Келестің топырағында туып, жер жәннаты Жетісайда өскен Жайлау Айтұлы мектеп бітірген соң, Мәскеудегі К.Тимирязев атындағы академияның «зоотехник» мамандығына оқуға түсіп, 1977 жылы аталған оқу орнын бітірді.
Жас маман Жайлау көршілес Өзбекстанның Жызақ облысы Мырзашөл аудандық мал асылдандыру бірлестігінің бас зоотехнигі қызметіне бекітіліп, еңбек жолын бастайды. 1979-1980 жылдары Шымкент облысы Шардара ауданында жаңадан құрылып жатқан «Целинный» совхозына бас зоотехник болып қызмет ауыстырады. Жалындап жүрген жас маман жаңа шаруашылықтың мал шаруашылығы саласына жаңа серпінмен жұмыс атқарып жатқанда, еңбек жолын бастаған мырзашөлдік басшылар Жайлауды жайына қалдырмай, аудандық ауыл шаруашылығы басқармасына қайта шақырып қоймаған ғой. Аудандық ауыл шаруашылығы басқармасын алты жылдай басқарып, азаматтық айшықты ізін қалдырды.
1986-1992 жылдары Оңтүстік Қазақстан облысы Жетісай ауданына қайта оралып, аудандық партия комитетіне, кеңшарда партном хатшысы, аудандық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысы секілді басшылық қызметтерді абыроймен атқарады. Ол өз саласының кәсіби маманы ретінде, биязы мінез болмысымен, мәдениетті қарым-қатынасымен еңбек ұжымдарында беделге ие болғанының куәсіміз. Сондықтан да Жетісай аудандық партия комитетінің бюро мүшесі болып та сайланды.
Кеңес одағы ыдырап, Тәуелсіздік таңы атқаннан кейін де жаңадан құрылған Әкімдік жүйенің бел ортасынан табылды. Киров ауданы әкімінің бірінші орынбасары болып тағайындалды. 1994 жылы Жайлау Сұлтанов көршілес Келес ауданына әкім болып қызметте өсті. «Әке көрген оқ жонар» демекші, әке тәрбиесін алған Жайлау Айтұлы аудан басшысы ретінде Келесте келісті ізін қалдыра білді. Ол туралы Келес жұртшылығы жақсы пікірде екенінің куәсі – мерейтой қарсаңында ауданның «Құрметті азаматы» деген атағын беріп, сыйластық жолын жасап отыр.
Тегінде бар тек жатпайды. Әке туралы сөз қозғағанда, Жайлаудың әкесі Айт Сұлтанов ақсақал кезінде туған еліне қызмет етіп, басшылық қызметтерді атқарған, тер төккен жан. Айт Сұлтанов – кеңшарларда бас агроном, Жетісайдағы Ленин атындағы совхоздың директоры, Өсімдік қорғау мекемесінің директоры, «Қарақай» селолық кеңесі төрағасы сынды жауапты қызметтерді атқарған азамат еді.
Біздің замандасымыз Жайлау Сұлтанов Келес ауданы Сарыағаш ауданына қосылып кеткеннен кейін (1997ж) Шымкент қаласына қоныс аударды, жеке кәсіппен айналысты.
«Оңтүстік-Батыс» ауыл шаруашылығы ғылыми-зерттеу орталығының бөлім басшысы, 2008-2020 жылдары Оңтүстік Қазақстан облысы «Қандастарды бейімдеу орталығының» директоры қызметін абыроймен атқарады.
Жайлау Айтұлы жарты ғасырдан астам еңбек жолында сауатты маман, білікті басшы, сабырлы да салмақты болмыс бітімі мен қарапайым қалпымен ғұмыр кешті. Әріптестер , қызметтестермен сыйласты.
Жайлау замандастың тектілігінің бір белгісі, мерейтойын тойламас бұрын ата-анасына арнап ас беріп, рухтарына Құран бағыштады.
Жахаңның жары – Гүлнара да ағарту саласының ардақтысы, мектеп оқушыларына дәріс берумен бірге тәрбиенің де дәнін септі. Қыздары Зәуре мен Зере де ана жолын қуып, ұрпақ тәрбиесімен айналысып жүр. Замандасымыздың немере мен шөбере сүйіп, олардың қызығына тоймай жүрген жайы бар.
Біз құрдас замандасымызға амандық-саулық тілейміз.

Пердеш ЕСЕНБЕКОВ, Мемлекеттік қызмет
ардагері, Қаратау аудандық ардагерлер
кеңесі төрағасының орынбасары

Соңғы жаңалықтар