Шымкент қаласының ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасына қарасты Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен құқықбұзушылықтың алдын алу мәселесі бойынша «Тәртіпті өзіңнен баста» атты жылдық қорытынды кездесу өтті.
Іс-шараның мақсаты – қоғамда құқықтық мәдениетті қалыптастыру және құқықбұзушылықтың алдын алу шараларын күшейту арқылы қауіпсіздік деңгейін арттыру. Кездесуге Шымкент қаласы прокурорының аға көмекшісі Қайсар Қалдыбаев, Шымкент қаласының полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі Бауыржан Карбеков, Жол-көлік колледжінің директоры Берік Ешимов және белсенді жастары қатысты.
Жалпы, қаламызда орын алған құқық бұзушылықтардың басым көпшілігін жасөспірімдердің түнгі уақытта заңды өкілі немесе ата-анасыз қоғамдық орындарда жүру деректері құрап отыр. Қала прокурорының аға көмекшісі Қайсар Қалдыбаев бұл бір қарағанда жеңіл құқықбұзушылық сияқты көрінгенімен, жасөспірімдердің түнде қараусыз жүруі ауыр қылмыстарға себеп болуы мүмкін екенін айтады. Иә, халқымыз «Көп жорытқан түлкі терісін алдырады» деп босқа айтпаған. Сол себепті, ата-аналар балаларының түнде бейсауат жүрмеуін қадағалағаны жөн.
Кездесу барысында спикерлер өздерінің құқықбұзушылықтың алдын алу бойынша жылдық атқарған жұмыстарын баяндап өтті. Сонымен қатар, Жастар ресурстық орталығының өкілдері мен полиция департаментінің берлесе атқарған жұмыстары да талқыланды. Жиынға келген белсенді жастар өздерінің ұсыныстарын айтып, кездесу сұрақ-жауап форматында жалғасты.
Г.ТЕМІРХАНҚЫЗЫ