Редакция таңдауы

Хан ұрпағы – Әзімхан Кенесарин

Өмірге келу – қуаныш, кету – қасірет. Осы екі аралықта ұлты үшін аянбай қызмет етіп, адалдықты ту етуден асқан бақыт бар ма?! Қазақ халқының тарихында қаншама қиын-қыстау кезеңдерді бастан кешіргені анық. Сондай зобалаң, ауыр заманда ұлт болашығы үшін соңғы демі қалғанша, жанын беріп күрескен ұлт зиялылары, елім деген ерлер көп болды.

Дініміз бен діліміз, салт-дәстүріміз, тіліміз үшін басын бәйгеге тігіп, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, ұлт тәуелсіздігі үшін күрескен ата-бабаларымызды ұлағаттап, ұлықтап жүру біздің міндетіміз, борышымыз.
ХХ ғасырдың 20-50 жылдардағы зобалаңда қазақтың бір ғасырда бір туар, дара да дана тұлғаларымыздың өмірлері қыршыннан кетіп, тағдырлары қиын қыстау кезіне душар болған ұлт ардақтыларының бірінің есімін білсек, кейбірін енді ғана танып жатырмыз. ХХ ғасырдың басында саяси қызметтің қатерлі жолына жалтақтамай, ел тәуелсіздігі үшін аянбаған, халық бостандығын ту еткен ұлт зиялылары – Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Мағжан Жұмабаев сынды ұлы қайраткерлермен қатар жүріп, халқына адал қызмет еткен, Қазақ хандығының соңғы ханы Кеңесары Қасымұлының тікелей ұрпағы Әзімхан Кенесарин туралы не білеміз?! Міне, бүгінгі мақаламның негізгі дәйегі дәл осы сауал төңірегінде болмақ.
Әзімхан Ахметұлы Кенесарин 1878 жылы Шымкентте туған. Хан ұрпағы Әзімхан Кенесарин – қазақ ұлттық азаттық қозғалысының белгілі қайраткері, Алаш Орда үкіметінің мүшесі және қоғам қайраткері. Ол қазақтың ұлы ханы Кенесары Қасымұлының немересі, Наурызбай батырдың жиені.
Шымкент қаласындағы Саяси қуған-сүргін құрбандары музейінің қорындағы Әзімхан Кенесаринға жинақталған архивтік құжаттарға сүйенсек, Әзімхан Кенесары ханның Тайшық,Сыдық есімді ұлдарынан кейінгі ұлы – Ахметтің баласы. Ахмет сұлтанның бес ұлы: Исмайл, Ыбырай, Мұқан, Әзімхан, Шырынхан және бір қызы Қамаш болғаны дереккөздерде айтылады. Әкесі Ахмет сұлтан қайтыс болғанда Әзімхан Кенесарин 10 жаста болған екен.
Әзімхан Кенасарин 1897 жылы Шымкенттегі қалалық училищесін бітіріп, Әулиеата уезі басқармасында хатшы болып қызмет етеді. 1905 жылы Әулиеата уезінің қазақтары атынан Ресей империясы Министрлер Кеңесінің төрағасы – С.Ю.Витте атына петиция жазуға қатысты. 1917 жылы Ақпан төңкерісінен кейін қалыптасқан жағдайға сай Әулиеата уезінің қазақтарының саяси белсенділігін арттыру жолында қоғамдық өмірге қызу араласты. Жергілікті халықтың мүддесін қорғау мақсатында құрылған Әулиеата уезі Ұлттық кеңесіне төрағалық етті. Бірінші жалпықазақ съезінде Бүкілресейлік Құрылтай жиналысына депутаттыққа кандидат ретінде ұсынылды. Бүкілресейлік Құрылтай жиналысына Әулиеата уезінен сайлауға түсті. Оның ұйымдастыруымен 1917 жылы 12 қарашада Әулиеата уезі қазақтарының съезі болып өтті. 1917 жылы желтоқсанда өткен екінші жалпықазақ съезіне Сырдария облысы қазақтары атынан қатысып, онда съездің төрағасының орынбасары болды. Түркістан (Қоқан) автономиясына ізгі ниеттілік танытып, оны кеңес өкіметінің әскери күшпен талқандауына наразылық білдірді. 1921 жылдан Сырдария революция комитетінің хатшысы, уездік атқару комитетінде жер бөлімінің меңгерушісі, гидротехник болып қызмет етті.

Халыққа адал қызмет еткен қайраткер бір емес, екі рет абақтыға қамалған. Қамауға алынғанда отбасының құрамы деген графадағы мәліметтерге қарағанда Әзімхан Ахметұлының отбасы үлкен болғандығын көре аламыз. Жұбайы Зухра Батыршақызы (1898 жылы туған) 39 жаста, үй шаруасында, ұлы Натай (1908 ж.) 29жаста, Мәскеу қаласында гидрогеология институтының студенті, ұлы Мұхамедхан (1913 ж.) 24 жаста, Әндіжан қаласындағы ерекше темір жол бөлімшесінде қызметте, ұлы Мәдияр (1909 ж.) 18 жаста Мәскеу қаласында оқуда, ұлы Тәуке (1925 ж.) 12 жаста, Шымкент қаласында мектепте оқуда, қызы Халида (1911 ж.) 26 жаста, Ташкент қаласындағы педтехникумда студент, қызы Напуса (1925 ж.) 9 жаста, Шымкентте мектепте оқиды, қызы Аян (1930 ж.) 7 жаста мектепте, қызы Баян (1932 ж.) 5 жаста болған.
Әзімхан Кенесарин 1930 жылы Кеңес өкіметі тарапынан «ұлтшыл» және «буржуазиялық ұлтшылдардың жақтаушысы» деп айыпталып, алғаш рет қамауға алынды. Бұл айыптау оның Алаш Ордадағы рөлі мен қазақ жерін қорғаудағы қызметіне негізделді. 1932 жылы түрмеден босатылып, үйіне қайта оралады, бірақ, үнемі бақылауда болды. 1937 жылы 15 тамызда «ұлтшыл-контрреволюциялық, панисламизмдік-террористік диверсиялық ұйымға қатысқаны үшін» деген айыппын, қайтадан тұтқындалады. 1937 жылдың 28 қарашасында Үштіктің Қаулысымен КСРО Қылмыстық Кодексінің 58 бап 10 тармағы бойынша ату жазасына кесіледі. Үкім 1937 жылы 29 қарашада орындалды.
Әзімхан Кенесарин қуғын-сүргінге ұшырағаннан кейін, артында қалған отбасы мүшелеріне де оңай болмаған. Олар қоғамдағы сенімсіздік пен күдікке толы көзқарастарға төтеп беріп, өздерінің ар-намысын сақтап қалу үшін жанкештілікпен еңбек етті. Ата-бабаларының есімдерін ақтау жолында күресе жүріп, олар әділетсіздікке қарсы тұрудың үлгісін көрсетті. Әзімхан Кенесарин 1988 жылы толық ақталып, оның есімі тарихи әділеттілік аясында қайта жаңғыртылды.
Бүгінде Әзімхан Кенесариннің даңқты есімі халқымыздың мәңгілік рухани құндылығы болып қала бермек. Тарих қойнауынан әділ бағасын алып шыққан тұлғаның жарқын бейнесі – жас ұрпақ санасында үнемі жаңғырып тұрары сөзсіз. Әзімхан Кенесариннің өмір жолы – халқымыздың азаттық үшін жасаған сан қилы күресінің шежіресі, ал оның рухы – бүгінгі ұрпаққа үлгі, ертеңге аманат.

Гүлзира ОМАР, «Шымкент қалалық музейлер бірлестігі»
МКҚК-ның «Саяси қуғын-сүргін құрбандарының музейі»
бөлімінің кіші ғылыми қызметкері

Соңғы жаңалықтар