Қалалық Жастар ресурстық орталығында ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Асхат Оразбек Шымкент қаласы тұрғындарымен кездесу өткізді.
Іс-шараның басты мақсаты — цифрландыру, инновациялар бағытында атқарылған жұмыстарды саралап, жастарға арналған жаңа мүмкіндіктерді талқылау. Басқосуда қала тұрғындарының ұсыныс-пікірлері мен сұрақтарына жауап беру үшін арнайы ашық алаң ұйымдастырылды.
Жиында Асхат Елубайұлы цифрландыру мен инновациялардың бүгінгі қоғамдағы маңыздылығын атап өтіп, аталған салалар бойынша жүргізіліп жатқан мемлекеттік бағдарламалар мен жобаларды таныстырды. Сондай-ақ, жастардың осы салаларда жаңа технологиялар мен идеяларды жүзеге асыру үшін қандай мүмкіндіктерге ие екенін түсіндірді.
Қала тұрғындары мен ІТ саласы мамандарына арналған іс-шарада айтылған маңызды мәселелер мен ұсыныстар министрлік тарапынан толықтай назарға алынатыны айтылды. Тұрғындардың пікірлері мен ұсыныстары қала мен республика көлемінде жүзеге асырылатын цифрландыру және инновация саласындағы саясаттың дұрыс бағытта дамуына ықпал етеді.
Жиын соңында қала тұрғындары мен жастар ұялы байланыс операторларының жұмысына қатысты, киберқауіпсіздік мәселелері бойынша сұрақтарын қойды. Вице-министр әрбір азаматтаың сұрағына жан-жақты жауап беріп, саладағы бірқатар мәселелерді бірлесе шешу қажет екенін атап өтті.
Тағабай ҚАСЫМОВ