Редакция таңдауы

МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРДІҢ ҚҰМАР ОЙЫНДАРЫНА ҚАТЫСУЫНА ТҮПКІЛІКТІ ТЫЙЫМ САЛЫНДЫ

Биыл шілде айында Қазақстан Республикасының «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңына бірқатар түзетулер енгізіліп, сыбайлас жемқорлыққа қарсы жаңа шектеу пайда болды.

Атап айтқанда, аталған Заңның 12-бабының 1-тармағы «Ойын мекемелерінде құмар ойындарға және (немесе) бәс тігуге қатысу, сол сияқты құмар ойындарға және (немесе) бәс тігуге сол үшін бөлінбеген орындарда қатысу немесе телекоммуникация желілерін, оның ішінде Интернет желісін пайдалану арқылы өткізілетін құмар ойындарға және (немесе) бәс тігуге қатысу бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулерді қабылдайды» деген мазмұндағы тармақшамен толықтырылды. Осылайша, заңнаманың талаптары бүгінгі таңда барынша күшейді. Бұл ретте құмар ойын мекемелеріне бару тәртіптік жауаптылықты әкеп соқтырса, құмар ойынына қатысу қызметтен босатуға алып келетінін ерекше атап өту қажет. Сондай-ақ, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері Агенттігінің бастамасымен құмар ойындарға қатысуымен байланысты бұзушылықтарды анықтау мақсатында құқық қорғау, арнайы мемлекеттік және уәкілетті органдар арасында бірлескен жоспар қабылданды.
Бірлескен жоспардың негізгі мақсаты ойын мекемесіне бару немесе құмар ойындарға қатысу түріндегі бұзушылық жасаған лауазымды адамдарға қатысты ақпаратпен өзара алмасу, ойын мекемелерін тексеру және өзге профилактикалық жұмыстарды атқару болып табылады.

Ғ.КАСЫМБЕКОВ,
Шымкент қаласы мемлекеттік мүлік және жекешелендіру
департаментінің басшы орынбасары – Әдеп уәкілі

Соңғы жаңалықтар