Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2021 жылғы «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауында есірткіге қарсы күресті тоқтатпау керектігін айтқан еді. Мемлекет басшысы «Өскелең ұрпақтың болашағына қауіп төндіретін тағы бір қатер – есірткі заттарының, соның ішінде синтетикалық есірткінің де таралуы.
Құқық қорғау органдарына бұл қатердің азаматтар арасында, әсіресе жастардың ішінде таралуына барынша тосқауыл қоюды тапсырамын» деген еді. Осы орайда Шымкентте психо-әлеуметтік қолдау көрсетуге бағытталған «Науқастар мектебі» ашылды. Психикалық денсаулық орталығының жанынан ашылған бұл мектеп әртүрлі бағыт бойынша қызмет көрсетеді. Атап айтқанда, психикалық бұзылысы бар, оның ішінде алкогольге және есірткіге тәуелді науқастар мен олардың отбасы мүшелеріне кәсіби психологиялық көмек береді.
Бұл туралы Шымкент қалалық психикалық денсаулық орталығының бас дәрігері Серік Мыңбаев айтты.
– Тәуелділіктің басқа дерттерден ерекшелігі бар, мәселен, хирургиялық ауруларды түрлі операциялармен емдеуге болады. Ал, бұл жерде адамның ағзасына емес, ойында, сана-сезімінде өзгеріс болғандықтан, осындай тәуелділік пайда болады. Мамандар тек психологиялық көмекпен ғана ол дертті жеңуге көмек көрсете алады. Жалпы, Шымкент қаласында тәуелділікпен есепте тұрған науқастар саны 6 мыңнан асады. Ел арасында бұл дерт емделмейді деген қаңқу сөз бар. Сол үшін, орталыққа келіп жүгінетіндер аз. Дертке шалдыққан азаматтардың жақындары оны жасыруға тырысады. Бұл науқас адамға жасалған қастандық деп білемін. Ал, тәуелділіктен арылмайды деген сөз шындыққа жанаспайды. Емді уақытылы алып, дерттен толықтай арылған адамдар да бар. Дүниежүзілік статисткаға қарасақ, науқастардың 5-10 пайызы толықтай жазылған. Ал, біздегі мақсат бұл статистиканы арттыру, – дейді Серік Мыңбаев.
Шымкент қаласындағы Психикалық денсаулық орталығы 465 орынға лайықталған. Мұнда жоғары білікті дәрігерлер нашақорлық пен алкогольге тәуелді адамдардың түзу жолға түсуіне көмек қолын созады. Орталықта жалпы наркологиялық, психиатриялық, аутизмге шалдыққан балаларды емдеу, оңалту және жасырын емдеу бөлімшесі бар.
Гүлжауһар БАЖАҚАЙ