«Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында Шымкент қаласының барлық аудандарында санитарлық тазалық іс-шаралары қарқынды түрде жүргізілуде. Атап айтсақ, Абай ауданының Ынтымақ-2 шағынауданында, Әл-Фараби ауданындағы Сәуле шағынауданында, басқа да аудандардың аумағында кең көлемде сенбілік өтті.
Барлық ауданның коммуналдық мекемелердің қызметкерлері мен белсенді тұрғындар бірігіп, көшелер бойын, аяқ жолдарды тазалау жұмыстарын атқарды.
Абай ауданы әкімдігінің бас маманы Серікболсын Раматтың айтуынша, тазалық шарасына коммуналдық мекеменің 60-қа жуық жұмысшысы, 4 техника жұмылдырылған. Іс-шараға жергілікті тұрғындар, ардагерлер кеңесінің өкілдері және қоғам белсенділері атсалысты. Ауданның қоғам белсендісі Орынша Тәжібаева тұрғындардың тазалыққа деген белсенділіктері, ынтасы мен жауапкершіліктері артып келе жатқанын айтты.
Әл-Фараби ауданында Сәуле шағынауданында арық жүйелері тазаланып, қоқыс жиналды. Бұл жұмыстарға шамамен 200-ге жуық еріктілер, аудандық коммуналдық мекемелердің қызметкерлері және 10 техника жұмылдырылды. Тазалық шаралары барысында аудан тұрғындары да белсенділік танытты.
Сондай-ақ, Еңбекші ауданындағы Цементшілер шағын ауданы Қалтаев көшесінде жалғасын тапты. «Таза Қазақстан» акциясы аясында аудан аумағындағы Цементшілер шағынауданындағы орталық көшелер мен ішкі орам көшелердегі балалардың ойын алаңшалары тазаланды. Ал, аудандық коммуналдық қызмет өкілдері ағаштарды бұтау, жиналған күл-қоқыстарды арнайы техникаларға тиеу жұмыстарын жүргізді. Сонымен қатар, гүлдерді егу жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Цементшілер шағын ауданының тұрғындары да игі іске атсалысуда.
— Бүгінгі тазалық жұмыстарына қатысқан барлық азаматтарға алғысымды білдіремін. Ауланың таза болуы өзімізге байланысты. Біз әрқайсымыз тазалық мәдениетін алдымен өзімізден бастауымыз керек, сонда біздің жастарымыз да тазалықты сақтайтын болады,-дейді Цементшілер шағын ауданының тұрғын үй төрайымы.
«Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы аясында Қаратау ауданы бойынша жыл басынан бері тұрақты жұмыстар атқарылып келеді. Қоршаған ортаны таза ұстау, тұрғындар үшін қолайлы жағдай жасап, азаматтық жауапкершілікті арттыру мақсатында ұйымдастырылған жиын, қыс ауасына қарамастан жүзеге асырылуда.
— Нұрсат шағынауданында «Қаратау» мекемесі мен «Жасыл жер» ЖШС-і мен аппарат қызметкерлерінің қатысуымен сенбілік жұмыстары ұйымдастырылды. «Таза Қазақстан» бағдарламасы екі мәселені көздеп отыр. Біріншіден, тазарту. Екіншіден экологиялық мәдениетті тарату. Алғашқы уақытта тұрғындар арасында белсенділік байқалмады. Кейін өздерінің ынталарымен тазалық жұмыстарына қатысамын деген ниеттілер еселенді, –дейді Қаратау ауданы әкімінің орынбасары Азамат Парманов.
Сенбілік барысында көшелер мен аулалар тазартылып, ирригациялық арықтар мен аяқжолдар, қоқыстан тазартылды. Сонымен қатар, ауданда жыл басынан ай сайын тазалық акциясы және апта сайын тұрақты жалпы қалалық сенбілік ұйымдастырылуда. Сенбіліктерге жыл басынан бері 5000 -ға жуық аудан тұрғындары, 300 -ге жуық кәсіпкерлік нысан иелері, 100-ге жуық әлеуметтік білім нысандары мен 50-ге жуық емдеу мекемелері тұрақты қатысуда.
Сондай-ақ, өткен аптада Тұран ауданы аумағында да кезекті сенбілік іс-шарасы ұйымдастырылды. Тұран ауданы әкімдігі, аудандық коммуналдық мекемесі, «ШымкентСпецКомплекс» ЖШС өкілдері, ардагерлер, тұрғындар мен белсенді жастар кезекті тазалық жұмыстарына белсене қатысты.
Көпшілік Шымкент-Ташкент бағытындағы жол жиегін, кәсіпкерлік және әлеуметтік нысандар аумағын қоқыстан тазарту, көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларын және елді мекен көшелерін ретке келтіру жұмыстарын жүргізді. Жалпы тазалық жұмыстарына 19 техника жұмылдырылды. 200-ге жуық қатысушы баршамызға ортақ шаһарды көркейтуге үлес қосты.
Тұран ауданы коммуналдық бөлімінің басшысы Дәурен Балғановтың айтуынша, ауданда жыл басынан бері 60-тан астам сенбілік өткен. Өзен, көше бойлары, елді мекендер, әлеуметтік нысандар, саябақтарда санитарлық тазалық жұмыстары атқарылған.
Жалпы, Шымкент қаласының бес ауданында мұндай экологиялық іс-шаралар тұрақты түрде өткізіліп, табиғатты қорғауға және қала экологиясын жақсартуға бағытталған жұмыстар жалғасын табады. Жауапты мамандар алдағы уақытта да осындай шаралардың жиі ұйымдастырылатынын айтады.
Бұл шаралар қаланы таза әрі көрікті етуге, тұрғындардың экологиялық санасын дамытуға бағытталған маңызды қадам болып отыр.
Салтанат ЖАМАЛДИНОВА,
Гүлжауһар БАЖАҚАЙ,
Тағабай ҚАСЫМОВ