Редакция таңдауы

«Еркіндікті ту еткен жастар едік…»

Әл-Фараби атындағы қалалық ғылыми-әмбебап кітапханада Желтоқсан оқиғасы қатысушыларымен арнайы кездесу өтті. Қаратау ауданы әкімдігінің ұйымдастыруымен болған жиында көтеріліске қатысушылар сол кездегі жастардың ұраны мен ұстанымын айтып, қазіргі жастардың қоғамдағы рөліне тоқталды.

Тарихи оқиғаның куәгерлері болған Шымкент қаласының тұрғыны Гүлбайра Тұрғымбаева жүрек тебірентерлік естеліктерін айтып, жас буынға үлкен ой салды. Желтоқсаншылар өз сөзінде жастарды «Қазір, білім мен ғылымның дамыған заманы, бүгінгі жастар білектің күшіне емес, білімнің күшіне сенуі қажет» деп, болашаққа айқын бағдар жасауға және дұрыс мақсат қоя білуге шақырды. Желтоқсан оқиғасына қатысқандардың басым бөлігі кезінде небәрі 20 жастағы бойжеткендер мен бозбалалар болған. Жастығына қарамай, «Елді қазақ басқарсын!» деген ұстанымын алға тартып, құрбы-құрдастарымен бірге алаңға шыққан. Қанды оқиға кезінде жастар талабынан қайтпаған соң жасақ келіп орталық алаңнан қуа бастады дейді,-қатысушылар.
– Екінші курста оқып жүрген кезіміз еді Қыздар педагогикалық университетінде. Осы оқиғаға бәріміз түгел барып қатыстық. Қазіргі еске алсақ, қатты қиналған сәттеріміз есімізге түседі. Құдды бір ертегі, болмаған оқиға тәрізді. Бірақ, сол сәттер біздің басымыздан өтті. Тым жас болыппыз. Жастықтың буымен бұл елдік сақталды. Сол кездерде бас көтеріп шыққанымыз үшін, қорықтық. Бейбіт күннің басталғаны ашықтық пен еркіндікті алып келді. Кейінгі жылдары қатысқанымыз туралы ашып айтатын болдық,-дейді Гүлбайра Тұрғымбаева.
Бұған дейін Қаратау ауданы әкімдігінің ұйымдастыруымен аудан аумағындағы мектептердің жас мұғалімдері арасында тәуелсіздік туралы эссе-толғау байқауы ұйымдастырылған еді. Байқау қортындысы дәл осы кездесуде марапатталды. Эссе жазып, жүлдегер атанған жас мұғалімдер ұзақ іздендік дейді. Жүлделі қатысушылардың бірі Динара Хавасматова 8 жылдан бері балаларға ағылшын тілінен тәлім беріп келеді. Ол жарысқа ерекше қызығушылықпен 2 орынды алған №71 ЖОМ ағылшын тілі пәнінің мұғалімі өз материалында барлық маңызды оқиғаларды қамтуға тырысқанын айтады.
– Тәуелсіздікке жету оңай болған жоқ. Сол оқиғалар туралы бейнероликтер мен кітаптарды ақтарып, тәуелсіздікке жеткенге дейін қаншама еңбектер болғанын, кімдер қатысқанын бәрін зерттедім. Байқағаным, біздің тарихи оқиға әлі күнге дейін өз деңгейінде зерттелмеген. Не көркем фильм түсірілмеген. Қаншама қатысқан боздақтардың аттары бізге беймәлім. Білеріміз сол оншақты тұлға. Ізденісім арқылы тың дүние жаздым. Жарыс талабы бойынша материал бір жарым беттен әрі аспауы керек еді. Сол көлемге сыйдыруға әрекет жасадым. Әуелі Желтоқсан оқиғасын сыйпаттайтын өлең жолдарымен бастадым. Ары қарай қаламға ерік беріп, қаламым әдемі дүниені шығарды,-дейді Динара Хавасматова.
Желтоқсан көтерілісіне қатысқандар біздің ортамызда. Олар тірі тарих. Айтылған әрбір естеліктері олардың жанын ауыртады. Мұңлы оқиға еріксіз көзге жас алғызады. Күні бүгінге дейін айтылып та, тыңдалып та келе жатқан Тәуелсіздікке жету жолындағы қанды Желтоқсан көтерілісіне қатысқандар да, оқиғалар да ұмытылмайды.

Гүлжауһар БАЖАҚАЙ

Соңғы жаңалықтар