Қазақ руханияты көкжиегінің кеңеюіне үлес қосып жүрген рухты тұлғалар көп. Тамыры тереңге жайылған тарихқа көз жүгіртсек, ғұмыры ғибратты, өмірі өнегелі, шығармашылығы құнды, ардақты жандардың тұғырлы тұлғасы дараланып тұратыны заңдылық. Ұлттық құндылықты өмірі мен шығармашылығына темірқазық етіп ұстанған тұлғалардың бірі, сазгер, әнші, термеші – Өмірзақ Оспанов.
Өмірзақ Оспанов 1955 жылы 29-наурызда Қызылорда облысы, Шиелі ауданында дүниеге келген. Өнерге жан-тәнімен берілген сазгер, әнші, термеші ағамызды білмейтін жан кемде-кем шығар?! Әбділда Аймақ ағамыздың «Шымкентім – шырайлым» өлеңіне жазылған Өмірзақ Оспановтың әні әрбір шымкенттіктің жүрегінен орын алып, тыңдарман қауымның ыстық ықыласына бөленген әндердің бірі десек, артық айтқандық емес. Ұлттық музыканың алтын қорын баға жетпес туындылармен толықтырған әнші-сазгердің 500-ге жуық әні мен өлеңі бар. Оның ақындық, сазгерлік болмысынан туындаған шығармалары өзіндік ұлттық бояуымен, нақышымен ерекшеленіп, халқының оң бағасын алған. Табиғаттың сұлулығы мен адамның жан дүниесін психологиялық параллелизм әдісімен астастыра, терең сезіммен сипаттайтын әндерінің орны ерекше.
1988 жылдан бері өткен дәстүрлі өнер конкурстарының бірнеше дүркін жеңімпазы, 1994 жылы Темірлан елді мекенінде өткен облыс композиторларының байқауының екі мәрте жүлдегері Өмірзақ Оспановтың шығармашылығына туған жерге деген сүйіспеншілік, патриоттық, аксиологиялық мәселелер, ата-анаға құрмет, махаббат пен адалдық тақырыптары арқау болған.
Өткен ғасырдың жетпісінші жылдарында республика жұртшылығына кеңінен насихатталып, танымал болған, сол кезеңнің «хит» әндеріне айналған «Шымкенттегі сұлу қыз», «Әппағым-ай, әппағым», «Әке-шешем үйлен дейді, маған», «Аяла өзің мені», «Махаббат көлі мұңайды», «Автобустағы қарындас», «Эх, жаным Гүлайна», «Ана» және де танымал әнші Нұрлан Өнербаевтың репертуарындағы «Барша жанды бауыр тартқым келеді»,«Ару ай» атты туындылары – бүгінге дейін ұмытылмаған, көпшіліктің көңілінен орын алған, өміршең шығармалар. Шымкент қаласындағы Ш.Қалдаяқов атындағы гүлзардың «Жұлдыздар» аллеясындағы мәрмәр тасқа есімі қашалып жазылған композитор Өмірзақ Жұмағұлұлы Оспановтың дарыны мен таланты жоғары бағаланып, өнері еленгені, әрі халқының бұл тұлғаға деген ерекше құрметі деп білеміз. Мұны хакім Абай айтқандай, «…ғиззат-құрметтің өзі іздеп тапқанының…» жарқын көрінісі деп білеміз. Келер 2025 жылы көрнекті композитордың 70 жылдық мерейтойын қала көлемінде аталса деген игі тілек бар.
«Азаматын ардақтап, ұлықтаған халқы мен басшысы бақытты» деген тәмсілге сай, ұлт руханиятының рухты өкілдерінің бірі, композитор Өмірзақ Жұмағұлұлы Оспанға елі, қоғам, жас ұрпақтың игілігі үшін атқарған еңбегінің лайықты бағасын беру, насихаттау – маңызды іс.
«Әкем «Мен өлмеймін өлмейтұғын әндерім барда» деуші еді. Шәмші атамыздың көзін көріп, шығармашылық байланыс орнатқан. Кейде «Осы мені Шәмші атаң сияқты өлген соң, қарапайым халқым көтермесе, ешкім көтермейді» деуші еді», — деп, сазгердің перзенті Ләззат Оспанқызы әкесі жайлы тебірене еске алды. Отбасында жұбайы Дана, ұлы Қайрат, қыздары – Салтанат пен Ләззат, келіні Эльмира мен 10 немересі бар.
«Жақсының ісі өлмейді, ізі өшпейді» демекші, Өмірзақ Оспановтың өлмес, өшпес музыкалық мұрасы халқымен бірге мәңгілік жасай бермек.
Әсем ҚАБЫЛОВА,
Шымкент қаласының орталықтандырылған
балалар кітапханалар жүйесінің кітапханашысы