Шымкент қаласы «Шалқар шабыт» мүгедектер қоғамы» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен мүгедектігі бар азаматтар арасындағы «Мөлдіреген жыр сезім» атты көркем сөз оқу байқауы өтті. Шара көрнекті ақындар Әлібек Шегебай мен Бақытжан Алдиярдың 50 жасқа толу құрметіне орай ұйымдастырылды.
Бұл игі шараның басты мақсаты – мүмкіндігі шектеулі жандар арасынан шын талантты анықтау және қазақ поэзиясына деген сүйіспеншілікті насихаттау.
Байқауға Шымкенттен бөлек, Орал, Алматы, Қызылорда, Ақтөбе, Тараз, Түркістан қалалары мен Түркістан облысының Жетісай, Созақ аудандарынан келген 15 үміткер қатысты. Жырға деген сүйіспеншілігі шексіз дарынды қатысушылар көрермендерді шынайы поэзиямен баурап алды.
Байқау нәтижесінде Шымкент қаласынан қатысқан Салтанат Мадиярқызы бас жүлдені иеленіп, көркем сөз оқудағы шеберлігімен ерекше көзге түсті. Бірінші орын Орал қаласынан келген Асылбек Қуанышқалиевке бұйырса, Қазығұрт ауданынан қатысқан Рүстем Кенжеұлы екінші орынға лайық деп танылды. Ал, үшінші орынды Созақтық Дәулет Дәмен иеленді.
Байқауға қатысушылардың дайындығы мен таланты әділқазыларды тәнті етті. Әр үміткер Әлібек Шегебай мен Бақытжан Алдиярдың өлеңдерін жүрекке жеткізіп, мәнерлі дауыстарымен тыңдармандардың жан-дүниесін тебіренте алды.
Эльмира СӘРСЕНБАЙҚЫЗЫ