Мемлекет басшысы биліктің барлық тармақтары өз жұмысын ашықтық пен жариялылыққа негіздеуі керектігін үнемі айтып келеді. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына негізделген бұл саясат барлық мемлекеттік органдардың жұмысына түпкілікті өзгерістер әкеліп, халықтың оларға деген сенімінің нығаюына негіз болып отыр.
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жұмыстың тап осы бағытта өрбуі керектігін билікке келген алғашқы жылдарынан бастап айтып келеді. Өңір әкімдерімен болған кездесулердің бірінде ел Президенті «Бастысы – халықпен диалог орнату. Билік халықты тыңдап, олардың талап-тілектеріне зейін қоюы керек. Шенеуніктер кабинеттерінде отырмауы керек. Тұрғындармен жұмыс істеуі керек. Әкімдер мемлекеттің саясатын азаматтарға түсіндіруі тиіс» деп нақты айтқан болатын.
Расында, елімізде жүргізілген саяси реформалардың нәтижесінде жергілікті атқарушы органдардың да жұмысы демократия қағидаларына сай өзгеріп, елімізде әкімдердің жаңа буыны қызметке келе бастағанын көріп жүрміз.
Қазақстанда соңғы 5 жылда жүргізілген саяси реформалардың ең маңызды неәтижелерінің бірі – биліктің десакрализациясы. Қазір қоғам әкімдер мен министрлерге, ең алдымен, халықтың қызметшісі деп қарауды үйренді. Соған сәйкес әкімдер де бұрынғыдай кабинетте отырып, тапсырма берумен, жиналыс өткізіп, қол астындағылардан есеп сұраумен ғана шектелмей, тұрғындардың арасына өз аяғымен барып, жұмыстың егжей-тегжейімен танысып, проблемаларды тап сол жерде шешуге дағдыланып келеді. Бұған көз жеткізгіңіз келсе, Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбековтің жұмыс кестесіне назар аударсаңыз болғаны. Бүгінде тұрғындар саны 1 миллион 250 мыңнан асқан мегаполистің басшысы аптасына бірнеше мәрте шаһарды аралап, түрлі саладағы жұмысты өз көзімен көріп, жұмысты қадағалап отырады.
Ғабит Әбдімәжитұлы сол дағдысы бойынша осы аптада да шаһарды аралап, қаланы абаттандыру, кәсіпкерлікті қолдау, бұқаралық спортты дамыту бағыттарындағы жұмыс барысымен танысып шықты.
Кезекті қоғамдық демалыс орны ашылды
Қала әкімі Еңбекші ауданы, Сайрам көшесінің бойында бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында салынып жатқан жаңа қоғамдық орын құру жұмысымен танысты.
Аумағы 10 000 шаршы метрден асатын бұл жерде қала тұрғындарының жайлы демалысы үшін орындық пен әткеншектер, жарықшамдар және екі спорт алаңшасы орнатылады. Сонымен қатар саябақ аумағында сакура мен платан көшеттері отырғызылып, автоматты суару және дренаж жүйесі бар көгал жасалады. Бұл нысанды келесі аптада тұрғындардың игілігіне тапсыруды жоспарлап отырмыз.
Айта кетейік, Шымкентте жайлы ортаны қалыптастыру мақсатында демеушілер есебінен сквер, саябақ, қоғамдық кеңістіктер құру жұмыстары қолға алған. Атап айтқанда, «BIG tulip», «Спутник» скверлері және «Аналар» аллеясы салынып, «Көл» демалыс аймағы қайта жаңғыртылды және бұрынғы істен шыққан 6,2 шақырым балалар теміржолының орнына, веложолақ пен жаяу серуен аймағы ұйымдастырылды. Осындай демеушілер есебінен 45 гектарлық ескі қоқыс полигоны аумағында рекультивация жұмыстары жүргізіліп, «Эко саябақ» салу жұмыстары да басталды. Сонымен қатар орталықтан шалғайда орналасқан Сәуле шағынауданында ойын, спорт алаңшалары мен жүгіру жолағы бар саябақ ашылды. Жыл соңына дейін Шымкентте жаңа 24 сквер салынады деп жоспарланған болса, Сайрам көшесінің бойындағы нысан солардың бірі.
Жалпы, алдағы 5 жылда Шымкентте 600 мың ағаш көшеттерін отырғызу жоспарланған. Биыл 200 мыңға жуық ағаш көшеттерін отырғызу жұмыстары жүргізілуде. Қала тұрғындарына арналған демалыс аймақтарын құру мақсатында «Шымкент сити» шағын ауданында 20 га жерде орналасқан саябақ пайдалануға берілді. Бұл жерде 7 мың шаршы метр жасанды көл, амфитеатр, спорт-ойын алаңшаларымен бірге, биіктігі 100 метр «Ту тұғыры» орнатылды.
Өнеркәсіп өрге басып келеді
Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков шаһарды аралау барысында кондитерлік өнім шығаратын «Рахат Шымкент» ЖШС-нің жұмысымен де танысты. Кәсіпорында 440-тан астам жұмыс орны ашылған. Келесі жылы мұнда жабдықтарды жаңғыртып, өнім көлемін арттыру көзделіп отыр.
Айта кетейік, бүгінде Шымкент қаласының өндірістік әлеуетін дамыту бағдарламасы аясында жаңа индустриялық аймақтарды құру бойынша тың жобалар іске асырылып жатыр. Қазірдің өзінде жалпы ауданы 1 194 гектар болатын 2 жаңа өндірістік аймақ ашылғаны белгілі. Онда жалпы құны 759 млрд теңгені құрайтын 275 жоба іске асырылатын болады. Осы жобалардың нәтижесінде қала экономикасына айтарлықтай инвестициялар тартылып, 11 мыңнан астам жұмыс орны ашылады.
Бұдан басқа, қолданыстағы 3 аймақты 466 гектарға кеңейту жалғасуда, бұл өндірістік қуаттылықты ұлғайтуға және бизнесті дамыту үшін қосымша жағдайлар жасауға мүмкіндік береді.
Қаланың логистикалық инфрақұрылымына әсер ететін негізгі жобалардың бірі – елдің оңтүстік аймағына келетін тауарлар үшін тиімді логистиканы қамтамасыз ететін аймақтық логистикалық хаб құру. Бизнесті қолдау және жаңа жұмыс орындарын құру мақсатында шағын және орта кәсіпорындар үшін мамандандырылған қойма алаңдары салынатын «Стандарт» жеке индустриялық аймағы іске қосылады. Осы жаңа және кеңейіп жатқан аймақтардың инфрақұрылымын қамтамасыз ету үшін жергілікті бюджеттен 2,7 млрд теңге бөлінген.
Бұқаралық спортты дамытуға басымдық беріліп отыр
Кезекті аралау барысында қала әкімі Ғ.Сыздықбеков теміржол вокзалы аумағындағы көктайғаққа байланысты тұрғындардың шағымын да назардан тыс қалдырмады. Жағдаймен танысып, жауапты мамандарға қарды тазалау және шығару жұмыстарын күшейтуге тапсырма берді. Жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігі үшін кіреберіс пен жол төсемдерін мұзға қарсы реагенттермен (техникалық тұз) өңдеуді міндеттеді. «Алдағы уақытта әріптестеріммен бірлесе отырып, осы аумақтағы мұзға қатысты мәселені шешу жолдарын жан-жақты қарастырамыз» деді, шаһар басшысы.
Әрі қарай Тұран ауданында орналасқан №15 олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің құрылысына барды. Нысан келесі жылдың бірінші тоқсанында пайдалануға беріледі. Қала басшысы мердігер ұйым өкілдеріне құрылыс жұмыстарын сапалы әрі уақтылы аяқтау бойынша тапсырма берді.
Сонымен қатар, осы күні Ғ.Сыздықбеков Әл-Фараби ауданындағы «Мұз сарайын» аралап, спортшыларға жасалған жағдаймен де танысты. Жаттықтырушылармен және тәрбиеленушілердің ата-аналарымен әңгімелесіпғ бұқаралық спорт пен балалар-жасөспірімдер спортына басымдық беруді жалғастыратынын айтты.
Айта кетейік, бүгінде Шымкент қаласы тұрғындарының 42 пайызы бұқаралық спортпен айналысады. Биыл шымкенттік спортшылар Қазақстан, Азия және әлем чемпионаттарына қатысып, жалпы 768 алтын, 642 күміс және 724 қола медаль жеңіп алған.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Шымкентте халықаралық деңгейдегі 35 мың орындық жаңа, заманауи стадионның құрылысы басталды. Қазір стадион аумағында жер жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, жеке инвестиция есебінен 1 000 адамға арналған «Еламан» спорт кешені пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін қалада 500 адамға арналған «SPORT LIFE» шағын футбол орталығының құрылысы аяқталады деп жоспарланған.
А.САЙЛАУҰЛЫ