Шымкенттегі «Металлург» стадионында дзюдодан жасөспірімдер арасында STROY CITY дәстүрлі турнирі өтті. Тәуелсіздік мерекесіне орайластырылған Шымкент қаласының ашық біріншілігіне 2011-2013, 2013-2014 жылы туған кіші жасөспірімдер, жалпы 400-ге жуық жас балуан қатысты. Аталған турнир кәсіпкер азаматтардың демеушілігімен ұйымдастырылып келеді.
Жарыстың салтанатты ашылу рәсімінде Шымкент қаласы дзюдо федерациясының вице-президенті Алтынбек Абаев, аралас жекпе-жек шебері Арман Оспанов және өзге де демеуші азаматтар жастардың қадамына сәттілік тілеп, олардың арасынан келешекте ел намысын қорғайтын азаматтар шығатынына сенім білдірді. Алтынбек Абаев федерация тарапынан демеушілік еткен азаматтарға алғысын жеткізді.
Дзюдо спорты соңғы кезде елімізде қарқынды дамып келеді. Биыл Парижде өткен Олимпиада ойындарында Елдос Сметов алтын, Ғұсман Қырғызбаев қола жүлдеге ие болды. Жарқын жеңіс жасөспірімдерге зор серпін берген. Биылғы турнирге қатысушылар да көбейген.
2024 жылы жерлесіміз Талғат Орынбасар Душанбеде (Тәжікстан) өткен дзюдодан жастар арасында әлем чемпионатының қола жүлдегері атанған еді. Шымкент қаласында дзюдо күресінен дарынды жастар өсіп келеді. Талғат Орынбасардың ізін жалғайтын жастардың шығуына сенім мол. Елдостың салмағында әлемдік сайыста көзге түскен жерлесімізден зор үміт күтеміз.
Жарыстың бас төрешісі Самат Сапышевтің айтуынша, жарыс ескі ереже бойынша өтті. Жалпы 10-нан астам төреші қазылық етеді.
Жарыстың жеңімпаздары мен жүлдегерлері бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Тағабай ҚАСЫМОВ