Редакция таңдауы

ҚАНДАСТАРДЫ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУҒА ЕРЕКШЕ НАЗАР АУДАРЫЛЫП ОТЫР

Қандастардың елге оралуы демографиялық ақуалды жақсартып қана қоймай, әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткішіне де оң әсерін тигізуде. Қандастарды қабылдау, оларға қолдау көрсету мақсатында арнайы бағдарламалар іске қосылды.

Кешенді шаралар аясында қалада биыл 366 отбасындағы 736 адам «қандас» мәртебесін алып, 48 отбасындағы 64 адамның мәртебесі 6 айға ұзартылды. “Қандас” мәртебесін алғандардың ішінде 365 ер адам мен 371 әйел бар, олардың 234-і 18 жасқа дейінгі балалар, ал 90-ы зейнеткерлік жастағы азаматтар. Қоныс аударған қандас отбасыларда 412 адам еңбекке қабілетті.
Мегаполиске қоныс аударған қандастардың басым бөлігі — ТМД елдері мен Өзбекстаннан келгендер. Жыл басынан бері Өзбекстаннан 722 адам, Қырғызстаннан – 1, Ресейден – 7, Түркіменстаннан – 2 және Қытайдан 4 қандас көшіп келді. Олардың дені құрылыс, сауда-саттық және басқа да салаларда жалдамалы жұмыстарда еңбек етуде.
Шымкентте 2008 жылдан бері «Қандастарды бейімдеу және ықпалдастыру орталығы» жұмыс істейді. Орталықтың мақсаты – қандастар мен олардың отбасыларына Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес 6 ай бойы бейімдеу және кіріктіру бойынша қызметтер көрсету. Қазіргі таңда қызметті 16 отбасыдан 47 адам пайдаланып отыр.
Еңбек мобильділігі орталығына жыл басынан бері 124 қандас жүгініп, олардың 66-сы жұмыспен қамту шараларына тартылды. Бір қандас жұмыс берушілердің сұранысына сай оқуға жіберілсе, 27 қандас тұрақты жұмыс орындарына орналасты.
Мемлекеттік бағдарламалар арқылы 4 жас маман «Жастар практикасы», 4-і «Қоғамдық жұмыс», 10 қандас «Алғашқы жұмыс орны», 1 адам «Күміс жас» бағдарламалары аясында жұмысқа орналасты. Ал 18 қандас «Бастау бизнес» жобасы арқылы алғашқы кәсіпкерлік дағдыларын меңгеруде.

Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі

Соңғы жаңалықтар