Редакция таңдауы

Күнделікті және мерекелік іс-шаралар кезінде ботулизм мен тамақтан улану жағдайларының алдын алудың қарапайым қағидалары

Тағамнан улану жағдайы мен «ботулизм» ауруының тіркелуі–санитариялық-эпидемиологиялық қызметтің күн тәртібіндегі өзекті мәселелерінің бірі. Дұрыс дайындалмаған өнімдерді тұтыну салдары «ботулизм» ауруы мен тамақтан улану жағдайының тіркелуіне себепкер болуы әбден ықтимал.

Ботулизм ауруының улы таяқшалары ауасыз кеңістікте дамиды. Ерекшелігі де осында, яғни тағамның түсі, түрі еш өзгеріссіз қалпында қалады. Аурудың ерте белгілеріне аз уақыт ішінде байқалатын тамақтан улану симптомдары жатады ( жүрек айну, құсу, бас ауру). Бара-бара бұл ботулизм ауруына тән жүйке жүйесінің жұмысының бұзылуы белгілеріне ауысады (көз еттерінің жансыздануы, қарашығының үлкеюі, заттарды қосақтап көру (диплопия), жарыққа реакцияның болмауы, таңдай еттерінің, тамақтың, кеңірдектің жансыздануы, жұту, шайнау актілерінің бұзылуы және т.б).

Ағымдағы жылы Шымкент қаласы бойынша ұйымдасқан ұжымдарда және қоғамдық тамақтану нүктелеріне байланысты жаппай тағамнан улану мен «ботулизм» ауруының жағдайлары тіркелмеді. Бұл бағытта ұдайы санитариялық ағарту жұмыстары белсенді жүргізілуде.

Тамақтан улану және ботулизм ауруларының алдын алу шаралары:

— көшеден үй жағдайында дайындалған салаттар мен консервіленген тағамдарды сатып алмау;

— консервіленген тағамдарды пайдаланар алдын оның сатылу мерзіміне және қақпақтың көтерілуінің, яғни герметикалық қораптың бұзылуының бар-жоқтығына назар аудару;

— үй жағдайында консервіленген көкөністерді, жемістерді және саңырауқұлақтарды пайдаланар алдында 15-20 минут термиялық өңдеуден өткізу;

— жеке бас гигиенасын сақтау, қолыңызда жарақат болса ас әзірлеуге қатыспау немесе үй жағдайында бір реттік қолғап киіп әзірлеу;

— шикізат пен дайын өнімдерді қауіпсіздігін растайтын құжаттары бар сауда орындарынан алу, олардың бірге сақталмауына, қорапталынуына, ластанбауына назар салу;

— көкөністерді, жемістерді пайдаланар алдында таза ағынды сумен мұқият жуу;

— азық-түлік өнімдерін сақтауда сақтау нұсқамаларына қарау, сақтау мерзімі өтіп кеткен өнімді пайдаланбау, дайын тамақтарды, әсіресе салаттарды бөлме температурасында сақтамау.

Ауру белгілерінің алғашқы белгілері (жүрек айну, құсу, бас ауру, диарея) байқалса, дәрігерге қаралу қажет!

А. Тұрымбетова — Шымкент қаласының
СЭБД басшы орынбасары

Соңғы жаңалықтар