Шымкент қаласында дәстүрге айналған Президенттік жаңа жылдық шырша мерекесі ерекше сән-салтанатпен өтті. Шараға қала мектептерінен 9 бен 13 жас аралығындағы 300 бала қатысты. Олардың арасында белсенді, озат оқушылар, сондай-ақ, аз қамтылған отбасылардан шыққан дарынды балалар бар.
Мереке Қасым-Жомарт Тоқаевтың балаларға арнаған құттықтауымен басталды. Президенттің жылы лебізін қала әкімі Ғабит Сыздықбеков жеткізді. Әкім өз сөзінде балаларға жарқын болашақ пен көтеріңкі көңіл күй тіледі.
«Сүйікті балақайлар, Сіздер – біздің болашағымызсыздар. Әрқайсыңыздың армандарыңыз орындалып, алда жарқын жетістіктерге жете берулеріңізге тілектеспін», – деп атап өтті Ғабит Әбдімәжитұлы.
Мерекелік кеш барысында Шымкент-цирк, Ж.Шанин атындағы қалалық академиялық драма театры, қалалық қуыршақ және жасөспірімдер театры мен қалалық өзбек драма театрының өнерпаздары балаларға ерекше әсер қалдырған түрлі қойылымдар көрсетті. Балалар ертегі әлеміне саяхат жасап, шығармашылық өнердің ғажайып сәттерін тамашалады.
Шырша тойының сәнін келтірген әсем безендірілген шырша мен балаларға таратылған сыйлықтар олардың мерекелік көңіл күйін арттыра түсті. Балғындардың жүзіндегі қуаныш пен шаттық бұл кештің ерекше екенін көрсетті.
Президенттік жаңа жылдық шырша – балалардың армандарына қанат бітірген игі шара болды. Еліміздің барлық қаласында бір мезетте өтіп жатқан шараның бас сыйлығы әр балаға Президент атынан 120000 теңгелік сертификат болды. Жаңа жыл қарсаңындағы бұл мереке балалардың жүрегіне қуаныш сыйлап, олар үшін ұмытылмас естелікке айналады.
Салтанат ЖАМАЛДИНОВА