Редакция таңдауы

Шымкентке қош келдіңіз, «Мадам Баттерфляй!»

Опера әлемінің алтын қорына енген Джакомо Пуччинидің «Мадам Баттерфляй» операсы Шымкент сахнасында қайта жаңғырды. Ғасырдан астам уақыт бойы көрермендердің жүрегінен орын алған бұл туынды биылғы театр маусымының ең айтулы оқиғасына айналмақ.

«Мадам Баттерфляй» операсы жапон қызы Чио-Чио-сан мен америкалық теңіз офицері Пинкертон арасындағы махаббат пен қайғылы хикаяны баяндайды. Әлемдік деңгейдегі осы шығарманың сахнаға қайта оралуы –Шымкент опера және балет театрының көрермендерге сыйлаған үлкен сыйы.
Премьера жаңашыл режиссерлік шешімдерімен ерекшеленді. Заманауи элементтер енгізілген қойылым дәстүрлі жапон мәдениетінің жаңа қырын ашты. Көркемдік атмосфераны байыта түскен жапондық стильдегі декорациялар мен көздің жауын алатын костюмдер спектакльді ерекше сәндеді.
– Операның қоюшы режиссері Михаил Панджавидзе – Ресейде ғана емес, әлемдік деңгейде танылған тәжірибелі маман. Оның ерекше көзқарасы мен жоғары талғамы сахналық қойылымды шеберлікпен орындауға мүмкіндік берді.
Қоюшы дирижер Ербол Ахмедьяров – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, елордалық өнер ұжымы арасында жоғары бағаланатын тұлға. Ол Пуччини музыкасының жан-дүниесін терең түсініп, оның жаңа интерпретациясын ұсынды. Бас суретші Бақыт Күзембаевтың көркемдік шешімдері декорация мен костюмдердің үйлесімін қамтамасыз етіп, жапон мәдениетінің нәзік сұлулығын сахнада көрсетті. Мен ұжымның осындай күрделі туындыны алып шыққанына өте қуаныштымын, — дейді театр басшысы Майра Мұхамедқызы.
Операдағы басты рөлдерді халықаралық байқаулардың жүлдегерлері, тәжірибелі әртістер орындады. Чио-Чио-сан рөліндегі әнші нәзік дауысы мен шебер актерлік өнері арқылы көрермендерді тәнті етсе, Пинкертон бейнесін орындаған әртіс драматизм мен сенімділіктің жоғары деңгейін көрсетті.
Премьераға жиналған қауым қойылымды үлкен қошеметпен қарсы алды. Театр сүйер қауым бұл қойылымды ыстық ықыласпен қабылдап, операның трагедиялық әуендері мен шынайы кейіпкерлерінің ойыны жүректеріне жеткенін айтты.
Шымкент опера және балет театрының бұл қойылымы әлемдік деңгейдегі өнерді тамашалау мүмкіндігін сыйлап, театр өнерінің биік белеске көтерілгенін көрсетті.
«Мадам Баттерфляй» премьерасы қала мәдениетіне жаңа серпін беріп, өнер сүйер қауым үшін нағыз мәдени мереке болды. Алдағы уақытта да театр сахнасы көрермендерді осындай жоғары деңгейдегі шығармалармен қуанта береді деген сенім мол.

С.ТҰРҒАНТАЙҚЫЗЫ

Соңғы жаңалықтар