Жаратқан Иеміз адамзатқа ақыл, парасат беріп, әділетсіздікке бармауды бұйырған. Кемеңгер Абай Алланы сүю, адамды жақсы көру және әділеттіліктің ақ жолынан айнымауды – адамдықтың, имандылықтың негізі ретінде қарастырған. Сол әділеттілік мемлекет дамуы, өркениетті қоғам қалыптастыруда да шешуші рөл атқаратын қағида екені талассыз.
Ұлттық құрылтайдың «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» атты үшінші отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев барлық салада әділдік болса, әлеуметтік теңдік орнайтынын, татулық пен келісім нығая түсетінін айтты. Президенттің пайымдауынша, әділдік – ең алдымен, жұрттың бәріне бірдей құқық беру және жауапкершілікті баршаға тең жүктеу деген сөз. Басқаша айтсақ, жауапкершілік болмаса, әділдік те болмайды. Әркім өз ісіне, міндетіне жауапкершілікпен қараса, жеке азамат та, бүкіл ел де табысқа жетеді. Әділдіктің қуаты – осында.
Ендеше, әділеттілік қалай қамтамасыз етілмек? Әрине, заң талаптарының толық орындалуы арқылы. Міне, осы тұста әділет органдары қызметінің мәні мен маңызы айқын көрінеді. Әділет органдары әрдайым Қазақстан Республикасындағы мемлекеттілікті нығайту мен дамыту, заңнаманы жетілдіру, әділеттіліктің принциптерін орнату, азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын және заңды мүдделерін іске асыру және қорғау жөніндегі маңызды міндеттерді орындап келеді.
Алименттен жалтару – арсыздық
Өкінішке қарай, қазір дәм-тұзы жараспаған ерлі-зайыптылардың ажырасуы жиілеп кетті. Осындай кезде ортада қалған баланың асырап-бағуын, күтімі мен тәрбиесін тек әйел адамның мойнына қалдырып, белінен тараған ұрпағының алдындағы әкелік міндеттерін орындамау – нағыз әділетсіздік. Осындай кезде мемлекет әділдіктің орнауына заң арқылы ықпал етіп, бала асырауды мойнына алған ата-анаға алимент өндіріп береді.
Шымкент қаласы Әділет департаментінің басшысы Айнұр Исабекованың айтуынша, Шымкент қаласында 531 борышкер алимент төлемегені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Ал, 212 адам қамауға алыныпты. Алимент өндірудің әлеуметтік маңыздылығы жоғары болғандықтан, бұл бағыттағы жұмыстарға департамент айрықша назар аударып отыр.
Жыл басынан бері алимент өндіру талаптары бойынша сот орындаушыларда 17 300 іс орындауда болып, 3 357 іс бойынша өндірістер аяқталған екен. Белгіленген қаражатты ай сайын төлеуге әл-ауқаты келмейтіндерге мемлекет жұмыс орындарын да ұсынған. Алайда, берешегі бар борышкерлердің кейбірі ұсынылған жұмыстан бас тартқан көрінеді. Әділет департаментінің басшысы Айнұр Исабекованың айтуынша, алимент төлеуден жалтарып жүргендердің қатарында тек ер азаматтар ғана емес, баласын әкесінің қарауына қалдырып кеткен әйелдер де бар көрінеді.
– 2024 жылдың 11 айында алименттік өндірістер бойынша 1 млрд. теңгеден астам қарыз өндірілді. Оның ішінде 5 борышкердің мүлкі бар екені анықталып, баласына қаражат бермей жүрген 4 азаматтың автокөлігі тәркіленген. Тағы 1 азаматтың мүлкін алимент өндіріп алушының атына өткізу бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр, – дейді Айнұр Исабекова.
Оңайлатылған іс жүргізу тәртібі қандай?
Әкімшілік іс жүргізудің бірыңғай тізілімінен сот орындаушылардың жүйесіне түскен электронды нысандағы ақпарат бойынша атқару өндірісі автоматты түрде қозғалып, борышкерге Мобильді азаматтар базасында тіркелген ұялы байланыстың абоненттік нөмірі бойынша хабарлама жіберіледі. 5 күн ішінде төлем жүргізілмесе, азаматтың банк есеп-шоттары бұғатталады. 10 күннен кейін Бірыңғай нотариаттық ақпараттық жүйеде белгілі бір іс-әрекеттер жасауға тыйым салынады. 20 күн өткеннен кейін инкассолық өкім электрондық нысанда қойылады. Осы тәртіп арқылы талап орындалмаса, отыз күннен кейін іс жеке сот орындаушысына автоматты түрде өтеді.
Жоба іске қосылғалы бері аталған тәсілмен 29 мыңнан астам атқару өндірісі 550млн. теңгеге орындалды. 7 мың өндіріс бойынша 131,5 млн. теңге автоматты өндірілген. 15 мыңнан астам іс жеке сот орындаушыларына жолданған. Айта кетерлігі, бұл тәртіп азаматтарға істі жеке сот орындаушыға ақы төлемей аяқтауға мүмкіндік береді. Жалпы, қала аумағында 499 адвокат, 1237 заң консультанттары жұмыс атқаруда. Кейбір халық санаттары мемлекеттік кепілдік берген тегін заң көмегіне жүгіне алады. Олар, Заңгерлік кеңес беру, Құқықтық құжаттарды жасау, сотта мүдделерді қорғау бойынша тегін қызмет көрсетеді. Осы жылы 12 922 адамға мемлекет кепілдік берген тегін заң көмегі көрсетілген.
Тіркеу қызметінде оң өзгерістер бар
Жалпы, тіркеу қызметінің негізгі міндеттері мен функциялары өте көп. Соның бірі, саяси партиялар мен діни бірлестіктерді қоспағанда, заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеуге қатысты барлық әрекеттер «электрондық үкімет» порталы арқылы жүргізілмек. Бұл ретте, өтініш берушінің электрондық цифрлық қолтаңбасымен куәландырылып, электрондық құжат өңделіп, нәтижесі өтініш берушінің жеке кабинетіне түседі. Жеке тұлғалардың жылжымайтын мүліктерін кепілге қою шарттарын тіркеу бойынша мемлекеттік қызметке Blockchain технологиясы енгізілген. Енді ипотеканы рәсімдейтін қазақстандықтар кепіл шартымен ХҚКО-на жүгінбей тіркеуге жолдай алады. Нәтиже хабарлама түрінде банк сайтындағы және электрондық үкімет порталындағы кепіл берушілердің жеке кабинеттеріне түседі. Нәтижесінде бұл рәсімді жүргізу мерзімі 3 күннен 1 күнге дейін қысқарады.
Туу мен қайтыс болу, неке қию мен неке бұзу туралы акт жазбаларын тіркеу қызметтері де онлайн тәртіпте «Электрондық үкімет» порталы арқылы көрсетілуде. Бала туылғаннан кейін медициналық қызметкер мәліметтерді жүйеге енгізген соң, туу туралы акт жазбасы автоматты қалыптасады. Ата-ана «Kaspi.kz», «Halyk» қосымшалары немесе «Электрондық үкімет» порталы арқылы туу туралы куәлік алуға өтінім бере алады.
Ал, апостиль бойынша мемлекеттік органдардың, нотариустардың берген құжаттарын шетелде қолдану үшін оларға апостиль қою керек. Бұл қызметті әділет органдары іске асырады. Бүгінгі таңда қызметтің осы түрін де онлайн тәртіпте көрсетуге мүмкіндік қарастырылған.
Азаматтар құжаттарға апостиль қою үшін қалауы бойынша халыққа қызмет көрсету орталықтарына қағаз түрінде немесе «электрондық үкімет» порталы арқылы электрондық түрде өтініш бере алады.
Білікті заңгерлік көмек қолжетімді боп келеді
Қазіргі таңда Шымкент қаласы бойынша жалпы 322 нотариус жұмыс атқаруда. Азаматтарға нотариалды қызметтерді оңайлату мақсатында бүгінгі таңда кейбір қызметтер «EMobile» қосымшасы арқылы E-notary.kz платформасында қосымша тағы бірнеше құжаттарды алуға болады. Солардың бірнешеуін атап өтсек: өкіл болуға сенімхат, ерлі-зайыптылардың ортақ бірлескен мүліктерін иеліктен шығаруға келісім, азаматтың некеде жоқтығы туралы өтініш, онлайн консультация енді әлеуметтік платформалар арқылы қолжетімді болады.
Айта кету керек, осы жылы нотариустармен 1 404 онлайн қызмет көрсетілген. Нотариаттық қызметтің тағы бір өзекті түрі — даусыз талаптарды соттан тыс тәртібімен, нотариуста атқарушылық жазба шығару арқылы өндіру тәжірбиесі кең таралған. Мұндай жазбаны шығарған нотариус борышкерге хабарламаны жолдау қажет. Бұрын хабарламалар пошта немесе басқа да байланыс арқылы жолданатын еді. Қазір нотариустан атқарушылық жазба шыққан кезде борышкердің телефонына смс-хабарлама келіп түсетін көрінеді. Ендігі уақытта, тұрғындар тек үйде отырып, онлайн түрде құжаттарын рәсімдей алады. Алайда, атқарушылық жазбамен келіспеген жағдайда оны жою үшін негізделген қарсылықты 10 жұмыс күні ішінде нотариусқа жолдау қажет. Нотариус 3 күн ішінде жауап беруі тиіс.
Шымкент қаласында жеке иелікте адвокаттар мен заң консультанттары жұмыс жасайды. Дегенмен, кейбір халық санаттары мемлекеттік кепілдік берген тегін заң көмегіне жүгіне алады. Олар, алимент өндіріп алу, зейнетақы мен жәрдемақылар тағайындау, ақтау, босқын немесе қандас мәртебесін алу мәселелері бойынша жеке тұлғаларға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған кәмелетке толмағандарға тегін қызметке жүгіне алады. Сондай-ақ, мәртебесіне немесе жағдайына байланысты құқықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз ету және қорғау мәселелері бойынша сексуалдық зорлық-зомбылық, адам саудасы, терроризм актісі құрбандарына не азаптауларға ұшыраған құрбандарға. Асыраушысының қайтыс болуынан келтірілген зиянды өтеу мәселелері бойынша жеке тұлғаларға. Жұмысына байланысты денсаулығының зақымдануынан келтірілген не қылмыстық құқық бұзушылықпен келтірілген зиянды өтеу мәселелері бойынша жеке тұлғаларға. Ұлы Отан соғысына қатысушылар, жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысына қатысушыларға теңестірілген адамдар, сондай-ақ басқа мемлекеттердің аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлері, мерзімді қызметтегі әскери қызметшілер, бірінші және екінші топтағы мүгедектігі бар адамдар, жасы бойынша зейнеткерлер болып табылатын, кәсіпкерлік қызметпен байланысты емес мәселелер бойынша жеке тұлғаларға. Кәсіпкерлік қызметпен байланысты емес мәселелер бойынша көпбалалы отбасыларға. Кәсіпкерлік қызметпен байланысты емес мәселелер бойынша жан басына шаққандағы орташа айлық кірістері облыстарда, республикалық маңызы бар қалаларда, астанада белгіленген кедейлік шегінен төмен табысы аз адамдарға (отбасыларға) осы Заңда және Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен тегін көмек көрсетіледі. Олар, заңгерлік кеңес беру, құқықтық құжаттарды жасау, сотта мүдделерді қорғау сынды жұмыстар бойынша осы жылы 12922 адамға мемлекет кепілдік берген тегін заң көмегі көрсетілген.
Әділет департаменті зияткерлік меншік құқық саласында тауар таңбаларына байланысты мәселелер бойынша құқықтарды қорғау жұмыстарын жүргізеді. Салада 13 әкімшілік құқық бұзушылық анықталып, нәтижесінде құны 12 миллион теңгеден астам 73 мың данадағы контрафактілік өнім тәркіленіп, заңсыз айналымнан шығарылған. Заң бұзушыларға салынған айыппұлдар 1 220 512 теңге құрайды.
Шымкент қаласы бойынша 162 жеке және 7 мемлекеттік сот орындаушы қызмет атқарады. 2024 жылдың 11 айында олардың орындауында 640 мыңға жуық іс болған нәтижесінде 561,5 млрд. теңгеге, 287 мың бойынша өндіріс аяқталған 154,5 млрд. теңге өндірілген. Заңнамада мемлекеттік және жеке сот орындаушыларының құзыреттері нақты белгіленгендіктен, өндірістердің басым бөлігі, яғни, 99 пайызы жеке сот орындаушыларға жүгінген. Орындалуға жататын талаптардың ішінен жартысына жуығы (322 517 өндіріс 11 млрд. теңгеге) — мемлекет кірісіне өндірілетін ақша сомалары (айыппұлдар, салық қарыздары және т.б.). Осы істер санаты бойынша мемлекет кірісіне 3,2 млрд. теңге аударылған.
Гүлжауһар БАЖАҚАЙ