Қазақстан Жазушылар одағы Шымкент қаласындағы өкілдігінің жылдық есеп беру жиыны өтті. Жиынды одақтың Шымкент қаласындағы өкілі, белгілі қаламгер Момбек Әбдіәкімұлы жүргізді.
Жиынға қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек, мәдениет басқармасы өкілдері, қоғам белсенділері, жергілікті ақын-жазушылар мен журналистер қатысты. Алқалы жиында қаламгерлер бір жылдағы жұмысты қорытындылап, келер жылға арналған жоспарларын ортаға салды.
Жазушы З.Жантасова ақын-жазушылардың биыл шығарған кітаптары мен жеткен жетістіктері туралы жан-жақты баяндама жасады. Сонымен қатар, жиын барысында жазушы-драматург Захардин Қыстаубаев пен ақын Ханбибі Есенқара сөз сөйлеп, қаламгерлер қауымының бүгінгі жай-күйі мен әдебиеттегі өзекті мәселелер жайлы ой бөлісті.
Сәрсен Абайұлы жазушылардың шығармашылық еңбегіне қолдау көрсету мақсатында көптен бері көтеріліп жүрген мәселелерді тыңдап, олардың шешімін табуға бар күш-жігерін салатынын жеткізді.
Жылдық жиын қаламгерлердің бір-бірімен пікір алмасуына, өзекті тақырыптарды талқылауына мүмкіндік берген маңызды басқосу болды.
Салтанат ЖАМАЛДИНОВА