Редакция таңдауы

«АЗАМАТТАРДЫҢ БЕЛСЕНДІ ҚАТЫСУЫНСЫЗ ҚҰҚЫҚТЫҚ МЕМЛЕКЕТ РЕТІНДЕ ДАМУ МҮМКІН ЕМЕС»

Халықтың құқықтық сауаттылығы – оның әл-ауқатына әсер ететін маңызды көрсеткіш. Әр адамның өз құқықтарын, міндеттерін білуі және құқықтық салада өз мүдделерін қорғай білуі маңызды.
Бүгінгі сұхбатта қазақстандықтардың құқықтық сауаттылығын арттыру бойынша қандай шаралар қабылданып жатқаны туралы Zakon.kz порталына Әділет министрі Азамат Есқараев айтып берді.

– Айтыңызшы, Әділет министрлігі осы бағытта қандай жұмыс жүргізіп жатыр?
– Азаматтардың құқықтық процестерге белсенді қатысуынсыз құқықтық мемлекет ретінде даму мүмкін емес. Бұл мәселені Мемлекет басшысы бірнеше рет қозғады, ол құқықтық сауаттылықты арттыру және Заң мен тәртіпті мүлтіксіз сақтау қажеттілігіне назар аударды.
Әділет министрлігі жалпы құқықтық түсіндіру жұмыстарын үйлестіреді. Мақсатқа жету үшін біз бірнеше бағытта белсенді жұмыс істейміз. Біріншіден, қолданыстағы заңнамаға да, актілердің жобаларына да жалпыға бірдей қол жетімділік қамтамасыз етіледі. Ол үшін «Әділет» ақпараттық жүйелері және заңнаманың эталондық бақылау банкі жұмыс істейді. Адамдар кез-келген қолданыстағы заңды онлайн, ақысыз қарай алады, зерттей алады.Ал, «Ашық НҚА» платформасында нормативтік құқықтық актілердің жобаларын қадағалап, оларды талқылауға белсенді қатысуға болады.
Екіншіден, қазір адамдардың көпшілігі ақпарат алу үшін әлеуметтік медианы пайдаланатынын ескере отырып біз заңды қарапайым сөздермен түсіндіретін zan.onai Instagram парақшасын жүргіземіз. Онда біз заңдар мен олардың жобаларын инфографика, бейне және қарапайым нұсқаулар арқылы қарапайым тілде түсіндіреміз.
Егер адам жобаға қызығушылық танытса және жобаны егжей-тегжейлі зерттеп, оған өз пікірін қалдырғысы келсе, осы Instagram парақша арқылы Сіз «Ашық НҚА» порталына тікелей кіре аласыз.
Үшіншіден, біз 2023 жылдан бастап радио, теледидар және баспа БАҚ әлеуетін белсенді түрде жұмылдырдық, өйткені, бұл құралдар, тіпті әлеуметтік желілердің қарқынды дамуы аясында да сұранысқа ие. Қазір біз 100-ден астам баспа БАҚ-пен, бірнеше радио және телеарнамен ынтымақтаса отырып жұмыс істеп келеміз. Бұл құқықтық ақпаратты барынша кеңінен таратуға мүмкіндік береді.
Төртіншіден, 2024 жылы адамдар құқықтық ақпаратқа, мемлекеттік дерекқорларға қол жеткізе алуы, заңдарды өз бетінше зерделеуі үшін ауылдар мен аудандарда «Заң кабинеті» жобасын іске қостық. Қазір мұндай кабинеттер саны еліміз бойынша 2 мыңнан асты. Жалпы, біз қай жерде тұратынына қарамастан, барлық азаматтар үшін құқықтық ақпаратты қолжетімді етуге тырысамыз.Азаматтарға ыңғайлы болу үшін жеке сайттар мен жүйелер қосымшалар мен мобильді нұсқалар түрінде ұсынылатын болады.

– Адам бұл құралдарды күнделікті өмірде пайдаланады, бұл оған мемлекет өміріне қатысуға мүмкіндік береді. Егер ол нақты құқықтық мәселелерге, құқықтық саладағы түрлі мәселелерге қызығушылық танытса ше? Ол қайда жүгіне алады?
– Иә, мұндай жағдайлар да болады. Ол үшін Министрлік жанынан тәулік бойы құқықтық ақпараттық қызмет жұмыс істейді, ол арқылы базалық құқықтық кеңес алуға болады. Бұл қызмет 119 нөмірі бойынша қоңыраулар арқылы, WhatsApp және Telegram-бот 19kenesbot арқылы қолжетімді. Бұдан басқа, ай сайын аумақтық әділет органдары адвокаттармен, нотариустармен және басқа да білікті мамандармен бірлесіп, кездесулер, семинарлар, консультациялар, Ашық есік күндерін, оның ішінде ауылдық елді мекендерде өткізеді. Осы іс-шаралар аясында сіз нақты маманға тікелей эфирде құқықтық сұрақпен жүгіне аласыз. Сондай-ақ, кәсіби адвокаттар мен заңгерлер жұмыс істейтін e-zankomegi жүйесі жұмыс істейді, сіз оларға заңды қолдауды қажет ететін жағдаймен жүгіне аласыз.

– Азаматтар бұл мүмкіндіктерді қаншалықты белсенді пайдаланып жүр?
– Азаматтардың қызығушылығы мен белсенділігі артып келе жатқанын көріп отырмыз. Адамдар ақпараттық жүйелерге, жалпы құқықтық ақпаратқа бұрынғыға қарағанда көбірек жүгінеді. Бұл – жақсы өзгеріс. Өйткені, халық неғұрлым ақпараттандырылған болса, құқықтық бағыттағы мәселелерді шешу және белсенді азаматтық қоғам құру соғұрлым оңайырақ болады.

– Жалпы халық құқықтық түсіндіру жұмыстарын қалай қабылдайды? Бұл бағыттағы жұмыс қандай да бір жолмен бағалана ма?
– Біз де биыл бұл сұрақты қойдық, өйткені біз дұрыс бағытта келе жатырмыз ба, әлде жоқ па, біліп отыруымыз керек. Халықтан объективті кері байланыс алу үшін біз eGov mobile арқылы ауқымды сауалнама жүргіздік. Оған 100 мыңға жуық азамат қатысты.
Сауалнама нәтижелері көрсеткендей, респонденттердің көпшілігі өздерінің заңнамалық білімдерін орта деңгейде деп бағалайды, яғни, олар негізгі білімге ие, бірақ, бұл білімді күнделікті өмірде қолдануда қиындықтарға тап болады.

– Сауалнама барысында қандай негізгі проблемалар анықталды?
– Респонденттердің негізгі мәселелерінің бірі – заңнаманы түсінудің күрделілігі мен қиындығы. Сондықтан министрлік бұл мәселені өз мойнына алды және біз оны кешенді түрде шешетін боламыз. Біз қазірдің өзінде заңнама тілін оңайлату және оны түсіндірумен қатар заңды бір уақытта жариялау жөніндегі бастамаларды қозғап жатырмыз.
Айтпақшы, азаматтардың көпшілігі құқықтық сауаттылықты арттыру үшін жұмысты мектеп жасынан бастау керек деп санайды. Сондықтан мұнда да біз білім Министрлігімен және ғылым және жоғары білім министрлігімен бірлесіп Мектептегі «құқық негіздері» пәнінің мазмұнын жеңілдету және университеттердегі заң клиникаларын жандандыру мәселелерінде жұмыс істейтін боламыз.
Біз сауалнама нәтижелерін талдауды және құқықтық білім беру тәсілдерін жақсартуды жалғастырамыз. Біздің жұмысымыз азаматтардың ағымдағы сұраныстарына жауап беріп қана қоймай, олардың қажеттіліктерін болжауы маңызды. Біз сондай-ақ әрбір азамат қажетті көмекті ыңғайлы және түсінікті форматта алуы үшін Құқықтық ақпараттың қолжетімділігі үшін цифрлық технологияларды пайдалануды кеңейтуді жоспарлап отырмыз.

Ирина КАПИТАНОВА

Соңғы жаңалықтар