Таяуда Астанада «Алтын тұғыр – 2024» ұлттық спорт түрлері бойынша жылдың үздіктерін марапаттау жиыны өтті.
Биыл «Алтын тұғыр» ұлттық сыйлығы 11 номинация бойынша үздік спортшыларға берілді. Атап айтқанда, көкпар, бәйге, тоғызқұмалақ, асық ату, құсбегі, дәстүрлі садақ ату, joryq, аударыспақ, жамбы ату, теңге ілу спортының үздіктері марапатқа ие болды.
Дәстүрлі ұлттық сыйлық бәйгесінде Шымкент қаласының спортшылары мен белгілі азаматтары да жүлдегерлер қатарынан көрінді. «Асық ату» номинациясы бойынша Нұрқисса Молжігітов, «Тоғызқұмалақ» номинациясында Салтанат Сапарбекова, «Дәстүрлі садақ ату» номинациясында Жәнібек Кулмирзаев марапатталды.
Ал көкпар спорты бойынша төрешілер арасында Ғани Ахметбаев «Алтын тұғыр» ұлттық сыйлығын иемденді.
Көкпардан төрешілер корпусының төрағасы, ересектер, жастар, жасөспірімдер арасында ҚР чемпионаттарының және бесінші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының бас төрешісі болған Ғани Молдабекұлы ұлттық спорттың дамуына елеулі үлес қосып келеді. ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысына ұлттық сыйлықты Мәжіліс Спикері, «AMANAT» партиясының Төрағасы Ерлан Қошанов табыс етті.
–Ұлттық спортымыздың абыройын көтеріп, кеңірек насихаттауда әрбір жарысты ауқымды, жоғары деңгейде өткізіп келеміз. Басқа елдердің де біздің ұлттық спортымызға қызығушылығын арттырып, Азия чемпионаты және халықаралық жарыстарды өз деңгейінде ұйымдастыру бағытында бірлесе жұмыс істедік. Ата-бабамыздан келе жатқан спорт түрі бізге аманат. Сол аманатты келер ұрпаққа жеткізуіміз қажет. Негізгі мақсаттың бірі осы, — дейді Ғани Молдабекұлы.
Ұлттық спорттың дамуы үшін тер төгіп жүрген белгілі азаматқа алғаш рет «Алтын тұғыр» сыйлығы табыс етіліп отыр. Ғ.Ахметбаев биыл Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын өткізуге атсалысып, онда бас төрешілік қызметті де абыроймен атқарды. Осылайша жыл қорытындысында жерлестеріміз лайықты марапаттарға ие болды.
Ә.АЙТӨРЕ