Редакция таңдауы

СОТ – МЕМЛЕКЕТТІҢ АР-ОЖДАНЫ

Елімізде 1996 жылдан бері жыл сайын судьялардың съезі өткізіліп келеді. Онда сот саласындағы кезек күттірмес маңызды мәселелер қаралып, алдағы міндеттер айқындалады. Биыл Астана қаласында ұйымдастырылған басқосуға қатысып, соттардың тәуелсіздігін нығайтуға, сот жүйесін одан әрі дамытуға байланысты көтерілген мәселелерге өз пікірімді білдірдім.

2020 жылы Қазақстан Судьяларының VIII съезінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев азаматтардың сотқа сенімділігін арттырудың маңызы зор екеніне тоқталып, нақты тапсырмалар берілген болатын. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Төрағасы Асламбек Мерғалиев пен Қазақстан Судьялар одағының төрағасы Сәкен Абдолла және өзге делегаттар содан бергі төрт жылда осы бағытта атқарылған жұмыстарды баяндады.
«Судьялардың VIII съезінде қабылданған қаулыға сәйкес Жоғарғы Соттың арнайы іс-шаралар жоспары бекітіліп, облыстық, қалалық соттарға орындауға жолданды. Өткен төрт жылда осы жоспарды жүзеге асыру мақсатында және сот жүйесін жаңғырту бойынша сот төрелігін іске асыру үшін тиісті жұмыстар атқарылып, сот қызметкері кәсібінің тартымдылығы арттырылды. IT-сервистерді дамытуға және роботтандыруды қолдануды кеңейтуге бағытталған ұйымдық-құқықтық шаралар кешені қабылданып, жүзеге асырылды. Сот ісін жүргізуді жетілдіруге, сот төрелігінің сапасын арттыруға, сот билігі тармағын нығайтуға және судьялардың мәртебесін көтеруге ықпал ететін заңнамалық өзгерістер енгізілді» — деді Асламбек Мерғалиев.
2020 – 2024 жылдар аралығында Президент тарапынан сот жүйесінің алдына қойған стратегиялық міндеттерді орындау мақсатында Жоғарғы Соттың басшылығымен еліміздің жергілікті соттарында, соның ішінде Шымкент қаласының соттарында да ауқымды жұмыстар атқарылды. Осы орайда қалалық соттың судьясы әрі Қазақстан Судьялар одағы Шымкент қалалық филиалы кеңесінің мүшесі ретінде Шымкент соттарында іске асырылған іс-шараларға кеңірек тоқтала кетуді жөн көрдім.
Судьялардың VIII съезінде берілген тапсырмалардың бірі — елімізде әкімшілік сот ісін қолға алу. Судьялар одағының VIII съезінен кейін «Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік» кодексі (бұдан әрі – ӘРПК) қабылданып, Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Мамандандырылған әкімшілік соттар» туралы Жарлығына сәйкес, республика көлемінде жаңадан әкімшілік соттар құрылды. Соның ішінде Шымкент қаласында мамандандырылған ауданаралық Әкімшілік соты 2021 жылдың 1 шілдесінде өз жұмысын бастады.
Жоғарғы соттың мәлімдеуінше, «ҚР-ның Әкімшілік рәсімдік-процестік» кодексіне күшіне енгенге дейін мемлекеттік органдармен соттасқан ел азаматтары мен кәсіпкерлердің 85 пайызы олардан жеңілетін. Ал, қазір аталмыш кодекс қарапайым азаматтар мен кәсіпкерлердің құқығын қорғауды жаңа деңгейге көтеріп, дауларды шешуде тараптардың теңдігін ескеруге ықпал ете бастады. Судьяның процестегі рөлі түбегейлі өзгерді. Соның нәтижесінде соңғы үш жылда мұндай даулардың 52 пайыздан астамы азаматтар мен кәсіпкерлердің пайдасына шешілуде.
Сонымен қатар, съезде сот жүйесін жаңғырту бойынша жүзеге асқан бұдан басқа да іс-шаралар айтылды. Мәселен, сот ісін жүргізудің жаңа сатылық моделі — қылмыстық, азаматтық және әкімшілік істер бойынша дербес кассациялық саты құрылды. Бас бостандығынан айырудың баламалы бұлтартпау шараларын қолдануды кеңейту бойынша белсенді жұмыс жүргізілуде. Азаматтық істер бойынша эксаумақтық соттылық енгізілді. Сот жюриінің материалдарды тексерудің жаңа тетігі әзірленді және сот төрелігінің сапасы жөніндегі комиссияның жұмысы жетілдірілді. Осындай жұмыстардың нәтижесінде азаматтық істер бойынша татуластыру рәсімдерінің саны өсіп, ел азаматтарының соттарға деген сенімнің артқаны байқалады.
Жоғарғы Сот Төрағасы бекіткен жоспарды жүзеге асыру мақсатында және азаматтардың сотқа деген сенімін арттыру бағытында 2020-2024 жылдары Шымкент қаласы соттарында да ауқымды жұмыстар атқарылды. Айталық, Қазақстан Судьялар одағының Шымкент қалалық филиалы өткен ғасырларда қазылық айтқан билердің үрдісін жалғастырып, бүгінгі судьялардың әдеп кодексіндегі талаптардың орындалуына және сот билігінің беделін орнықтыру мен нығайтуға күш салуда. Осы мақсатта қалалық сот басшыларының қолдауымен бес жылдан бері Шымкенттің судьялары мен департаменттің бөлім басшылары әр тоқсан сайын бір күндік жалақыларын қаладағы №4 балалар үйіндегі тәрбиеленушілеріне тұрақты түрде аударуда. Бұл қаржы «Отбасы банкіндегі» балалардың шоттарына теңдей бөлініп, түсіп отырады. Оны балалар 18 жастан кейін баспаналы болу мақсатында пайдалана алады.
Өңіріміздегі судьялар мен сот қызметкерлері өз қаражаттарына «Тәуелсіздік саябағындағы» алаңның маңынан «Билер аллеясын» ашып, қаланы көгалдандыруға қатысты. Талай тарихи құрылтай өткен Мәртөбені халыққа насихаттау мақсатында «Мәртөбе – қазақтың дала парламентінің негізі» тақырыбында конференция өткізіп, оған тарихшы ғалымдар мен зиялы қауым өкілдері, ардагерлер мен жастар және билер кеңесінің мүшелері мен судьялар қатысты. Ұлы Абайдың 175 жылдығына орай, қалалық сотта «Абай оқулары» ұйымдастырылды. Іс-шарада Абай туралы деректі фильм көрсетіліп, жастар Абай өлеңдерін жатқа оқудан жарысқа түсті. Қажымұқан атындағы Орталық стадионда ұзақ жылдар бойы Шымкент қаласының Әл-Фараби аудандық сотында төраға, облыстық сотта судья, алқа төрағасы және қалалық соттың судьясы болып қызмет атқарған, марқұм Әділ Керімшеевті еске алуға арналған спартакиада өтті.
Аталмыш съезде Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев сот жүйесінің халық сеніміне ие болуы үшін онда ары мен қолы және жүрегі таза, сот жұмысының жауапкершілігін жан дүниесімен түсінетін жандар қызмет етуі керектігін атап өтті. Сондықтан, бізге әрқашан әділдіктің ақ туын биік ұстап, ұлы билеріміз салған сара жолмен жүру басты міндет!

Дәурен САЙХАНОВ,
Шымкент қалалық
сотының судьясы

Соңғы жаңалықтар