Редакция таңдауы

БИЗНЕСті ЗАҢСЫЗ ҚЫСЫМНАН ҚОРҒАУ – ӘДІЛЕТТІ ҚОҒАМҒА БАСТАР ЖОЛ

Шымкент қаласы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті әлеуметтік-экономикалық ахуалға әсер ететін басты мәселелерді шешу және көлеңкелі экономика деңгейін төмендету мақсатында белсенді жұмыстар атқаруда. Бизнес субъектілерін қорғау және бюджет қаражаттарын жымқыруға қарсы күрес бағытындағы жетістіктер Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен брифингте талқыланды. БАҚ өкілдеріне 10 айдың есебін берген департамент басшысы шаһар кәсіпкерлеріне заңсыз қысымға жол жоқтығын айтты.

– Шымкент қаласының дамуына әсер ететін бірнеше жүйелі проблема анықталып, оларды шешу үшін арнайы іс-шаралар жоспары бекітілді. Атап айтқанда, мұнай және мұнай өнімдерінің заңсыз айналымы және контрабандасы. Заңсыз әрекеттердің жолын кесу басты басымдықтардың бірі. Бюджет қаражаттарын жымқыру және жылыстату бойынша, әсіресе, құрылыс және әлеуметтік нысандарды жөндеу үшін бөлінген қаржының тиімді пайдаланылуын қамтамасыз ету басты назарда. Экономикалық контрабанда, оның ішінде есірткі заттарының заңсыз айналымы, цифрландыру және криптовалюта, осы саладағы қылмыстарды анықтау және алдын алу да жайбасарлықты кешірмейді. Адал кәсіпкерлікті қорғау, бизнесті заңсыз қылмыстық ортаға тартуға жол бермеу біздің нақты бағыттарымыздың бірі, – дейді Шымкент қаласы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру Департаментінің басшысы Бақыт Қайшыбеков.
Басшының берген мәліметінше 2024 жылы Шымкент қаласы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті 105 қылмыстық істі тіркеген. Өндірістегі істердің 80 пайызы аяқталып, қылмыстық әрекеттерден келген жалпы залал көлемі 16,5 миллиард теңгені құраған. Оның ішінде, 5,7 миллиард теңге өндіріліп, 4,5 миллиард теңге көлеміндегі мүлікке тыйым салынған. Өндіріп алу көрсеткіші 62,2 пайызды құрап отыр. Бұл бюджет қаражатын заңсыз пайдалануға қарсы бағытталған тиімді шаралардың нәтижесін көрсетеді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Ақорда» резиденциясында отандық бизнес өкілдерімен кездесуде сөз сөйлеп, Қазақстан халқына Жолдауында елімізді дамытуға арналған тың тәсілдер ұсынғанына назар аударған болатын.
«Біз экономиканың өсімін кемінде 6-7 пайызға жеткізуіміз керек. Ол үшін бизнестің жеке бастамаларына барынша қолдау көрсету қажет. Осы бағытта біраз шаруа атқарылды. Дегенмен кәсіпкерліктің даму қарқыны әлі де болса бәсең, өз әлеуетіне сай емес деуге болады. Бір сөзбен айтқанда, бізге шын мәнінде сапалы серпіліс қажет. Ең алдымен, мемлекет пен бизнестің қарым-қатынасы мүлде жаңа үлгіге көшуге тиіс» дей келе, Мемлекет басшысы мемлекет пен бизнесті жаңа «қоғамдық шарт» жасауға шақырған. «Мемлекет бизнестің дамуы үшін барынша қолайлы жағдай жасайды және жеке меншіктің толық қорғалуын қамтамасыз етеді. Өз кезегінде кәсіпкерлер өздеріне жүктелген міндетті, атап айтқанда салық төлеу, экономикаға инвестиция құю, жұмыс орындарын ашу, қызметкерлеріне қолайлы еңбек орта қалыптастыру секілді міндеттерді адал орындайды» деген болатын.
Осы тұрғыда департаменттің де негізгі міндеттерінің бірі – адал кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және оларды қылмыстық ортаға заңсыз тартуға жол бермеу. Бұл бағыт қатаң бақылауға алынған. Мемлекет басшысының және Қаржылық мониторинг агенттігінің тапсырмаларына сәйкес, кәсіпкерлік субъектілерін қолдау үшін жан-жақты шаралар жүзеге асырылуда.
Айта кетейік, 2024 жылы департамент бизнесті қорғау, заңсыз қаржылық әрекеттердің алдын алу және көлеңкелі экономиканы азайту бағытында айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізді. Қабылданған шаралардың арқасында залалдың едәуір бөлігі өндіріліп, бюджет қаражатының тиімді пайдаланылуына бақылау күшейтілді.
– Шымкент қаласының «Атамекен» кәсіпкерлер палатасымен меморандум жасалып, жылдық жұмыс жоспары бекітілді. Осы жоспар аясында кәсіпкерлердің қатысуымен 3 дөңгелек үстел, 9 жиналыс және 10 жеке қабылдау ұйымдастырылды. 20 кәсіпкердің арыз-шағымдары қаралып, әлеуметтік маңызды азық-түлік өңдеуге арналған электр қуатының тарифін 41 теңгеден 31 теңгеге дейін төмендету сияқты оң нәтижелерге қол жеткізілді. Кәсіпкерлік субъектілерінің құқықтарын қорғау бойынша агенттікке және департаментке 3 алғыс хат келіп түсті. Контрафактілік өнімдер мен заңсыз кәсіпкерлікке қарсы іс-қимыл нәтижесінде бірқатар заң бұзушылықтар анықталып, тиісті тұлғалар жауапқа тартылды, атап айтсақ, тұрмыстық химия өндірушілердің заңсыз ісі әшкереленіп, 25,8 млн теңге өндірілді, – дейді Шымкент қаласы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің ұйымдастыру-бақылау басқармасының басшысы Дәурен Тұрғынбай.
Сол сияқты, 11 айда Департаментке заңды тұлғалардан 133 арыз- шағым түскен, оның 101-і бойынша яғни 76 % қанағаттандырылған, 19-ы түсіндірме беріліп кері қайтарлыған және қарау өкілеттігі бойынша 13-і басқа органдарға жолданған. Одан бөлек, есептік кезеңде Департаменттің жедел және тергеу бөлімшелері тарапынан бизнеске заңсыз араласу фактілері орын алмаған.
Тоқсан сайын 2-рет Шымкент қаласындағы құқық қорғау органдарының бірлескен бұқаралық жұмыстарының нәтижесінде халық көп шоғырланатын аймақтарда «Халық Заңгері» акциясы өткізілді. Онда қаржылық мониторинг органдарының және экономикалық тергеу қызметінің өкілеттігі турасында Департаменттің тәжірибелі қызметкерлері бизнес өкілдері мен жеке азаматтарға күнделікті кәсіпкерлік және қаржылық қарым-қатынастарда туындаған сұрақтарына жауап беріп, мәселесін шешуге бағыт бағдар беріп, құқықтық сауатын көтеруге атсалысты.
– Біздің тараптан бизнес өкілдерінен қайталанба түсетін арыз-шағым иелерін Департамент басшылығының жеке қабылдауына шақырту тәжірибесі енгізілді. Біздің басты мақсат – арыз иесі өз уәждеріне толық, жан-жақты және негізді жауап алу, бізге бизнес қауымдастықтың сенімін арттыру, кәсіпкерлік субъектілерін қылмыстық ортаға негізсіз тартпау, олардың заңды құқықтарының бұзылуына жол бермеу. Сонымен қатар, Агенттіктің бастамасымен іске асырылып жатқан «Бизнесті қорғау» жобасы аясында заңды тұлғаларды Департаментке шақыру 1,2 есеге азайтылды. Жауап алуға 2-реттен көп шақыруға жол бермеу алгоритмі іске асырылып жатқанын атап өткен жөн, – дейді Дәурен Тұрғынбай.
Сонымен қатар, ашықтық пен әділдікті қамтамасыз ету мақсатында, тергеу әрекеттерінің 90 пайызы бейнежазба арқылы жүргізілген. Бүгінде барлық тергеу орындары бейнекамералармен жабдықталған. Бұл сыбайлас жемқорлық пен құқық бұзушылықтар, рұқсат етілмеген тергеу әдістерін жасау тәуекелдерін айтарлықтай төмендетеді. Тергеу рәсімдерінде кәсіпкерлерден жөн-жосықсыз құжаттар сұратуға тыйым салынып, кәсіпкерлерді шақыру саны 2 есеге қысқартылған. Экономикалық істер көлемді болғанымен, істің 92 пайызы электронды форматта тіркелген. Нәтижесінде сотқа дейінгі тергеп-тексеруге тартылған субъектілердің саны 90 пайызға қысқарған. Қазір олардың барлығы салықтық әкімшілендіру аясында тексерілуде дейді сала мамандары.
– Бұл шаралар агенттікке деген сенім деңгейін 20 пайызға арттырып, көлеңкелі экономиканың деңгейін 18,8 пайызға дейін төмендетуге мүмкіндік берді. Біз анықтаған құқық бұзушылықтардың құрылымына қарасақ, істің 80 пайызға жуығы «обнал» фирмаларға, қаржылық пирамидаларды ұйымдастырушыларға, заңсыз ойын бизнесіне, заңсыз алкоголь өнімдерін өндірушілерге, контрафактілік өнімдерді жасаушыларға қатысты тергелген. Бұл субъектілерді бизнесмендер қатарына жатқызуға болмайды,– дейді сала басшысы.
Сондай-ақ, 2024 жылы департамент бюджет қаражаттарының мақсатсыз пайдаланылуына байланысты бірнеше маңызды қылмыстық істерді анықтады. Оның бірі «Қуатжылуорталық-3» ісі. Осы іс бойынша 1,1 миллиард теңге көлемінде бюджет қаражатын жымқыру фактісі тіркеліп, жымқырылған қаражатқа жылжымайтын мүлік сатып алынғаны, т.б заңсыз әрекеттер анықталды. Сот үкімімен 7 айыпталушы 2 жылдан 7,5 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылды. Орта мектептің бас есепшісі 64 миллион теңге бюджет қаражатын заңсыз аударып, сот үкімімен 8 жылға бас бостандығынан айырылған. М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінде бюджет қаражатын жымқыру деректері бойынша тергеу жүргізілуде. Жылдың қорытындысы бойынша бюджет саласында 12 қылмыстық іс тіркелсе, олардың 7-і сотқа жолданып, 5-і өндірісте қаралуда екен.
Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің қабылдаған шараларының арқасында бизнесті қорғау мен бюджеттік қылмыстардың алдын алуда айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізілді. Қылмыстық процестерді жетілдіру және көлеңкелі экономика деңгейін төмендету жұмыстары жалғасын табады. Бұл бағыттағы шаралар бизнес өкілдері мен азаматтардың құқықтарын қорғауға, сондай-ақ экономиканың тұрақтылығын арттыруға бағытталған.
Алдағы уақытта департамент өз жұмысын одан әрі жетілдіріп, адал кәсіпкерлік үшін қолайлы жағдай жасауды жалғастырады. Шымкент қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуына кедергі келтіретін заңсыз әрекеттермен күресу негізгі басымдық болып қала береді.

Салтанат ЖАМАЛДИНОВА

Соңғы жаңалықтар