Редакция таңдауы

АЛАШТЫҢ АҚИЫҒЫ

Халық «Көргені жақсы көш бастар» деп бекер айтпаса керек. Әрбір бағалы бастама, келелі істің басында әрдайым көпке қызметімен танымал елжанды азаматтар тұрады. Сондай азаматтың бойында берік ұстаным, сергек ой, пайым мен парасат, талап пен табандылық, өмірлік мол тәжірибе тәрізді қасиеттер табылып жатса құба-құп дерсіз! Егер сол азамат ел ішіндегі кейбір ескерусіз қалған жағдаятты тап басып танып, оны көптің де, биліктің де талқысына салып, оң шешілуіне ықпал етсе, халықтың оған деген деген сенімі беки түсетіні анық.


Шымкент қаласы ардагерлер кеңесінің төрағасы, бұрын оңтүстік өңірде лауазымды қызметтер атқарған Кенжехан Төлебаев біраз жылдан бері Шымкентте көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Төлеген Тәжібаевқа көрнекті ескерткіш орнатуды ойлап жүрген еді. Өйткені, Т.Тәжібаев тап осы Шымшаһарда алғаш өзінің оң-солын танып, білім алып, осы жерден түлеп ұшқан болатын.
Шымкентте Төлеген Тәжібаев атындағы көше бар. Ол Дінмұхаммед Қонаев даңғылымен қиылысады. К.Төлебаев осы жерден әрі-бері өткен сайын «Осы бір игілікті іске азаматтық үлесімді қоссам» деп жиі ойлаушы еді. Бұл жөнінде қаладағы билік өкілдерімен, сөзі уәлі, аузы дуалы ақсақалдармен, өзі тұрғылас елжанды азаматтармен, кәсіпкер інілерімен ойласып, оларды осы ойының қолдау тауып, іске асуына жұмылдыра білді.
Әрине, бүгінгідей нарық заманында мұндай мемлекеттік, рухани-идеалогиялық іс-шара оңайлықпен іске аса қомайды. Алайда, қаладағы жергілікті биліктің, атап айтқанда, қала әкімі Ғабит Әбдімәжитұлы Сыздықбековтің бұл мәселеге оң көзқарас танытуы Кенжекеңе серпін берді. Бұған қоса, бір бұл емес, осыдан екі-үш жыл бұрын ел-жұртқа, ағайынға басшылық жасап, Сайрам ауданында өткен қиын-қыстау кезеңде жоңғар-қалмақ басқыншыларына қарсы ұрыста ерен ерлігімен танылған Баймұрат, Қозышақ батырларға ескерткіш – «Батыр бабалар зираты» кешенін орнатып, онда көпшіліктің қатысуымен көлемді шаралар өткізгендігі және қоғамдық жұмыстардағы басқа да тәжірибесі өзіне нық сенімділік ұялатты.
Сонымен қатар, Кенжекең аталмыш ескерткіш авторы, скульптор-кескіндемеші Насыр Рустемовпен келісім-шартқа отырып, оның алаңсыз шығармашылықпен жұмыс істеуі үшін қолайлы жағдай жасап, уақтылы хабарласып тұруды да ұмытқан жоқ. Осы ескерткішті жасап, орнатуға бас демеуші болып, үлкен жомарттық танытқан Шәкір Жанбаев, бұл игілікті іске үлес қосқан Бауыржан Тойшыбеков, Тарғын Ақынов, Марат Нұржаев, Бақытжан Сермаңызов және Нүркен сынды азаматтардың есімін ілтипатпен айтып өтсек, артық болмас деп ойлаймыз.
Иә, ұлт ұлы тұлғаларымен айбарлы ғой. Биыл қазан айында Шымкенттің орталығындағы Д.Қонаев пен Т.Тәжібаев көшелерінің қиылысында көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, дипломат, академик-ғалым Төлеген Тәжібаевқа еңселі ескерткіш орнатылып, салтанатты түрде ашылды. Ол – кешегі Кеңес заманының шовинистік пиғылдағы құйтұрқы, сыңаржақ саясаты салдарынан кезінде жалған жаламен айыпталып, бұрын көп ескерілмей келген, ал, шынтуайтында алты алаштың ардақтысы болып, халықтың шын сүйіспеншілігіне бөленген, қазақ мемлекетінің қалыптасып дамуына лайықты үлес қосқан, біртуар азамат, заңғар тұлға.
Бұл күні ауа райы күрт бұзылып, төпелей төгіп тұрған нөсер жауынға қарамастан, әр жақтан келген және қала жұртшылығының қарасы көп еді. Еңселі ескерткіш алдында ел ағалары сөз сөйлеп, гүл шоқтары қойылып болған соң жиналғандар қаладағы Ө.Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетіне бет алды.
Жоғары оқу орнының кең залында осы көрнекті ғалым, мемлекет қайраткерінің 115 жылдығына орай «Академик Төлеген Тәжібаев: өмір жолы мен қоғамдық-саяси қызметі» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
Конференцияны ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты, профессор, «Құрмет», «Парасат» ордендерінің иегері, Шымкент қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Кенжехан Төлебаев жүргізіп отырды. Ол көпшілікті конференция тәртібімен таныстырып, даңқты тұлғаның қоғамдық-саяси қызметі жайында қысқаша айтып өтті.
Сол конференцияда қала басшылары Қазақстанның дамуы үшін аянбай еңбек еткен ұлы тұлғаның мүсінін елеусіздеу қалып тұрған жерінен қала орталығындағы көрнекі орынға ауыстыру жөнінде бастама көтерген Шымкент қаласындағы ақсақалдар алқасына ризалық білдірді. Бұл ұсынысқа қала әкімшілігі қолдау көрсетіп, мұның Төлеген Тәжібаевтың 115 жылдық мерейтойы қарсаңында жүзеге асқанын атап өтті. Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінің проректоры Баршагүл Исабек мемлекет қайраткерінің өмір жолы мен мемлекеттік қызметіне, шығармашылық еңбектеріне кеңінен тоқталды.
Төлеген Тәжібаевтің төл шәкірті, бүгінде жасы тоқсаннан асса да ойы тың, көңілі сергек Алматылық ағамыз, Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің профессоры, педагогика ғылымдарының докторы Жолмұхан Түрікменовтың сөзін жиналған көпшілік зор ықыласпен тыңдады. Ол Төлеген Тәжібайұлының өмірден өз орнын табуға, ғылым жолына түсуге ықпал еткен үлкен ұстазы екенін, оның педагогика және психология саласындағы еңбектерін зерттеп, өзін халыққа таныстырумен қырық жылдан бері айналысып келе жатқанын айтты. Соның нәтижесінде он бір монография шығарып, баспасөз беттерінде 600-ге тарта мақала жазғанын естіген жұрт оған қол шапалақтап құрмет көрсетті.
Бұл сөзіне дәлел ретінде ол сонау қырқыншы жылдары Қазақ ССР-і Халық Комиссарлар Кеңесі төрағасының орынбасары кезінде Нұртас Оңдасынов пен Димаш Ахметұлы Қонаевты мемллекеттік қызметке шақырып, ел басқарудағы қабілеттері мен талантын кеңінен ашуға қолдау көрсетіп, мүмкіндік жасаған Төлеген Тәжібайұлы екенін еске салды.
Сондай-ақ, заң ғылымдарының докторы, профессор, «Парасат», «Құрмет» ордендерінің иегері Бекет Тұрғараев, ҚазҰУ профессоры, филология ғылымдарының докторы, аталмыш уиверситеттің арнайы ғылыми-зерттеу орталығының директоры Мәуленов Алмасбек Анықбекұлы, Шымкент қаласы Т.Тәжібаев атындағы мектеп директоры Омарова Ақмарал Сәрсенбайқызы, Арыс қаласы Т.Тәжібаев атындағы отбасылық балалар ауылының директоры Сүйіндікова Меруерт Нұрланқызы, атақты ағамыздың аталас туысқаны, ауыл шаруашылық ғылымының докторы, профессор Рысымбетов Тілеуберді ағаның кең толғамды сөздерінде даңқты тұлғаның қиын-қыстау балалық шағы мен мағыналы өмір жолы, оның педагогикалық және психологиялық мұрасы жан-жақты зерделенді. Әдебиет зерттеушісі, филология ғылымдарының докторы, профессор Құлбек Ергөбектің сөзі конференцияда талқыланған мәселелерді одан әрі тереңдетіп, толықтыра түсті.
Конференцияда алматылық ғалым Алмасбек Мауленов пен белгілі қаламгер Мамадияр Жақыповтың редакторлығымен академик Т.Тәжібаевтың шығармашылығына арналған бес томдық кітабының тұсаукесері өтті. Сондай-ақ, жиында Төлеген Тәжібаевтің шөбересі, жоғары санаттағы музыка маманы Ләйла Еркежанқызы көпшілікке алғыс сезімін білдіріп, қазақтың бірнеше таңдаулы күйлерін орындап берді.
Кейін қаладағы «Ақ бастау» мейрамханасында Төлеген Тәжібаевтің рухына бағышталған ас беріліп, ел ағаларына, белсенді азаматтарға сый-сияпат көрсетілді.
Түркістан облысы мен мақталы өңірдегі бірнеше аудандардың, Шымкент қаласының Құрметті азаматы, қайда, қандай қызметте жүрсе де қарапайым, көпшіл мінезімен, іскерлік қабілетімен танылған, шаһар жұртшылығы мен билігі алдында да үлкен абырой мен беделге ие — Ел ағасы Кенжекеңнің осы даңқты дара тұлға Төлеген Тәжібаевқа ескерткіш орнату бастамасына қолдау білдірген билік өкілдеріне, ардагер, абыз ақсақалдарға, қаржылай қомақты үлес қосқан кәсіпкер азаматтарға, барша тілеулес ағайындар мен дос-жарандарға алғыстан басқа айтарымыз жоқ! Елдің ынтымағы мен бірлігін танытар осындай өркенді, өрелі істер шығар, бәлкім?!
Әманда, жақсы істер жалғасын таба бергей!

Бекшүкір КАРШАЛОВ,
Қазақстанның Құрметті журналисі

Соңғы жаңалықтар