Шымкенттегі А.Пушкин атындағы әмбебап кітапханада әдебиеттанушы, ғалым Әсілхан Оспанұлының туғанына 100 жыл толуына арналған еске алу кеші өтті. Жас ұрпақты отансүйгіштік рухта тәрбиелеу мақсатында ұйымдастырылған жиында ғалымның ұлы Ералы Оспанов әкесінің Кеңес Одағының батыры, генерал С.Рақымов туралы жазбаларын жинақтап, шығарған «Қазығұрт қыраны генерал Сабыр Рақымов» атты кітапты көпшілікке таныстырды.
Кешке Сабыр Рақымов туып өскен Қазығұрт ауданы Көкібел ауылынан батырдың туыстары, Ә.Оспанұлының ұлы суретші, этнограф Ералы Оспанов қонақ ретінде келді. Іс-шара тізгінін Ө.Жәнібеков атындағы ОҚМПУ-дің тарих ғылымдарының доценті Қ.Сапарханұлы алып, жүргізіп отырды. Жиынға «ҚР Қарулы күштерінің ардагерлері» республикалық қоғамдық бірлестігі Түркістан облыстық филиалы өкілдері, қалалық ардагерлер кеңесі, зиялы қауым өкілдері, Б.Момышұлы атындағы оқу орталығының басшылығы, С.Рақымов атындағы әскери колледжінің оқытушылары мен ұландары қатысты. ұстаздары мен оқушылары, ақын-жазушылар, журналистер, қаламыздағы жоғары және арнаулы оқу орындарының ұстаздары мен студенттер қатысты.
Әдеби кеш барысында Оңтүстіктің жыр сүлейлері Майлықожа, Мәделіқожа, тағы басқа да ақындардың шығармаларын жарыққа шығарған, генерал Сабыр Рақымовты зерттеуге ғұмырын арнаған ғалым, қоғам қайраткері, журналист, ұлтжанды азамат Әсілхан Оспанұлының еңбектері жайында естеліктер айтылды. Оның генерал туралы жинақтаған зерттеу жұмыстарын қолға алып, әке аманатын орындаған Е.Әсілханұлы шығарған жаңа кітаптың тұсаукесері өтіп, оқырманға жол тартты. Келген ардагерлер гвардия генерел-майоры Сабыр Рақымовтай батырдың өмірі мен әскери қызметі, жауынгерлік ерліктері, әлі де зерттелу үстінде екенін айтып өтті.
С.Рақымов атындағы колледж ұландары мен мектептерден келген оқушылар генерал туралы өлеңдерін оқып, №35748 әскери бөлімінің оркестрі музыкалық шығармалар орындады. Ә.Қастеев атындағы өнер және дизайн колледжінің студенттері генерал С.Рахымовтың портретін салып, бейнелеп, батыр атындағы мектептерге табыстады.
Феруза КЕНЖЕЕВА,
А.Пушкин атындағы әмбебап кітапхананың қызметкері