Редакция таңдауы

Шаниннің шоқжұлдыздары

2024 жылдың 6 қарашасы – Ж.Шанин атындағы Шымкент қалалық академиялық қазақ драма театры 95 жылдық мерейтойын халықаралық деңгейде тойлаған тарихи күн. Тарих бетінің түрлі жағдаймен тұмшаланып қалатын тұстары бар. Бұған дейін әубастағы құжатқа мән берілмей, 1934 жылғы атқару комиетінде қарастырылған хаттама бойынша театр күні болып белгіленіп кеткен тарихи қателікті архив құжаттарын зерттеу арқылы анықтап, Шымкент қазақ театрының шымылдығы түрілген күнін таспаладық.

Ғасырға жуық кезең күйініші мен сүйініші, қуанышы мен торығуы шармасқан «соқтықпалы-соқпақты жолдардың» жиынтығынан шығармашылық жолы қалыптасқан Шанин театрының тарихында Абай атамыз айтқандай «самародок сарыалтын» артистер мен режиссерлеріміз төккен маңдай тер мен жүрегін жарып шыққан махаббат, өзіндік өшпес ізін қалдырды.
Шанин театры «Қазақ театр тарихында актерлік құрамы арнайы кәсіби білім алған театрмыз» деп әрдайым мақтана алады. Себебі, сонау 1936-38 жылдары Ленинградтағы театр училищесінде орыс театр өнерінің мэтрі В.Меркурьевтен дәріс алған 22 әртіс біздің театрда шығармашылық жолын бастаған. Оған, «Шәкірттерімді сахна төріне етенелетіп кетемін» деп, сонау Ленинградтан аталмыш майталман В.Меркурьевтің бірге ере келіп, аттай бір жарым жыл бойы театрымызда спектакльдер қойғанын біріміз білсек, біріміз білмейміз. Себебі, бұның бәрі – театрымыздың көне де өшпейтін алтын тарихы.
Шымкент қаласы әкімінің тікелей қолдауымен 6-11 қараша аралығында «Қазақ театрының атасы» саналатын М.Әуезов театры әр екі жылда өткізетін дәстүрлі Орталық Азия елдері театрларының ІХ халықаралық фестивалін Шанин театрының 95 жылдық мерейтойына орайластырып, қала көрерменін сусындатқан думанды той дүркірей өтті. Түркітілдес 7 мемлекеттік театр қатысқан дүбірлі додаға шаниндіктер С.Қасымбектің «Атжалман ғасыр» тарихи трагедиясымен қатысты. Жанбике рөлін сомдаған М.Зияева «Ең үздік әйел бейнесі» номинациясымен, Жұмат Шанин рөлі үшін М.Дариев арнайы Диплом мен Халықаралық Түрксой ұйымының Алғыс хатымен марапатталды.
Бұл – театрдың 2024 жылы қолжеткізген кезекті сүбелі жетістігі.
Сонымен қатар, жыл басынан бері Шанин театрының шығармашылығында орын алған жағымды жаңалықтарды, театр абыройын асқақтатқан «Шоқжұлдыз қыздарымыздың» жетістіктеріне тоқталмай кету әсте мүмкін емес.
Әңгімеміздің әлқиссасын 2024 жылдың мамыр айында Көкшетау қаласында өткен «Сәлем» ІІ Халықаралық комедия театр фестивалінде өзбек драматургі Қувшақовтың «Өлдік те, құрметті болдық» комедиясында Айдана кемпірдің рөлін сомдап, «Ең үздік әйел бейнесі» номинациясын жеңіп алған актриса, ҚР Мәдениет саласының үздігі Нұржамал Қаламбаевадан бастағанды жөн көрдік.
– Спектакльдің қоюшы режиссері Б.Құрманғожаев осы рөльге бекітерде сахнадағы серіктерім «комедиялық жанрдағы кемпірді Нұржамал апай алып шығады» деп ұсыныс жасап, маған бұйыруына ықпал етіпті. Рөл бекітілген сәттен бастап дайындыққа кірістім. Өзіме еркектің отбасындағы рөлі маңызды. Студент кезімде өзбектердің пәтерін жалдап тұрғанмын. Сонда, өзбек әйелдердің күйеуіне деген ілтипатын, мінез-құлқын әбден көргенім Айдана кемпірдің рөлін сомдауыма септігін тигізді. Жанры комедия болып аталғанымен, Айдана кемпірдің балалары сегіз ай келмейді. «Неге келмейді?» деген сұрақты қойдым. Қоғамда баланың тамағы – тоқ, көйлегі – көк болуына ғана мән беріп, рухани қалыптасуына мән бермей жататынымыз ащы шындық. Пьесадағы жайттың қалыптасуының астарында кемпір-шалдың балаларына азық тасумен болып, рухани толысуына мән бермегендігінде жатыр деп ойладым. Бәріне бірдей махаббатын арнап жүріп, балаларының мінез-құлқындағы өзгеріске мән бермей қалған. Әсіресе, Айдана кемпір «әкесі мен балалар арасында конфликт болмасын» деп, екі жақтың қылығын бір-бірінен жасырады. Ортадағы жалғастырушы, алтын көпір. Сүйіп ойнаймын. Сахнада партнердің ықпалы ерекше болады. Шалдың рөліндегі актер Д.Аралбаевпен партнер болған кезде, ойын кезінде Дүйсебектің ішкі тынысын кәдімгідей сезінемін. Бір бүтінге айналамын. Айдананың балалары кетіп қалған кезде, қолындағы анарды соңынан алып жүгіретін сахнасында перзенттерінің ешбірі қайырылмайды. Сол сәт ауыр тиіп, шалымның досы Әуезге қолымдағы анарыма қарап мұңайып «Әуез-әка, бұл анарды балаларыма деп жинадым ғой?!» деген сәтте, жасым саулап қоя береді. Бұл пьесаның түбінде ананың балаға деген махаббаты жатыр, — деп еске алды Нұржамал Қаламбаева.
Екінші кейіпкеріміз, ҚР Мәдениет саласының үздігі Бақытгүл Қожамұратова Албанияның Малик қаласында өткен Халықаралық «Альбамоно» моноспектакльдер фестиваліне Ж.Ануйдің «Медея» трагедиясымен қатысып, «Ең үздік қойылым» номинациясын иеленіп қайтты.
– Медеяның әдетте бір-ақ нәрсесіне тоқтадым. Ол – сатты. Сатқындық бумеранг боп өзіне қайтып келді. Бірақ, Медеяны ақтап алдым. Ол көзсіз ғашық болды. Махаббаттың жолында туған жерін, әкесін, бауырын сатты. Өкініштісі, Медеяны – мен ақтағаныммен, Медея сол құрбандығын өзі ақтай алмады. Қолынан келгені ұлдарын өлтіру арқылы Ясоннан кек алды. Кек алу – адамзаттың өте төмен мінезі ғой. Сол ғасырдағы оқиға – шарасыздықпен шырмалып жатқан кек, 21 ғасырда көрініс тауып жатқаны жасырын емес. Біз Медеяны қойып жатқан кезде Алматы қаласында жас әйелдің үш бірдей перзентін биік үйден лақтырып, өлтіргенін естігенде, «Апыр-ай, классика деген осы екен ғой?!» деп, Медеяны көргендей денем түршікті. Біріншіден, қойылымды моноспектакльге айналдырғаны қиынға соқты. «Бір актердің театры» форматында партнерсіз жалғыз өзім ойнағаным ауыр соқты. Ұйқысыздыққа ұшырадым. Тылсым әлеммен арпалыстым. Медеяның жауыздығы бойыма ендеп кететіндей қорықтым. Бұл сезім Ш.Айтматовтың «Жанпидасындағы» Аққұртқада болған еді. Албанияның Малик қаласында өткен Халықаралық «Альбамоно» моноспектакльдер фестивалінде ойнаған сәтте ең қызығы: кәсіби сахнада емес – өртеніп кеткен мәдениет үйінің сахнасында ойнадық. Жұрдай. Тек, қаланған кірпіштері қалған. Сол, өртенген мәдениет үйінің үйінділері ішінен ағаш кесінділерін жинап алып, декорацияны құрдық. Атмосферасы Медеяның айдаладағы қашқын күйімен керемет үйлесті. Қатты толқыдым. Бірақ, айнала отырған адамдардың зейінмен қараған энергиясы өтіп, еркіндік пайда болды. Сахнаның егесі секілді еркін ойнадым.
Бүгінде режиссер көп. Сапа төмен. Театрды құнсыздандыруға «болмасаң да – ұқсап баққа» салатын режиссердің легі ойландырады. Өлең жазғанды ұнатамын. Баламен үйде отырғанда, үш жыл бойы роль берілмеген кезде іштей күйзеліске түсіп, жапанда жалғыз қалғандай арпалыста жүрдім. Рольден алып тастаса, қайғы жұтып, сахнаның сыртында режиссердің қабағын күтіп тұратынбыз. Кейбір әртістер рөлден алып тастаса қуанады. Тіптен, алып тастауын өтініп жататынын көргенде, Шаниннің «Сахнаны өнер деп, үйренемін, өнерімді көрсетемін дегендерге қарағанда, қызмет орным, нан жеп отырған жерім деп қарайтындар көп» деген сөзі, бүгінде белең алғаны шошытады, — дейді өнерді жанымен сүйетін Бақытгүл.
Ал, үшінші кейіпкеріміз – ҚР Мәдениет саласының үздігі, Орталық Азия елдері театрларының ІХ халықаралық фестиваліде С.Қасымбектің «Атжалман ғасыр» тарихи трагедиясында Жанбике рөлін содамдаған М.Зияева. Ол фестивальде «Ең үздік әйел бейнесі» номинциясын иеленді.
– Театрыымызда Жұмат Шанин жайлы қойылым сахналанғалы жатқанын естігенде, ерекше қуандым. Өйткені, театрдың актрисасы ретінде «Қазақ театрының іргетасын қалаған тұлға жайлы неге спектакль жоқ?» деген сұрақ ылғи көкейден кетпей жүретін. Жұматтың жары Жанбикенің рөлі бұйырғандағы қуанышымда шек болмады. Спектакльден соң, араға жыл салып, кино түсірілгенде онда да Жанбикені сомдадым.
Қолыма пьеса тимей жатып ізденуді бастап кеттім. Дайындық барысында зерделегенімді көз алдыма келтіре отырып оқитынмын. Пьесада Жанбике арқылы қазақ әйелінің ер-азаматын қадірлеуі, қолдауы, пір тұтуы көрсетілгені қуантты. Екі сахнаға Жанбикенің күллі тағдыры, эмоциясы сыйып кеткен. Кинода кәдімгідей Жанбикені сезіндім. Өзімнен өзім жылап қала бердім. Қазақ қызынан шыққан алғашқы кәсіби актрисаның рөлі бұйырғаны – мен үшін ерекше мәртебе. Рөл белгіленгенде шынайы оқиғаға негізделсе, терең зерттеймін. Процесс барысында суретшімен келіспеушілік болды. Бірде «Жанбике тақиясын тастамаған актриса» дегенді оқыдым. Костюмнің эскизінде тақия жоқ. Суретшімен айтысып, дәлелдеп жүріп тақияны қостырдым. Киноға Жанбикенің рөліне түскенде де, «Атжалман ғасырдағы» Жанбикемнің сөздерін көп қолдандым. Режиссерге «Арысым» деген сөзін қоймай, қостырып алдым. Әріптестеріме ұнағаны қатты қуантты. Айзат Қыдыралиевадай қазақ театр әлемінде салмағы бар театртанушының оң пікірі өзімді қатты қуантқанын жасырмаймын. Орталық Азия елдері театрларының ІХ халықаралық фестивалінің қазылар алқасы бірауыздан Жанбикенің рөлін мақтағанда, кеудемді қуаныш кернеді. Ойнаған рөлім үшін қазылардан қошемет есту – мен үшін баға жетпес бақыт, — дейді Мөлдір Зияева тарихи тұлғаның бейнесін сомдағандағы әсерімен бөлісіп.
Міне, бүгінгі үш кейіпкер – халықаралық театр фестивальдерінде Шанин театрының жеңіс туын желбіреткен шоқжұлдыздар. Шанин театрының талантты актрисаларына шығармашылық шабыт тілей отырып, жаңа жеңіске жете беріңіздер демекпіз.

Сая ҚАСЫМБЕК,
Шымкент қалалық Ж.Шанин атындағы академиялық
қазақ драма театры әдебиет бөлімінің меңгерушісі, драматург

Соңғы жаңалықтар