Шымкент қаласында ауыл шаруашылығы және ветеринария саласында 2025 жылдың 11 айында атқарылған жұмыстар мен негізгі көрсеткіштер тақырыбында баспасөз брифингі өтті. Қалалық ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының басшысы Талғат Мекамбаев салада жүзеге асырылған негізгі жұмыстарды қорытындылады.

Басқарманың мәліметінше, қалада ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 51,8 млрд теңгеге жетті (жоспар – 55,3 млрд теңге). Биыл 23 мың га жерге дақылдар егіліп, 82 мың тонна өнім жиналды. Оның ішінде, дәнді дақылдар – 7,0 мың га, майлы дақылдар – 3,3 мың га, көкөніс-бақша – 1,8 мың га, мал азығы – 10,9 мың га. Есепті айда 6,6 мың тонна ет, 64,8 мың тонна сүт, 219,3 млн дана жұмыртқа өндірілген.
Жыл басынан бері ауыл шаруашылығы саласына 12 жоба бойынша
43,4 млрд теңге инвестиция тартылып, 170 жаңа жұмыс орны ашылды. Атап айтқанда, 1 көкөніс қоймасы, құс фабрикасы, 6 сүт өңдеу кәсіпорны, 1 сүт фермасы, жеміс-көкөніс өңдеуді кеңейту және жылыжай кешені («Alsera KZ» – 40 га). Бүгінде «Alsera KZ» компаниясы 40 гектар жылыжай кешенінің құрылыс жұмысы аяқталып, алғашқы өнім жиналып жатыр.
Сонымен қатар, Польшаның «Fabe-Agro» компаниясының құны 137 миллион АҚШ долларын құрайтын жаңа жылыжай кешенінің құрылысы басталды. Аталған ірі агрожоба Мәртөбе тұрғын алабында жүзеге асырылуда. Кешеннің жалпы аумағы – 144 гектар. Қазіргі уақытта нысанды қажетті инфрақұрылым желілерімен қамтамасыз ету жұмыстары жүргізілуде. Жоба толық іске қосылған кезде жылына 36 мың тоннаға дейін көкөніс өнімін өндіру жоспарланып отыр. Жоба аясында 1 000-ғажуық жаңа жұмыс орны ашылады.
Шаһарда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының баға өсімін алдын-алу бойынша бірқатар шаралар қолға алынған. Тұрақтандыру қорының айналым механизімі аясында ірі сауда желілері мен тауар өндіруші кәсіпорындармен (ұн, жұмыртқа, нан, сиыр еті, тауық еті, күнбағыс майы) келісім-шарттар түзіліп, 90-ға жуық сауда орындарында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары белгіленген бағада сатылуда.
Басқарма басшысы әлеуметтік сауда нүктелерінің санын ұлғайту мақсатында, халықтың тығыз орналасқан аймақтарынан «Бақша» атты
15 әлеуметтік павильоны іске қосылғанын атап өтті.
Бұл өз кезегінде халықты әлеуметтік тауарлармен қолжетімді бағада қамтамасыз етуге үлкен мүмкіндік береді. Қала тұрғындарын күнделікті тұтынатын азық-түлік тауарларымен қолжетімді бағада қамтамасыз ету үшін, жергілікті тауар өндірушілері, көршілес облыстардың шаруа қожалықтары және көтерме саудамен айналысатын кәсіпкерлердің қатысуымен апта сайын қаланың 6 жерінде тұрақты түрде азық-түлік жәрмеңкелері ұйымдастырылып келеді (жәрмеңкеге жалпы 200-ден астам кәсіпкерлер қатысып, жыл басынан 340 жәрмеңке өткізілді).
Сондай-ақ, ветеринариялық іс-шаралардың орындалуы барысынан хабардар етті.
Қала аумағында ауыл шаруашылығы жануарларына жүргізілетін ветеринариялық іс-шаралар тиісті жоспарға сай орындалды. Атап айтқанда, 10 түрлі жұқпалы ауруларға қарсы 1 211 700 вакцинациялық егу, 6 түрлі ауруларға қарсы 227 793 бас қан сынамасы алынып, диагностикалық зерттеу іс-шаралары жүргізілді. Қала аумағында бірқатар залалсыздандыру жұмыстары атқарылды.
Т.ДҮЙСЕНБЕКҰЛЫ
