Шымкент қаласы халықаралық әуежайының жаңа терминалының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Жеке инвестиция есебінен салынған жаңа терминалдың әлеуеті зор. Жаңа нысанның ашылу рәсіміне көпшілік куә болды.
Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков үлкен маңызға ие инфрақұрылымдық жобаның іске қосылуы басқа салаларға да серпін беретінін атап өтті.
–Бұл бәріміз үшін маңызды әрі көптен күткен оқиға. Өйткені, жаңа терминал қаламыздың экономикалық дамуына жол ашады. Сондай-ақ, ол қала тұрғындарының өмірінде жаңа кезең басталғанын бейнелейді. Сол себепті бүгін нағыз тарихи күн деп айта аламыз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев көлік инфрақұрылымын дамыту стратегиялық маңызға ие міндет екенін талай рет айтқан болатын. Жаңа әуе терминалы жылдам дамып келе жатқан Шымкенттің жылдан жылға артып келе жатқан қажеттіліктеріне сай келеді. Шымкент — әлеуеті зор, әрі мүмкіндігі мол қала. Біз инвестиция тарту бойынша республика өңірлері арасында көш бастап тұрмыз. Бұған мемлекет пен бизнестің өзара тиімді әріптестік орнатуы арқылы қол жеткіздік. Соның жарқын мысал ретінде осынау маңызды инфрақұрылымдық жобаны, яғни, әуежайдың жаңа терминалын айта аламыз, – деді қала әкімі.
Айта кетейік, жаңа ғимараттың ауданы 39 мың шаршы метрді құрайды. Мұнда жолаушыларға барынша ыңғайлы жағдай жасалған. Атап айтқанда, 25 эскалатор, 14 лифт, 6 телетрап және травелаторлар да бар. Бұл заманауи кешен сағатына 2 000 жолаушыға қызмет көрсете алады. Оған қоса бір мезгілде 10 ұшақты қабылдай алатын тұрағы бар жаңа перрон да ашылды. Осының бәрі авиациялық хабты дамытуға негіз болады.
Алдымен жаңа терминалда «SCAT» әуекомпаниясының күндізгі ішкі рейстеріне қызмет көрсету басталады. Жақын арада оларға «Air Astana» және «Fly Arystan» әуекомпанияларының рейстері қосылады. Сондай-ақ, халықаралық авиатасымалдаушылармен тарифтік саясат және ынтымақтастық мәселелері бойынша келіссөздер жүргізілуде. Ал халықаралық сектор мен транзиттік аймақты ашу келесі жылдың басына жоспарланған екен.
– Жаңа терминал бүгінгі ұрпақтың ғана емес, келер ұрпақтың да игілігіне қызмет етеді. Осы жобаға өз күш-қуаты мен білімін сарп еткен, еңбегін сіңірген барлық азаматтарға алғысымды білдіремін. Осы ауқымды жобаны батылдықпен қолға алған SCAT әуе компаниясына да ризашылығымды білдіремін. Осындағы әрбір қаланған кірпіш, әрбір жасалынған жұмыс – Сіздердің еңбекқорлықтарыңыз бен кәсіби шеберліктеріңіздің жемісі. Шымкент мүмкіндіктер қаласына айналып келеді. Бұл терминал қаламыздың қарқынды дамуы мен басқа аймақтарға үлгі болуға дайын екендігінің дәлелі. Жаңа терминал қаламыздың жаңалық пен жақсылыққа құштар екенін көрсетеді. Ол Шымкенттің жарқын болашағының символына айналсын, – деді Ғ.Сыздықбеков.
Өз кезегінде «Скат» әуекомпаниясының президенті Владимир Денисов та жолаушыларға барлық қолайлы жағдайлар жасала беретінін айтты.
Іс-шара соңында терминалға алғашқы жолаушыларды қабылдау және алғашқы рейске жолаушыларды тіркеу рәсімі жүргізіліп, терминалға саяхат ұйымдастырылды.
Тағабай ҚАСЫМОВ