Редакция таңдауы

Аяз ата біздің үйге де соға кет…

Санаулы күндерден кейін 2025 жыл есігімізден енгелі тұр. Жаңа жылды дорбасы сыйлыққа толған Аяз ата мен оның қызы Ақшақарсыз елестету әсте мүмкін емес. Сондықтан, мерекелік көңіл-күйді сезінгісі келетіндер оларды кештерге және үйлеріне арнайы шақырып жатады. «Жылдың басты кейіпкерлері мерекелік кештерге немесе үйге шақыру қанша тұрады?» деген сұраққа жауап алмақ болып, Шымкент қалалық қуыршақ және жасөспірімдер театрының режиссері Жарас Исмайлмен тілдескен болатынбыз.

Жарас Исмайл 2020 жылдан бері Аяз ата бейнесін сомдап келеді. Оған мұндай қызметті аниматор болып жұмыс істейтін әпкесі ұсынған екен.
«Венера әпкем алғашқыда тапсырыстарды телефон арқылы қабылдап, мені айтылған мекен-жайға жіберіп отырды. Ол кезде әр тапсырысқа 10 000 теңгеден алдым. Кейіннен «осы қызмет түрімен өзім де айналыса аламын ғой» деген ой келді. Содан Аяз атаның киімін денеме лайықтап тіктіріп алып, тапсырыстар қабылдай бастадым. Әрине, жалғыз өзім болғандықтан, маған клиент табу қиынға соқты.
Былтырдан бастап жарнаманы күшейтіп, мерекелік бағдарламамды түрлі ойындармен толықтырып, қызықты етудемін. Біздің мерекелік бағдарламада Аяз ата мен Ақшақар келісілген уақытта үйге немесе мерекелік кешке кіріп келіп, өздерін таныстырады. Содан кейін балалармен бірге шыршаны айналып, олардың жас ерекшеліктеріне қарай ойындар ұйымдастырады. Балалар өз өнерін көрсетіп, тақпақтарын айтып, Аяз атадан сыйлықтар алады. Бүлдіршіндерге ата-аналары алдын ала дайындаған сыйлықтарымен қатар, өзіміздің де алып барған тосын сыйларымызды үлестіреміз.
Әрине, 31 желтоқсан күні жақындаған сайын баға шарықтай түседі. Мәселен, былтыр Аяз ата болып үйге құттықтап бару қызметін 31 желтоқсан күні 15 000 теңгеге көтеріп, сол күні күндізгі сағат 14:00-ден түнгі 00:30-ға дейін 100 000 теңге шамасында ақша тапқанымыз бар», – дейді Жарас Исмайл.
Ол алдағы уақытта өздерінің мерекелік бағдарламаларына ертегі кейіпкерлерін де қосуды мақсат етіп отыр. Өйткені, ата-аналар Аяз ата мен Ақшақардың үйлерінде көп уақыт болғанын қалайды екен. Тапсырыс берушілердің талабынан шығу үшін, балаларды жалықтырып алмас үшін өздерінің қатарына ертегі кейіпкерлерін де қосып алмақ. Жарастың келіншегі Балнұр Ақшақар рөлін сомдап жүр. Жарас, тіпті, бұл оның хоббиіне айналғанын айтады.
Дәл қазір интернетте жаңа жылдық кештерде аниматорлық қызмет көрсететіндердің жарнамасынан көз сүрінеді. Олардың ұсынып отырған бағалары да әртүрлі. Араларында 15 минут үшін 25 мың теңге сұрайтындар да бар. Ал, енді бір парақшада жаңа жыл кейіпкерлерінің қызметі 50 мың теңгеге өзгереді. Тағы бірінде Аяз ата мен Ақшақардың құттықтауы мен бір сағаттық бағдарлама 60 мың теңге деп көрсетілген. Қысқасы, жаңа жылдың басты кейіпкерлерін әркім өзінің көңіл-күйі мен қалтасына қарай таңдай алады. Ал, біз әңгімеге тартқан жас жұбайлар тапсырыс берушілердің ұсынған бағаларына да қызмет көрсетіп қайтқан күндері болғанын айтады.
«Алғашқыда театрда бірге жұмыс істейтін әріптестеріме Ақшақар болуға ұсыныс білдірген едім. Тапсырыс берушілердің айтқан уақытында олар бос болмай қалып жатты. Содан бір күні келіншегім күтпеген жерден «Ақшақар болу менің де қолымнан келеді ғой» деді. Оның мамандығы – педагог. Кішкене ойланып қалдым. Өйткені, Аяз ата мен Ақшақар рөлін сомдау оңай дүние емес. Балаларды сендіру, көңілін аулау үлкен жауапкершілікті талап етеді. Мәселен, менің дене бітімім арықтау болғаннан кейін Аяз атаның шапанының ішінен куртешемді киіп аламын. Бірақ, Ақшақар кейпіне енуге құлшынысы оянған келіншегімнің дайындығы мені қуантты. Қазір ол біздің мерекелік бағдарламамызды жаңартып, оған түрлі ойындарды, билерді қосып, дорбамызды тосын сыйларға толтырып отырады.
Бұл негізінен ең керемет жұмыс дер едім. Аяз ата мен Ақшақардың бейнесін сомдап, балаларға қуаныш сыйлау, олардың риясыз көңілін көтеру, күлкісін көруден артық бақыт бар ма?! Осының өзі біздерге мотивация береді, – дейді Жарас Исмайл.
Ал, Сіз үйіңізге Аяз атаны шақырып көрдіңіз бе?..

Дилара ТОЙЛЫБАЙҚЫЗЫ.

Соңғы жаңалықтар