Қазақта жыл қайыру он екі жылдан тұрады. Бұл қатарда 2025 жыл – жылан жылына тұспа-тұс келіп тұр. Ол күрделілігімен, жұмбақтығымен және өзгерістерге толы кезеңдерімен ерекше. Жылжып келе жатқан жылан жылы есігімізді қандай жаңалығымен қағады? Жылан қандай жануар, бұған дейін елімізде осы жыл қандай оқиғалармен есте қалған? Мамандар не дейді?
Тарихқа тоқталсақ
Қазақтар жыланға тек сақтықпен қарамай, оны киелі санап, құрметтеудің де түрлі себептерін ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп отырған. Ата-бабаларымыз үйіне жылан кірсе, оны өлтірмей, керісінше, басына ақ құйып шығарып жіберген. Иә, жылан жылы әр 12 жыл сайын қайталанып келеді. Сондықтан келер жылға болжам жасамас бұрын, жылан жылы ел өміріндегі белгілі бір тарихи оқиғаларға шолу жасайық.
1729 жыл тарихта қазақ халқының жоңғар шапқыншылығына қарсы ірі жеңісімен есте қалды. Аңырақай шайқасы қазақтың бірлігін нығайтып, Жоңғарияға қарсы ұзаққа созылған соғыстың шешуші кезеңі болды. 1833 жыл — Исатай мен Махамбеттің көтеріліс бастауы – қазақ халық көтерілісінің күшею жылдарының бірі. Бұл кезеңде қазақ халқы отаршылдық саясатқа және жергілікті биліктің әділетсіздігіне қарсы күресті. 1941 жыл — Ұлы Отан соғысының басталуы. 1941 жыл жылан жылы еді. Бұл жыл бүкіл әлем үшін ауыр кезең болды. Қазақ халқы да Ұлы Отан соғысына аттанып, майдан мен тылда жанқиярлық ерлік көрсетті. Соғыс жылдарында Қазақстан майданды азық-түлікпен және қару-жарақпен қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарды. 1989 жылы Кеңес Одағындағы қайта құру кезеңінің маңызды жылы. Бұл кезде Қазақстанда ұлттық жаңғыру, тіл мен мәдениетті сақтап қалуға деген ұмтылыс күшейді. Қоғамдық ұйымдар құрылып, Желтоқсан көтерілісінің, тарихи маңызы айқындала түсті.
2001 жыл — Қазақстанның дамуының жаңа кезеңі. 2001 жылы Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейінгі маңызды экономикалық және саяси реформалардың жүзеге асырылған жылы. Ел экономикасы тұрақтанып, халықаралық аренада Қазақстанның мұнай-газ саласы қарқынды дамып, сыртқы инвестициялардың көлемі ұлғайды. Жоғарыдағы тарихи оқиғалар әрбір жылан жылы халықты сабыр мен даналыққа, қиындықтарды жеңуге шақыратын жыл деп есептелгенін көреміз.
Жыландардың жайы қалай?
Жалпы, жыланның тыныс-тіршілігімен танысуға Шымкент мемлекеттік зообағына арнайы бардық. 1980 жылы ашылған хайуанаттар бағында 1981 жылы бауырымен жорғалаушыларға арналған «Террариум» бөлімі ашылған. Ал, 2020 жылдары бұл бөлім күрделі жөндеуден өтіп, заманауи жабдықтармен толық жабдықталған. Бұл жерде жыланның 19 түрі мен жалпы саны 24 тіршілік иесі бар. «Террариум» бөлімінің меңгерушісі Раиса Долгованың айтынша, мұндағы жыландар алыс-жақын шет елдерден және Алматы, Қарағанды зоосаябағынан әкелінетін көрінеді.
– Мұнда келгенге дейін бірнеше этаптардан өтеді. Барлық жұмыстар тек құжат арқылы жүзеге асырылады. Арнайы мамандардың бақылауында болып бізге жеткізіледі. Ал, жыландардың үйренісуі әртүрлі. Олар да күйзеліске түседі. Жаңа ортаға үйренісе алмайды. Кейде жарты жыл бойы тамақтанбайды. Олардың негізі тамағы – тірі ағзалар. Тамақ ішетін уақыттары жақындағанын дене түсінен білуге болады. Ай сайын ветеринар мамандары келіп жағдайларын тексереді. Мұнда ұзақ жылдан бері қызмет еткендіктен, олардың қандай күйде екенін біз бірден байқаймыз. Жыландардың мінез-құлқы әр түрлі. Дегенмен, олар шыдамды, сабырлы болып келеді. Ақылды, белсенді түрлері де бар, – дейді Раиса Долгова.
Осы бөлімде ұзақ жылдар бойы мекендеген жыландардың бірі 1993 жылы әкелінген екен. Ол питон-бауырымен жорғалаушылар класы, қабыршақтылар отряды, жалған-аяқтылар тұқымдасы тармағына жататын улы емес жылан. Питондардың түсі әртүрлі. Бір түстілері, шұбарлары да, ағашта жүретін жасыл түстілері де бар. Питонның ұзындығы 1-8 метр аралығында салмағы 140 келідей. Питонның ерекшелігі – адамдар секілді екі өкпесі бар. Үстіңгі жағының қақ ортасында «премаксила» дейтін сүйегінде тістері орналасқан. Ірі жануарды жұтып жібергенде асқазаны ұзақ уақыт қорытады. Сондықтан 1,5 жылға дейін қоректенбей жүре алады. Адамдар үркітпесе, тиіспесе, питон адамға өздігінен шабуыл жасамайды, –дейді мамандар.
жарқын декорация пайда болды
Сондай-ақ, 2025 жыл қарсаңында елімізде жыланға арнап салынған ең үлкен мүсін Шымкент қаласында салынды. Ол, Шымкент мемлекеттік зоосаябағының кіреберісінде орнатылған. Биіктігі 4,5 метр үлкен мүсінді орнату туралы идея авторы – зоосаябақ директоры Нұрғазы Бұхарбай. Ол өз қаражаты есебінен қала тұрғындарына тарту ретінде ұсыныпты. Бұл символ қала тұрғындары мен қонақтарының назарын аударта отырып, қаламыздың көркіне сән қосуда.
Тіршілік иесі даналыққа бастайды
Сандардың қандай сыр бүгетінін зерттейтін нумерология ғылымы бұл жыл байлық жылы болмақ дейді. Нумеролог Зәуреш Тоқназарованың айтуынша, биылғы жыл даналыққа бастайтын көрінеді.
– Жыл санын қосатын болсақ, барлығы 9 санын көрсетіп тұр. Қытай жұлдызнамасы бойынша жылан және ағаш жылы кіріп жатыр. 9 саны бізде даналық, оқу, білім, даму жылы. Көп адамның біліктілігі артатын, көп адам өздерінің миссиясын табатын, дамитын жыл. 9 сандардың ең үлкені. Рухани баю, прогресс жылы. Биыл 8 саны болса көп адам материалдық жағдайға басымдық қойды. Ал, 9-да рухани дамуға ден қояды. Биылғы жылы адамдар қаласын, қаламасын белгілі бір баптауға түседі. Яғни, адамдар өзінің нишасы мен миссиясын іздей бастайды. Өмірдегі басты міндет адам өз миссиясын орындау. Сондықтан көп адам жүрегін тыңдайды деп ойлаймын. Сондай-ақ, дисциплинаға көп нәрсе байланысты. Кімнің жылы 0-мен аяқталады соларға табысты болады. Кімнің жылы 5-ке аяқталады биылғы жыл сияқты өздерінің стихиялары кіреді, соларға бақытты жыл болмақ. Жеке өмірінде де, жұмыста да табысқа жетеді, – дейді Зәуреш Тоқназарова.
Түйін:
Жаңа жылды тек жақсылығымен күтетін халықпыз. Бұл – жас пен кәріні бірдей қуанышқа бөлейтін мереке. Өткен жылға өкпе жоқ, келер жылдан үміт көп дегендей, жылан жылында сол үміт ақталсын деп тілейміз.
Гүлжауһар ТЕМІРХАНҚЫЗЫ