Шымкент қаласында «Standard Steel KZ» ЖШС-і мырыш оксидін өндіретін зауыттың екінші кезеңін іске қосты. Бұл зауытта қорғасын өндірісінің қалдықтарын қайта өңдеп, түсті металл концентраты алынады. Ашылу салтанатына ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев, Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков, сондай-ақ басқа да лауазымды тұлғалар қатысты.
Әлеуметтік маңызы бар жоба өткен ғасырдың қырқыншы жылдары ашылған Шымкент қорғасын зауытының 70 жыл бойы жинақталған 2,5 млн тонна қалдықтарынан түсті металл концентратын өндіруді көздейді.
– Қаншама жылдар жиналған зауыт қалдығы экологияға өз әсерін тигізбей қоймады. Осы қалдық үйіндісін пайдаға асырғалы отырған зауыттың экологияны жақсартуға, маңайындағы халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға тигізер үлесі зор болмақ. Зауыт жаңа технологиямен салынған. Сұранысқа ие өнім шығарады. Толығымен экспортталады. Жалпы еліміз кәдеге асыруға келетін қалдықтарға бай. Сондықтан осындай зауыттар әр өңірде ашылуы тиіс. Бұл мемлекеттің экологиялық саясатының негізгі бағыттарының бірі, – деді ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев.
Салтанатты шарада қала әкімі Ғабит Сыздықбеков те бұл жобаның маңыздылығын атап өтті.
– Елімізде өнеркәсіп саласы қарқынды дамып келеді, жыл сайын жаңа кәсіпорындар ашылуда. Мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау көрсетіліп, жұмыс орындары құрылып, халықтың әл-ауқаты жақсарып жатыр. Зауыттың іске қосылуы қаланың экономикалық дамуына ықпал етіп қана қоймай, өнеркәсіптік кәсіпорындар қызметінің экологиялық зардаптарын төмендетеді, – деді қала әкімі өз сөзінде.
Айта кетейік, жалпы құны 13 млрд.теңгеден асатын инвестициялық жоба 250-ден астам адамды жұмыспен қамтыды. Бірінші кезеңнің нәтижесінде зауыт жылына 4 600 тоннадан астам мыс-күміс концентратын шығарған. Екінші кезеңнің іске қосылуы өндіріс көлемін айтарлықтай арттырып, жылына қосымша 20 мың тоннадан астам мырыш оксидін өндіруге мүмкіндік береді. Жылына 300 мың тонна қалдықты қайта өңдейді.
Зауыттың айналасында 30,8 млрд теңге қаржыға шағын және орта бизнесті дамыту үшін жеке индустриалды аймақ құрылуда. Бұл аймақта қажетті инфрақұрылымдар, газ, электр энергиясы, сумен жабдықтау және кәріз жүйелері жүргізіледі. Мұндай қолдау 100-ден астам жаңа шағын және орта бизнес субьектісінің ашылуына ықпал етіп, 2600 адамды тұрақты жұмыспен қамтиды деп күтілуде.
Шымкенттегі мырыш оксидін өндіретін зауыттың екінші кезеңі ел экономикасына мультипликативті әсерін тигізіп, экология мәселелерін шешуде маңызды рөл атқарады. Бұл жоба тек қала мен аймақ деңгейінде ғана емес, бүкіл ел үшін өнеркәсіп пен экология саласындағы үлгі боларлық бастама болып табылады.
С.ТҰРҒАНТАЙҚЫЗЫ