Жаңа жыл мерекесінің қарсаңында Шымкентте бірқатар нысандар халық игілігіне пайдалануға берілді. Атап айтқанда, Нұртас шағынауданында 2 мың орындық жайлы мектеп пайдалануға берілді. Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков заманауи талаптарға сай салынған білім ғимаратын аралап көрді.
Жаңа мектепте 80 кабинет, оның ішінде робототехника мен STEM зертханасы қарастырылған. Сондай-ақ, ғимаратта екі үлкен және екі шағын спорт залы, кең акт залы мен үлкен асхана бар. Ерекше қажеттіліктері бар балаларға қолайлы қозғалыс үшін арнайы жабдықталған кедергісіз кеңістіктер де қаралған.
Сонымен қатар Қаратау ауданында да жайлы мектептің ашылуы өтті. Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков Тұран-2 шағын ауданында орналасқан №143 орта мектепті аралады. Білім беру мекемесі 1200 орынға лайықталып, заманауи жабдықтармен жабдықталған. Ауданы шамамен 13 мың шаршы метрлік ғимаратта оқушылар үшін барлық жағдай жасалған. Екі спорт залы, медициналық пункт, үш шеберхана, коворкинг-алаңдар, кітапхана, мәжіліс залдары бар.
Ал, Нұршуақ елдімекеніндегі №149 мектептің жаңа ғимараты 2 000 орынға арналған. Мектепте интерактивті тақталар орнатылған 80 оқу кабинеті, асхана, бірнеше лингафондық, компьютерлік сынып, зертханалық жұмыстарға арналған кабинеттер, кітапхана, шеберханалар, коворкинг-орталығы қарастырылған.
Шымкент қаласы әкімінің баспасөз
қызметі