Қалалық ҚХА жанындағы қоғамдық құрылымдар мен этномәдени бірлестіктер төрағаларының қатысуымен «Қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлік саласында атқарылған жұмыстар және алдағы міндеттер» тақырыбында жылды қорытындылау жиыны өтті.
Жиынға Шымкент қаласы ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының басшысы Әйгерім Жұмағұлова модераторлық етіп, этносаралық ахуалды жақсарту және жалпыұлттық бірлікті нығайту бағытында атқарылған жұмыстар сараланды. Сонымен қатар, келер жылы ҚХА тарапынан жоспарланған негізгі міндеттер айқындалды.
Шара барысында қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары, өзбек этномәдени бірлестігінің төрағасы Тахирбек Нишанбаев, корейлер қауымдастығының төрағасы Юрий Пан және славян этномәдени бірлестігінің төрайымы Наталья Романова сөз сөйлеп, өз ұсыныс-пікірлерін ортаға салды. Олар Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы аясында өткізілетін іс-шаралар мен арнайы жобаларды жүзеге асыру, қайырымдылық жұмыстарын үйлестіру, сондай-ақ қоғамдық құрылымдардың қызметін жетілдіру мәселелеріне тоқталды.
Сонымен қатар, этносаралық келісім мен бірлікті дамыту мақсатында ҚХА әзірлеген 13 арнайы жобаның сапалы орындалуы ерекше назарға алынды. Сонымен қатар, этномәдени бірлестіктердің қоғамдық өмірдегі рөлін арттыру және жастар арасында толеранттылық пен достықты насихаттау бойынша нақты қадамдар ұсынылды.
Іс-шараның қорытындысында қала аумағында қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті бекемдеуге үлес қосқан бірқатар азаматтарға Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Марат Әзілханов пен қала әкімі
Ғабит Сыздықбековтің Алғыс хаттары табысталды. Бұл марапаттар олардың қоғамдық жұмыстарға қосқан елеулі үлесі мен белсенділігіне көрсетілген құрмет болды.
Шымкент қаласындағы Қазақстан халқы Ассамблеясы алдағы жылға үлкен жоспарлар құрып, ел бірлігін нығайтуға бағытталған жұмысын одан әрі жалғастыруға ниетті.
Салтанат ЖАМАЛДИНОВА