Қазақ қашан да өткенге салауат айтып, болашақтан тек жақсылық күткен халық. Халқымыз Жаңа жыл мерекесін де сондай бір ақ пейіл, үкілі үмітпен қарсы алады. Бұл – өткен бір жылда атқарылған жұмыс пен жеткен жетістіктерді қорытындылап, келер күнге жоба-жоспар құратын сәт.
Сонымен, Ұлу жылы да тарих қойнауына еніп барады. Өтіп бара жатқан жылы Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбековтің жетекшілігімен шаһардың әлеуметтік-экономикалық дамуында, халықтың әл-ауқатын арттыру, кәсіпкерлік, жол-көлік инфрақұрылымы, инженерлік жүйелермен қамту, әлеуметтік саланы, қалалық жайлы ортаны дамытуда елеулі жетістіктер болды. Жыл несімен есте қалды? Соны бір қайта жаңғыртып өтсек.
Жыл сайын қалада халық санының көбеюі барлық саланы дамытып, қызметті жақсартуды талап етуде. Бүгінде мегаполис тұрғындарының саны ресми статистика бойынша 1 244 415 адамға жетіп отыр. Демографиялық өсім жоғары, жыл сайын халық саны орта есеппен 40 мыңға дейін артуда. Ендігі ретте тұрғындарды жұмыспен қамту, қолайлы ортаны қалыптастыру – басты назарда. Қала әкімі Ғабит Сыздықбековтің тапсырмасы бойынша инвестиция тарту, жұмыс орындарын ашу, қаланы абаттандыру, көгалдандыру, әлеуметтік саланы дамыту, тағы басқа бағыттарда жүйелі жұмыстар атқарылды.
Шаһарда биыл көптеген кәсіпкерлік, әлеуметтік нысандар ашылды. Тұрғын үй құрылыстары қарқынды жүргізілді. Жалпы айтқанда, Шымкент алып құрылыс алаңына айналды. 2024 жылы құрылыс басқармасы тарапынан 181,2 млрд. теңгеге 114 жоба немесе 154 нысанның құрылысын салу жоспарланған болатын. Оның ішінде, 97 нысанның құрылысы жыл соңына дейін тапсырылады. Қалған 57 нысанның құрылысы 2025 жылға өтпелі.
Шымкент қаласы 2024 жылдың 10 айында 12 пайыз экономикалық өсіммен жоғары нәтиже көрсетіп, мегаполис Қазақстан аймақтары арасында көш бастап тұр. Оған қоса жыл басынан бері қалаға 536 млрд теңге инвестиция тартылған. Бүгінде Шымкенттегі индустриялық аймақтардың жалпы саны 7-ге жетті. Осы аймақтарда іске асырылған 293 жоба бойынша қала экономикасына 225 миллиард теңге инвестиция тартылып, 8 мыңнан астам жұмыс орны ашылды. Тәуелсіздік күні қарсаңында «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында үш жаңа өндіріс орны іске қосылды. Жаңа индустриалды аймақтар құру және инвестиция тарту – ол қала экономикасын ілгерілетудегі стратегиялық маңызды қадамдардың бірі.
Ұлу жылында үйлі болғандар көп
Тарих қойнауына еніп бара жатқан жылда 161,9 мың шаршы метрді құрайтын 2094 пәтерлі 55 тұрғын үй (кредиттік-53, арендалық-2) пайдалануға тапсырылды. Мемлекеттік бағдарламалар бойынша «2-10-20» және «5-10-20» бағыттары аясында жеңілдетілген несиелік негізде биыл 1 793 пәтерлік 60 көпқабатты тұрғын үйге келісім-шарттар түзіліп, азаматтарға «Отбасы банк» арқылы қолданысқа табысталды. Биыл Шымкентте 552 отбасы тұрғын үй сертификаты арқылы баспаналы болды. Қайтарымсыз әлеуметтік көмекті алушылар қатарында 121 көпбалалы отбасы, 51 толық емес отбасы, 104 ерекше бала асыраушы отбасы, 153 бірінші және екінші топтардағы мүгедектігі бар адамдар, 27 кәмелетке толғанға дейiн ата-аналарынан айырылған жиырма тоғыз жасқа толмаған жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, 96 бюджеттік ұйым қызметкері бар.
Жолдың жағдайы жақсара түсті
Биылғы басты оқиғалардың бірі – Шымкент қаласы халықаралық әуежайының жаңа терминалының іске қосылуы еді. Жаңа терминал қаламыздың экономикалық дамуына жол ашады.
Сондай-ақ, көлік инфрақұрылымын дамытуда есепті жылы Шымкент темір жол вокзалы қайта жаңғырды. Қаланың транзиттік өткізу қабілетін арттыратын Қонаев даңғылының жалғасы, А-2 автомобиль жолын қайта құру, Оңтүстік айналма жолдарының құрылыстары жүзеге асырылды. 16 шақырым болатын «Оңтүстік» айналма жолы пайдалануға тапсырылды. Жыл соңына дейін А-2 айналма жолының 3,7 шақырымын толығымен аяқтап, 15,4 шақырымына асфальт төселіп, көліктердің жүруіне жағдай жасалады. Жалпы жоспар бойынша құрылысы басталған 384 шақырым жолдың биыл 286 шақырымы пайдалануға беріледі.
Еңбек түбі – береке
Биыл қалада жұмыспен қамту шаралары жоғары деңгейде жүзеге асырылды. Жоспар бойынша 30 207 адамды жұмыспен қамту шараларына тарту көзделсе, 11 айда нақты 28 813 адам қатысып, жоспар 94,4%-ға орындалды. Қысқа мерзімді кәсіптік білім беру бойынша 3 732 адамды оқыту жоспарланған болатын. Нәтижесінде, 3 376 адам оқуға жолданды, бұл 90,5%-ды құрайды.
Кәсіпкерлікті дамыту бағытында 4 176 адамға кәсіпкерлік қолдау көрсету жоспарланған болатын. Нақты 3 777 адамға қолдау көрсетілді (90,4%). Олардың арасында 3 349 адам «Бастау Бизнес» жобасы аясында кәсіпкерлік негіздеріне оқытуға тартылса, 428 қала тұрғынына қайтарымсыз грант берілді.
Жалпы 14 846 адамды тұрақты жұмыс орындарына орналастыру жоспарланған болатын. Нәтижесінде, 14 641 адам тұрақты жұмысқа орналасып, жоспар 98,6 %-ға орындалды. 12 ай қорытындысымен жұмыспен қамту шаралары бойынша барлық көрсеткіштер 100 пайыз орындалады.
«Жайлы мектептер» – жарқын болашаққа бастар жол
«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы шеңберінде бірқатар мектептер құрылысы аяқталды. Жобаның мақсаты – барлық оқушылар үшін қолжетімді және сапалы білім беруді қамтамасыз ету. Шымкентте 2025 жылға дейін 28 000 орынды қамтамасыз ететін осындай 18 білім беру мекемесін ашу жоспарлануда. 2023 жылы 12 мектептің құрылысы бастау алып, қазіргі уақытта олардың екеуі оқушылар үшін ашық. Оның 9-ы 2024 жылдың желтоқсанына дейін аяқталады деп күтілуде. 2025 жылы 1500 орынға есептелген «Таскен» тұрғын алабында мектеп пайдалануға беріледі. Құрылысты қаржыландыру Ұлттық қордың қаражаты есебінен қамтамасыз етіледі.
Желтоқсан айының соңында Тұран-2 шағын ауданында орналасқан №143 орта мектеп, Нұртас шағын ауданында 2 мың орындық жайлы мектеп, Нұршуақ елдімекенінде 2000 орындық жайлы мектеп ашылды.
Сонымен қатар, әлеуметтік саланы дамытуда қала күніне орай мәдениет ордасы – «Tulip Hall» конгресс холл ғимараты халық игілігіне берілді. Үш қабатты ғимараттағы концерт залының сыйымдылығы – 2066 орын. Сонымен қатар, 190 орындық конференция залы бар. Мердігер «BI Global» ЖШС құрылыс жұмыстарын толық аяқтап, қала күніне орай пайдалануға тапсырды.
Сонымен қатар, тұрғын алаптар мен елді мекендерде мәдениет үйлері мен клубтары қайта жаңғырды.
Көгілдір отынның рәтін көрер күнге жеттік
2024 жылы қала аумағында 13 инженерлік инфрақұрылым нысанның құрылысын жүргізу жоспарланған. Оның 6 нысаны 2024 жылдың қорытындысымен пайдалануға тапсырылады.
Шымкент қаласында осы кезге дейін көгілдір отынға қолы жетпей келген бірқатар елді мекендер биыл кезек-кезегімен газдандырылды. Еліміздің Тәуелсіздік күні мерекесінің қарсаңында үш бірдей шағынаудан мен бірқатар кәсіпорындарға табиғи газ берілді. Нәтижесінде, 2024 жылы шаһарда 25 мыңнан астам абонент газға қол жеткізбек. Нысандарды қосқаннан кейін Шымкенттегі газдандыру деңгейі 97,4 пайызға жетіп отыр. 2025 жылы қалада жалпы 17 елді мекенді табиғи газбен қамтамасыз ету мақсатында құрылыс жұмыстарын жүргізу жоспарлануда.
Нұрғиса Әділетұлы – әлем чемпионы
Қалада дене шынықтырумен және спортпен айналысатын азаматтардың санын жалпы халықтың 50 пайызына дейін жеткізу басты назарда тұр. Халықтың 1000 адамға арналған спорттық инфрақұрылыммен қамтамасыз етілуі 52,3 пайызды құрайды. Жыл басынан қала тұрғындары арасында салауатты өмір салтын насихаттау, дене шынықтырумен шұғылдануға тарту мақсатында қала аумағында 257 спорттық (Халықаралық, Республикалық, қалалық, бұқаралық) іс-шара өткізіліп, оған 31 000-ға жуық адам қатысты.
Еламан тұрғын алабында «ЕЛАМАН» спорт кешені пайдалануға берілді. Қалалық №12 спорт мектептің спорт нысанының құрылысы аяқталды. Сондай-ақ, «Орталық» саябақта Шахмат үйі пайдалануға берілді.
Сонымен қатар, бүгінгі таңда сыйымдылығы 35 мың адамды құрайтын FIFA талаптарына сәйкес келетін жаңа футбол стадионы құрылысы басталды. Қазіргі таңда жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп, жер телімін тегістеу және қоршау жұмыстары жүргізілуде.
Бесінші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында Шымкент қаласынан 10 спорт түрінен 18 спортшы қатысып, 16 жүлделі орындарды (7 алтын, 5 күміс, 4 қола медаль) жеңіп алды. Ауыр атлетикадан Нұрғиса Әділетұлы Бахрейнде өткен әлем чемпионатының жеңімпазы атанды.
Бокстан жастар арасында әлем чемпионатында Санжар-Али Бегалиев жеңімпаз атанса, дзюдодан жастар арасында Талғат Орынбасар қола жүлдеге ие болды.
Гүлге оранған шаһарға айналды
Шымкент қаласында аулаларды абаттандыру, гүлзарлар салу қарқынды жүргізілді. Биыл қалалық жайлы ортаны дамыту бағытында 24 гүлзардың құрылысы жүргізіліп, пайдалануға берілуде. Барлық аудан аумақтарында гүлзарлар халық игілігіне тапсырылды. Атап айтқанда, «Шымсити» саябағы, Еңбекші ауданында BIG TULIP гүлзары, Әл-Фараби ауданында бір күнде 3 гүлзар пайдалануға берілгені көпшілікке мәлім.
Т.ҚАСЫМОВ