Шымкент қаласы прокуратурасының Қоғамдық мүдделерді қорғау басқармасы 2024 жылдың 11 айының қорытындысы бойынша қала аумағында жасөспірімдермен және оларға қарсы жасалған құқық бұзушылықтар мен қылмыстардың статистикасын жариялады. Мәліметтерге сүйенсек, жасөспірімдермен жасалған қылмыстар саны 2,7 пайызға төмендегенімен, кәмелетке толмағандарға қарсы қылмыстардың саны керісінше 34,2 пайызға өскен.
Құқық бұзушылықтардың көбеюінің негізгі себептері – ұрып-соғу, ұрлық, жол қозғалысы ережелерін бұзу сынды қылмыстардың жиілеп кетуі. Аталған мәселелерді шешу мақсатында қала прокуратурасы тарапынан ауқымды шаралар ұйымдастырылуда.
Қала прокурорының өкімімен құрылған 71 мобильдік топ апта сайын түнгі рейдтік іс-шаралар жүргізуде. Жыл басынан бері ұйымдастырылған 512 рейд барысында 5 мыңнан астам жасөспірім анықталып, олардың ата-аналары әкімшілік жазаға тартылған. Сонымен қатар, қиын жағдайдағы 600-ден астам бала бейімдеу орталықтарына орналастырылды.
– Мобильдік топтар тұрмысы қолайсыз, толық емес отбасыларды және полиция есебіндегі балалардың жағдайын тексеру мақсатында олардың үйлеріне тұрақты түрде барып тұрады. Бүгінгі күнде 1300-ден аса қолайсыз және толық емес отбасылардың үйлері, олардың тұрмыстық жағдайлары және туындаған қиындықтары зерделеніп, нәтижесінде, 460 отбасына түрлі көмек көрсетілген. Атап айтқанда, 419 отбасына азық-түлік, 19 отбасына әлеуметтік көмек берілсе, 19 адам медициналық тексеруден өткізілді, – дейді Шымкент қаласы прокуратурасының Қоғамдық мүдделерді қорғау басқармасының бастығы Бақытжан Байғозиев.
Бұдан бөлек, қаладағы 280 білім беру ұйымдарында құқық бұзушылықтың алдын алу шаралары бойынша полиция, прокуратура, қоғам қайраткерлері және БАҚ өкілдері белсене қатысып, жасөспірімдерге құқықтық мәдениетті насихаттау жұмыстары жүргізілген. Онда құқық бұзушылық мәселесі талқыланып, оның алдын алу мақсатында түсіндіру жүргізіліп, прокуратураның жұмыстары айтылды. Есірткі қылмыстары үшін жазасын өтеп жатқандар жайлы түсірілген «Закладка» атты деректі фильм көрсетілді.
– Білім беру ұйымдарын аралау барысында, бірнеше мектептің психолог мамандарының жұмысының тиімсіздігі, бағыттары бойынша біліктілігін арттыру курстарынан өтпегендігі, сондай-ақ, мамандарының жеткіліксіздігі және басқа да заң бұзушылықтар анықталып, қадағалау актісімен 42 тұлға тәртіптік жауаптылыққа тартылды. Оның ішінде білім басқармасы мен мектеп және колледждердің бірінші басшылары да бар. Алдағы уақытта психологтардың мәртебесін көтеру, кабинеттерін жабдықтау жоспарда бар, – дейді Бақытжан Тастемірұлы.
Бұдан бөлек, прокуратура органдары «Кибернадзор» ақпараттық жүйесі арқылы әлеуметтік желілердегі 32 сайт пен 31 суицидке итермелеу белгілері бар ойындарды бұғаттаған. Жалпы, кәмелетке толмағандар өмірлік қиындық жағдайға тап болған кезде қайда барып, кіммен ақылдасу қажеттігін білмейді. Салдарынан қауіпті қадамдарға баруда. Осыған орай қажет болған жағдайда кез келген мәселе бойынша психолог мамандарына ешқандай да қысылмай жүгініп, ақыл-кеңес алуға қажеттілік туындап отыр. Осыған орай, прокуратурамен кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылық профилактикасы бағытында басқа да көптеген іс-шаралар жүзеге асырылуда.
– Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың өзектілігі ескеріліп, прокуратураның бастамасымен Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасына қарасты «Бақытты жанұя» орталығында алғаш рет агрессорларға тегін психологиялық көмек көрсету жобасы іске қосылды. Жоба аясында маман-психологтардың жұмысы отбасылық құндылықтарды насихаттауға, ата-ана мен баланың қарым қатынасын нығайтуға бағытталады. Бүгінгі күні бұл жаңа тәсіл оңды нәтиже беріп, орталықтағы психолог мамандар 30-дан аса агрессормен жұмыс жасап, нәтижесінде олардың отбасыларында құқық бұзушылықтардың қайталануы орын алмады. Сонымен қатар, Орталықтың психолог мамандары «Мобильдік топ» құрамына енгізіліп, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға жұмылдырылды, – дейді сала басшысы.
Биыл отбасы тұрмыстық қарым-қатынаста жасалған қылмыстар 32-ден 146-ға өскен. Жыл басынан бері 5 600 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Отбасылық қарым-қатынастардағы қылмыстар санының артуына 2024 жылы қабылданған жаңа заңнаманың ережелері әсер еткені байқалады. Жаңа баптарға сәйкес, «денсаулыққа жеңіл зиян келтіру» және «ұрып-соғу» қылмыстарының жауапкершілігі қатаңдатылған.
Әрине, ұрпақ тәрбиесі, жасөспірімнің болашағы прокуратураның ғана айналысатын міндеті емес. Жас ұрпақ тәрбиесі – бүкіл қоғамның міндеті. Бірінші жауапкершілік ата-анада болса, екінші білім беру ұйымдарының міндеті дер едік. Балаға тәлімді тәрбие мен лайықты білім беруде баршамыздың ұстанымымыз бір, мүддеміз ортақ. Қазіргі кезде жасөспірімдер арасында әлімжеттік, яғни буллинг мәселесі көп айтылады. Бірақ, мамандар қала мектептері ондай бассыздықтан ада екенін алға тартты. Дегенмен, қаладағы екі мектепте кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылық көбейген. Проблемалық білім ордаларының қатарында № 69 мектеп пен №125 мектеп бар. Сондықтан аталған білім ошақтарында буллингке қарсы бағдарлама енгізілді.
– Оқу-ағарту министрлігі KiVa бағдарламасын орнату үшін мектептерді анықтауды тапсырды. Біз осы екі мектепті бердік. Өйткені, оқу ордасында соңғы жылдары кәмелет жасына толмаған балалар арасында құқықбұзушылықтың көбеюі және суицидке бейім жағдай кездеседі. Бағдарлама негізінде оқушылар арасында әлімжеттік болса, жауапқа бала емес, ата-ана тартылады. Мұндай ереже тіпті, заңда да көрсетілген, – дейді Білім басқармасы басшысының орынбасары Гүлнар Дәрібаева.
Сонымен қоса, білім саласының маманы барлық білім беру ұйымдарында енгізіліп, жұмыс істеп жатқан, жалпыадамзаттық және ұлттық құндылықтарға негізделген «Біртұтас тәрбие» бағдарламасын алға тартады. Білім беру ұйымдарының барлық тәрбие жұмысының мазмұнында ұлттық мүдде, ар-ұят, талап сияқты құндылықтар көрініс тапқан бағдарлама нәтижесін берсін дейміз.
Салтанат ЖАМАЛДИНОВА