Жасыратыны жоқ, бүгінде қоғамда оңай олжаға кенеліп, тез байып кетуді көздейтіндердің әрекеті алаңдатады. Бұған маңдайы терлеп еңбек етпегеннің бағы жанбайтынын ескермейтін, мемлекеттің азғантай жәрдемақысына қол жайып, өзінің төмен тұрмысына кінәні биліктен немесе басқа біреулерден іздейтін тоғышарлардың көп болуы да себеп шығар. Дегенмен, жеңіл табыстың болмайтынын білсе де, кейбір адамдар өздерінің жауапсыздығы мен сауатсыздығынан алаяқтардың арбауына түсіп қалып жатыр.
Көпке алдамшы үміт сыйлап, жұрт есебінен шалқып өмір сүруді мақсат еткен Венера есімді шымкенттік бикештің бір өзі 40 адамды алдап, 61 млн. 410 мың теңгені қалтасына басқан. Ол «Әлемдік биржамен жұмыс істеймін, 14 күн мен 1 ай арасында ақша салымдарын 100 пайыздық үстемақымен қайтарамын» деп талай адамды сан соқтырыпты. Клиенттерінен 5-10 мың теңгеден емес, миллиондап алған екен. Бір клиентінің ақшасын екіншісіне беріп жүрген алаяқ әйел бұл кәсібін 400 000 теңгеден бастапты. Содан кейін салымшылардың сеніміне әбден кіріп алып, бір салымшының 20 730 000 теңгесін жымқырып кеткен.
Алаяқ Венера салымдарды үстеме ақысымен көбейту туралы жарнамаларды «WhatsApp» желісінде түрлі топтар ашу арқылы таратып отырған. Алғашқылары өз ақшаларын еселеп қайтарғандықтан, кейінгілерінде күмән тумаған көрінеді. Кейбір адамдар ойланбастан миллиондарын өздері апарып алаяқтың қолына ұстата салыпты… Бұл іс бұдан бес жыл бұрын Шымкент қаласының Еңбекші аудандық сотында қаралған.
«Ұрлық түбі қорлық» екені анық қой, ол жымысқы тірлігін қанша кәсіби дәрежеде мінсіз жүргіздім дегенімен, сәл ғана қателігінен қолға түсті. Бірақ бәрі де енді кеш еді. Осылай жалғанды жалпағынан басып жүре берем деген алаяқ әйел жаны қиналмай тапқан ақшаны аямай, есепсіз шашып, қылмысы ашылғанда оны қайтаруға шамасы келмей, темір торға қамалды.
Бұл істі қарап, оған нүкте қойған Шымкент қаласының Еңбекші аудандық сотының судьясы А.Орақбаева алаяқ әйелді 6 жыл 8 айға бас бостандығынан айыруға үкім шығарды. Алайда, қылмыскер сот үкімімен келіспей, Шымкент қалалық сотының қылмыстық істер жөніндегі апелляциялық алқасына шағымданғанымен, сот алқасы бұл істі қарап, аудандық соттың үкімін өзгеріссіз күшінде қалдырды.
Қабыл ДҮЙСЕНБИ,
Қазақстан Жазушылар және
Журналистер одағының мүшесі