Редакция таңдауы

ҚҰРЫЛЫС САПАСЫ ҚАТАҢ БАҚЫЛАУДА

Биыл Шымкент қаласы құрылыс басқармасы тарапынан келісім шарт талаптарын орындамағаны үшін мердігер мекемелерге, техникалық және авторлық қадағалаушыларға 176,5 млн теңге айыппұл салынып өндірілген. Сондай-ақ, «Корпорация Сити-строй» ЖШС мердігер мекемесі мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушы болып танылған. Бұл туралы басқарманың 10 айлық есебінде айтылды.

2024 жылдың 10 айын Шымкент қаласының құрылыс басқармасы ауқымды жұмыстармен аяқтап, келер жылды нақты жоспарларымен бастағалы отыр. Басқарма басшысы Олжас Тәжібаевтың айтуынша, биылғы жылы тұрғын үй, инфрақұрылым және әлеуметтік нысандар құрылысы бойынша бірқатар жетістіктерге қол жеткізілген.
– 2024 жылы 114 жоба аясында 154 нысанның құрылысы жоспарланып, оның ішінде 97 нысанның құрылысы жыл соңына дейін аяқталды. Ал, 57 нысанның құрылысы 2025 жылға өтпелі болып отыр. 92 көпқабатты тұрғын үйден жалпы ауданы 161,9 мың шаршы метр болатын 2 094 пәтер пайдалануға берілді. Сонымен қатар, 2 736 пәтерден тұратын 37 тұрғын үйдің құрылысы жалғасуда. – дейді басқарма басшысы.
Мемлекет тарапынан жастар мен әлеуметтік осал топтарға 1454 пәтер сатып алу үшін 29,6 млрд теңге бөлініп, 100 пайыз нысаналы топқа, яғни, 454 пәтер жұмыс істейтін жастарға, ал, 1000 пәтер халықтың әлеуметтік осал топтарына табысталды.
Құрылыс сапасын бақылау нәтижесінде, 2024 жылы 10 382 пәтерден 368 кемшілік анықталып, оның 360-ы қалпына келтірілді. Қалған 8 кемшілік бойынша жұмыстар жалғасуда. Жауапкершілікті орындамағаны үшін мердігер мекемелер мен қадағалаушыларға 176,5 млн теңге айыппұл салынды. Сонымен қатар, бір мердігер компания мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушы ретінде танылды.
Қала аумағында 13 инженерлік инфрақұрылым нысанының құрылысы жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар, басқарманың еншісінде 12 білім беру нысанының құрылысы бар. Оның ішінде 7 жаңа мектеп салынса, 5 мектепке күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Ұлттық жоба аясында 28 000 орындық 18 мектеп соғылып жатқандығы белгілі. Жоба аясындағы 11 мектеп құрылыс аяқталып тұр. 7 мектеп 2025 жылы аяқталады деп жоспарланып отыр екен. Сонымен қатар, 5 мәдениет, 2 спорт, 1 саябақ, 3 әлеуметтік қамтамасыз ету және тағы басқа нысандардың құрылысы белсенді түрде жүргізілуде.
– 2021 жылдан бастап 233 көпқабатты тұрғын үйге техникалық зерттеу жүргізіліп, оның 68-і сейсмонығайтуды қажет ететін, 67-сі апатты, ал, 98-і тұрақты жағдайдағы үйлер ретінде анықталды. Қазіргі таңда сейсмонығайту жұмыстарына арналған зерттеулер жалғасуда. Бұл жұмыстарды іске асыру үшін 2025 жылдың бюджетіне ұсыныс берілмек, – дейді сала басшысы.
Шымкент қаласының құрылыс басқармасы тұрғын үй құрылысы мен инфрақұрылымдық даму саласында үлкен қарқынмен жұмыс істеуде. Әлеуметтік маңызы бар жобалар мен сейсмологиялық қауіпсіздікке ерекше назар аударылып, қала тұрғындары үшін қолайлы орта қалыптастыруға бағытталған бастамалар жүзеге асырылуда.

С.ТҰРҒАНТАЙҚЫЗЫ

Соңғы жаңалықтар